Шаш күтіміне арналған оңай әрі нәтижелі әдістер

#Уход за собой

Бұрым – әйел адамның көркі. Ажарына көрік қосатын шашқа да ерекше күтім керек. Әрине, нарықта дайын түрлі маскалар мен сусабындар сатылады. Алайда, кейбірінің бағасы қымбат. Ал, өзгесінің сапасына 100% сенуге болмайды. Есесіне, бүгінгі Comode ұсынатын шаш күтіміне қатысты шаралардың нәтижесіне сөзсіз сенуге болады.

Біздің қоғамда шаштың түсуі үлкен мәселе. Әркім әртүрлі әдістерді қолданып әлек.

Солардың бірі - ақ қайың ағашының жапырағы. Ақ қайың жапырағының бір ас қасығын суға салып, 20-30 минут қайнатады. Одан кейін отты өшіріп, екі сағат көлемінде тұндыру қажет. Одан соң сүзіп алып дайындап қойыңыз. Әрбір басыңызды сусабынмен жуып болған соң осы тұндырмамен қайта бір шайыңыз.

Күнделікті тамақтың дәмін келтіретін пияз шашқа да сән береді. Әсіресе, пияздың қабығы шаштың түсуін тоқтатады. Ол үшін пияздың қабығын суға 20 минут қайнатамыз. Кейін сүзіп алып тастап, суытып қоямыз. Пияз суы суып үлгергенше мұқият басыңызды сусабынмен жуып алыңыз. Ал, жылы температурағдағы пияз суымен шашыңызды асықпай шайыңыз. Жақсы нәтижені көру үшін аптасына үш рет қайталаңыз. Небәрі екі-үш апта ішінде шашыңыздың түсуінің сирегенін байқай аласыз.

Шаштың өсуінің баяу болуы да құрамындағы дәрумендердің жетіспеушілігінен екен. Ал, бұл мәселенің шешімін табу үшін қалтаңыздағы барлық ақшаны жинап, сұлулық салонына немесе шаштаразға бару міндет емес. Өйткені, күнделікті асүйде қолданып жүрген зәйтүн майы, бал, дәмқабықтың көмегі орасан зор.

Бір асқасық зәйтүн майын ысытып алып, бір асқасық бал мен бір асқасық дәмқабықты қосасыз. Дайын болған қоспаны шаштың түбіне уқалап массаж жасау арқылы жағасыз. Шамамен 15 минут көлемінде шашымызда масканы ұстап, кейін жылы сумен жуып тастайсыз. Бірнеше апта үзбей жасаудың нәтижесінде шаш түбінің мықты әрі берік болғанын және қалыңдағанын байқайсыз. Одан бөлек үй жағдайындағы бұл маска бастағы қан айналымын жақсартады.

Жұмыртқаның сарысын бөліп алып, мұқият араластырған соң шашыңызға түгел жағып шығыңыз. Бұл процедура сабырлықты талап етеді. Өйткені, шашыңыздың түбінен бастап ұзындығы бойынша асықпай жағу ұзақ уақытты талап етеді. Одан кейін полиэтилен пакетімен шашыңызды 15 минут көлемінде жауып қойыңыз. Уақыт өз мәресіне жеткен кезде мұқият жуыңыз. Бұл әдіс шашыңыздың нәрленіп, жылтырап тұруына үлкен көмегін тигізеді.

Жұмыртқа мен балдың қосындысы шаш күтіміне арналған таптырмас маска. Бұл әдісті қолданушылар тек оң пікір жазып, ризашылығын білдіреді. Жасалу әдісі де оңай. Бір жұмыртқаның сарысы мен бір асқасық балды мұқият араластырасыз. Дайын болған қоспаны әлі жуылмаған шашқа жағасыз. Және шаштың түбіне уқалаған әдіспен массаж жасап жағуды да ұмытпағайсыз. Он минут көлемінде шашта ұстап, одан кейін мұқият сусабынмен жуасыз. Бұл әдістен кейін шашыңыздың жылтырап, құлпыра түскенін байқай аласыз.

Егер шашыңыз құрғақ әрі әлсіз болса бір асқасық қышаға үш асқасық бал, жарты асқасық зәйтүн майын араластырып, шаштың түбіне асықпай жағамыз. Одан кейін 15 минут көлемінде орамалмен шашыңызды орап қоясыз. Уақыт өткен соң мұқият жуып тастайсыз.

Ал, керісінше майлы шашқа бұл әдіс мүлдем жарамайды. Ол кезде бір асқасық қышаға бір асқасық лимон суын құйып, бес минутқа тұндырып қоясыз. Дайын болған кезде шаштың түбіне жағып, 15 минут жылы орамалдың астында ұстайсыз. Одан кейін жуасыз.

Қызыл бұрыштың да шаш күтімінде атқаратын рөлі үлкен. Қызыл бұрыш, майлы айран және балды араластырып, шаштың түбіне массаж жасай отырып жағасыз да орамалмен орап қоясыз. Жарты сағаттан соң мұқият жуып тастайсыз. Бұл құрғақ шаштарға арналған әдіс. Бұл тәсілдің нәтижесінде шашыңыз жібектей жұмсақ әрі әдемі болады.

Боялған шаштарды емдеу үшін: жарты бананды езіп, жұмыртқаның сарысын, балды, бір асқасық лимон шырынын араластырасыз. Бұл езбені күнделікті өмірде сусабынның орнына қолдансаңыз жеткілікті.

#ШАШ КҮТІМІ, #үй жағдайындағы маскалар, #шаштың түсуін тоқтату, #шашты қалыңдату

Загрузка...