Ең арзан әрі тиімді бет күтімінің тәсілдері

#Уход за собой

Әлемді құтқаратын да, қопаратын да – әйелдің сұлулығы. Кез-келген еркек әйелдің ішкі сұлулығы маңызды деп айтуы мүмкін. Бірақ, ең бірінші көздері тән сұлулығына түседі, содан кейін ғана жан сұлулығына көңіл бөледі.

Ал, әдемі көріну үшін сұлулық салонына барып қалтаңызды жұқарту міндет емес. Асханаңыздағы дәнді-дақылдар, жеміс-жидек, көкіністер бет күтіміне арналған таптырмас дәрумен екенін ұмытпаңыздар.

Жұмыртқа – қара дақтың шешімі.

Иә, таңғы асқа қуырып немесе суға пісіріп жейтін жұмыртқаның бетке пайдасы зор. Әсіресе, мұрынның үстіндегі қара дақтармен күресу үшін арзан әрі нәтижелі маска жасауға болады. Шикі жұмыртқаның ағын бөліп алып, мұрныңыздың үстіне мұқият жағаңыз да үстіне кішкентай майлық (салфетка) жапсырып қойыңыз. Кемінде 20-30 минут тұру керек. Уақыт мәресіне жеткен кезде бірден жұлып алыңыз да майлыққа қарап көріңізші. Қара түктердің жұмыртқаның ағымен бірге қалай алынғанын байқауға болады.

100 аурудың емі – хельба.

Хельба – Еуразия құрлығының оңтүстік жағалауларында кең тараған өсімдік. Шай ретінде 100 ауруға шипа шөпті бет күтіміне де қолдануға болады.  Хельбаның дақыл түрі сатылымда үлкен сұранысқа ие. Бір уыс аталмыш дақылды суға мұқият пісіріп алып, езгіш құралдың (блендер/миксердің) көмегімен езбеге айналдырасыз. Дайын қоспаны бетіңізге жағасыз. 10-15 минуттан соң мұқият жылы сумен жуып, қолыңызбен уқалап, массаж ұмытпаңыз. Бұл тәсілді күнделікті үзбей қолдану арқылы бетіңіздегі әжімдерді кетіруге мүмкіндігіңіз бар.

Сұлы жармасы – сұлулықтың сыры.

Сұлы жармасын таңғы асқа пісіріп жесеңіз күні бойы асқазаныңыз тоқ, күшіңіз көп, көңіліңіз көтеріңкі жүреді. Бұған дейін сіздің асханада сұлы жармасының иісі тек таңғы уақытта шығатын болса, енді уақыт кестесі өзгермек. Өйткені, таңғы бет күтімі үшін жарманы кеште дайындау керек болады. Сұлыны әуелі суға қайнатып, суы тартылған соң үстіне сүт құйып, он минут бұқтырып қоясыз. Дайын болған соң бір түнге тоңазытқышта салуды естен шығармаңыз. Таңертең беті-қолыңызды жуып болған соң түнде дайындаған масканы жағып алыңыз да, таңғы асыңызды асықпай дайындауға кірісе беріңіз. Шамамен 15-20 минуттан соң бетіңіздегі масканы жуып тастаңыз. Бұл әдіс күндізгі кремнің рөлін атқарады. Тек органикалық, ешқандай химиялық қоспасыз, таза өнім. Яғни, нәтижесін де бірден байқалуға болады.

Сұлы жармасының қара дақтар мен бөртпелерге де көмегі көп. Бір асқасық сұлы жармасын суға салып, 10-15 минут бұқтырып алыңыз. Үстіне бір асқасық ас содасы мен бір асқасық лимон суын қосыңыз. Десе де, бет теріңіз құрғақ әрі сезімтал болса лимон суының орнына айран қолданғаныңыз абзал. Дайын болған масканы бетіңізде 10 минут ұстаңыз. Кейін жылы сумен жуып, бетіңізге крем жағыңыз. Бұл масканы аптасына екі рет қолдану арқылы өзгеріске көзі жеткізуге болады. Әсіресе, жасөспірімдер үшін бұл таптырмас тәсіл.

Түймедақ – жүзіңізге әр береді.

Түймедақтың иесін барлық нәзік жандылар жақсы көретін шығар. Алайда, көпшілігі түймедақ арқылы бетті тазалауға болатын біле бермейді. Жасалу әдісі тіпті оңай. 15-20 минут көлемінде түймедақпен дайындалған ыстыққа бетіңізді парлайсыз. Бетіңізді булайтын кезде толықтай орамалмен басыңызды орап, мұқият терлеуге тырысыңыз. Бұл тәсіл беттегі жасушаларды  жиналған кір-қоқыстан тазалайды. Аптасына екі рет қайталау арқылы жүзіңізге нұрланып, әрленгенін байқай аласыз.

Кофе – ұйқының ғана емес, майдың да жауы.

Ұйқымызды ашып, сергектікті сезіну үшін кофені жиі қолданасыз ба?! Ал, сол хош иісті кофе майлы беттің қасы жауы екенін естідіңіз бе? Бетіңіз майлы болып, көңіліңізді жайландырмай жүрсе мына масканы жасап көріңіз. Бір асқасық кофе, жарты асқасық бал және екі қасық суды мұқият араластырамыз. Дайын болған қоспаны бетімізге массаж жасай отырып жағып, 15-20 минут тек жақсы нәрселерді ойлап миымызды да, ойымызды да, жүрегімізді де демалдырамыз. Жақсы әуен, қызықты бағдарлама көріңіз. Жан мен тән тыныштығы үйлесім тапқан 20 минут сіздің сұлулығыңыздың кепілі болмақ. Уақытыңыз мәресіне жеткен соң мұқият жуып, бетіңізге зәйтүн майын жағыңыз. Бұл процедураның нәтижесін шамамен бір айдан соң бетіңізден анық байқай аласыз. Тіпті, алғашқы қолданыстың өзінде көңіліңізден шығатынына сенімдіміз.

Аспириннің пайдасы.

Бетіңізді өлі жасушалардан арылтып, терең тазартып, пилинг жасау үшін қатты шығындалудың қажеті жоқ. Бір таблетке аспиринге (ацетилсалициловая кислота) жарты асқасық жылы суды қосып ерітіңіз. Ерітіндіге бір асқасық балды араластырыңыз. Дайын болған қоспаны бетіңізге жағыңыз. 10 минуттан соң жылы сумен мұқият жуып, крем жағыңыз. Мұндай үй жағдайындағы скраб бетіндегі кішкентай бөртпелері (прыщик) бар адамдарға лайықты.

#аспирин, #бет күтімі, #үй жағдайындағы маскалар, #кофеден маска, #лимон маскасы, #балдың пайдасы, #сұлы жармасы

Загрузка...