Картинка
Мода и стиль

Тюрбан тағу тәсілдері

Шолпан, бүгінгі таңда тюрбан style саласын дамытып жүрген келіншектердің бірісің. Тюрбанға  қызығушылық қашан басталды?

Мен – келінмін. Сондықтан, кез-келген қазақтың келіні ретінде бастапқыда орамал тағып жүрдім. Оның үстіне түскен әулетімде намазхан жандар, күйеуімнің достарының әйелдері де ақжаулықтарын шешпейтін арулар. Олардың орамал тағу әдістеріне қызығып қарайтынмын. Кейін күйеуім маған орамалдың нығметін, орамалдың парыз екенін түсіндіріп, үнемі орамалмен жүруімді сұрады. Гастрольдік сапарлардан оралғанда реті келсе сыйлыққа орамал әкеліп беретін. Мұның бәрі менің орамалды өзіме серік етуіме себеп болды.

Қазір әдемі әрі ерекше етіп тағып жүретін тюрбан әдістерін қайдан және қалай үйрендіңіз?

Бірде жанымда жүретін абысыным үйге орамалды әдемі етіп тағып келіпті. Сол кісінің тәсілімен тағып айнаға қарасам керемет жарасып қалған екен. Содан кейін лезде ғаламторды ақтарып, тюрбан тағу түрлерін үйрене бастадым. Әлі күнге дейін ізденіп жүремін. Өзімнің қиялымды ұштастырып, өзгеше етіп байлауға тырысамын. Менің гардеробымда орамалдан көп дүние жоқ. Түрлі-түсті орамалдар, шарфтар, тіпті маталар да бар.

Бүгінде үш баланың анасысыз. Үнемі айнаның алдында тұрып ұзақ уақыт орамалды сәндеуге қалай үлгересіз?

Әрине, әйел адам болғандықтан бәріне үлгеруге міндеттіміз. Баламызға да қарап, еріміздің де қалауын тауып, ризашылығын алып, өзімізге де көңіл бөлу біздің жазылмаған борышымыз десем де болады. Балаларымның аралары бір жас, өзара тете. Сондықтан, мен жұмысқа шықпадым. Әзірге үй шаруасына, бала тәрбиесіне назар салуды мақсат еттім. Бәлкім, болашақта ойымдағы сантүрлі мақсаттарымды қолға алатын шығармын. Ал, айнаның алдында сағаттап тұрамын деп айта алмаймын. Бастапқы кездері орамалды жарасымды байлау үшін біраз уақыт жұмсап, қиналатын едім. Қазір қолым жаттығып қалғандықтан тез-тез, әп-әдемі етіп байлай саламын. Ең бастысы, ниетіңіз болса бәріне де үлгеруге болады.

Жолдасыңыз танымал өнер иесі. Әншінің жары болу қиын емес пе?

Әншінің әйелі болу оңай емес. Мен махаббатқа мас болып тұрмысқа шықтым. Өмірдің, өнердің қиындығы туралы ештеңе ойлаған жоқпын. Бастапқыда кәдімгідей қиын болды. Жиі жылап, әр нәрсені көңіліме алып қалатын едім. Міне, биыл үйленгенімізге бес жыл. Бәріне үйрендім. Ол кісінің жиі үйде болмайтыны, үнемі гастрольдік сапарда жүруі, түнде студиядағы жұмыстарының қайнайтыны да қазір мен үшін үйреншікті. Үнемі азаматыма қолдау көрсетіп, әр істе моралды демеу болуға тырысамын. Себебі, өнер адамдарына ерекше бап керек.

Алғашқы таныстықты еске алайықшы...

Отағасымен әлеуметтік желіде таныстым. Ол кезде «мой мир» хит болатын. Сол парақша арқылы ең алғаш рет ол кісі өзі маған жазып, танысуға ниет білдіреді. Алғашқыда аса мән бермедім. Бірнеше мәрте жазғаннан кейін ғана жауап бердім. Сол ғаламтор арқылы сөйлескен кезде-ақ тектілігі, тәрбиелігі, адамгершілігі бірден байқалды. Алайда, бір ай бойы телефон нөмірімді бермей қинағаным бар. Кейін көңіліме ұнай бастағасын телефон нөмірімді беріп, төрт ай қыз – жігіт болып сөйлесіп, маусым айында екі жарты бір бүтінге айналдық.

Сіздің танымалдылыққа жасаған алғашқы қадамдарыңызды қолдайды ма?

Шынымды айтсам, мен танымал болу үшін амал жасап жүрмін деп айта алмаймын. Бар болғаны қазіргі заманның хиті болған инстаграмдағы өз парақшамды әдемі әрі сапалы, саналы жүргізуді мақсат еттім. Кейбірі «Меломендік» Қайраттың әйелі деп, енді бірі тюрбан байлау тәсілдерін үйрену үшін тіркеледі. Жалпы ғаламтордағы белсенділігімді күйеуім қолдайды. Егер ол кісі қарсы болса мен ешқандай сайттарға тіркеліп, парақшаларымды ашпас едім. Мені қолдап, сенгені үшін азаматыма дән ризамын. Алла разы болсын деймін ол кісіге. 

Гардеробтағы орамал мен шарфтарға да ерекше күтім қажет екенін ұмытпаңыз. Түсі өзгеріп, сапасы төмендеп, жарамсыз болып қалудан қорқасыз ба? Ендеше, ойланбастан Perwoll жуғышын таңдаңыз.  Perwoll - ең ұқыпты әрі сапалы жуғыш құралы. Және орамалыңыздың, киіміңіздің түсін еш өзгертпейді.