Халал косметика жайлы 5 ақпарат

#Уход за собой

Көктем мезгілі қыз-келіншектерге өзгеше әсер етсе керек, наурыз айының алғашқы күнінен бастап нәзік жандылар құлпырудың, жасарудың амалдарын іздеп, опа-далап таңдауға кіріседі.

Сондай ізденіс барысында «халал» деген құжаты бар опа-далаптарды кездестірері анық. Себебі, қазір олар сәнде. Алайда, «халал» деп бөлінген опа-далаптардың қандай ерекшеліктері бар? Қалай таңдаған дұрыс? Тағы да басқа сауалдарға Halal’Cosmetics брендінің маманы Алимкулова Камшаттан (@halal_cosmetics_astana) сұрап білдік.

Халал косметика тарихы Таяу Шығыс пен Малайзия елдерінде алғаш бастау алған. Бүгінгі таңда АҚШ, Ресей секілді елдердің нарығында үлкен сұранысқа ие. Алғашқы жылдары тек ерінге арналған далап, көз бояғыш пен сүрме шығарған. Ал, қазір кез-келген: бет, шаш, дене күтіміне арналған өнімдер мен декоративтік косметикалар шығарылуда.

Мұсылмандардың қажеттілігін орындау мақсатында жасалған. Кез-келген мұсылман әйел, тіпті, ол никаб кисе де ері үшін боянады. Себебі, еркектер көзбен жақсы көреді, сұлулыққа құмар. Ал, ері үшін сұлу болғысы келетін әйел опа-далап таңдаған кезде «халал» деген діни басқарманың рұқсатына, құрамына назар салады. Өйткені, опа-далаптардың құрамындағы көптеген қоспалар шариғатқа қарсы болуы мүмкін. Бүгінгі біздің нарықта халал опа-далаптарға сұраныс жоғары, алайда өндірілетін тауарлардың саны мен түрі шектеулі. Халал косметиканың жасанды немесе  шынайы түрі деген болмайды. Себебі, бұл куәлікті алу үшін толық зерттеу жүргізіледі. Құрамы зерттеледі. Содан кейін ғана рұқсат беріледі. Одан бөлек әр халал өнімді өндіруші Алладан қорқады. Сондықтан, аталмыш бағытта жұмыс жасаудың жауапкершілігі екі есе көп.

Басты айырмашылығы – ағзаға қауіпсіздігі. Халал косметика 100% шариғат талаптарына сай жасалады. Құрамына таза бадамгүл (миндаль), шабдалы, итмұрын секілді табиғи өнімдер қосылады. Аты айтып тұрғандай халал опа-далаптардың құрамына харам қосуға үзілді –кесілді тыйым салынған. Яғни, денсаулыққа зиянды химиялық немесе уландырғыш қоспалар: жануардың майы, формалин немесе фенол (шайыр өндірісіндегі қоспалар), желатин (мал сүйегінен шығарылатын дәмі, иісі жоқ мөлдір желім), спиртті өнімдер болмайды.  Халал косметика әдеттегідей химиялық қоспалардың септігінен жасанды иіспен басыңызды ауыртпайды. Керісінше, құрамындағы өнімдер: имбирь, жалбыз, ақжұпар т.б. табиғи иістерін жоғалтпай, керемет хош иіс береді. Басты мақсаты да денсаулыққа еш залалсыз, сұлулықты әрлендіре түсіру.

Халал өнімді тек мұсылмандар ғана таңдайды деу қателік. Кез-келген опа-далапты таңдайтын тұтынушы құрамын оқиды. Және денсаулыққа ешқандай да қауіпі жоқ өнімді еш күмәнсіз сатып алады. Халал косметика нарыққа жаңадан енсе де, теледидарда күнде жарнамалап жүрген танымал кей брендтерден де жоғары нәтиже көрсетуде. Біздің статистика бойынша, халал опа-далаптардың 75% тұтынушылары ислам дінін ұстанбайтын жандар. Олардың қатарында вегетариандар да бар. Және бұл өнімдер ұлт, нәсіл, дін, тіпті, жас та талғамайды.

Халал опа-далаптардың бағасы қолжетімді. Бірақ, кейбір қазақстандық үшін қымбат көрінуі мүмкін. Өйткені, орташа айлық бізде көп емес. Алайда, бір алған крем немесе сусабын, сабын немесе өзге опа-далаптар өте ұзақ уақытқа жетеді. Және нәтижесіне де оңай әрі тез қол жеткізе алады.

#халал, #халал косметика, #халал опа-далаптар, #харам, #шариғатқа сай опа-далаптар, #шариғатқа сай бояулар

Загрузка...