-->

Нұржан Еркінұлы: Алматыда ешкімге керек емес болып қалдым

#Своими словами

Бір күні Нұржан өмірін күрт өзгертіп, туған қаласы Қызыл Ордадан Алматыға кетіп қалды. Бастан өткен қиыншылықтарға қарамастан, ол оңтүстік астанадан да өз орнын таба білді. Бүгін ол - танымал комментатор, сценарист, теле және радиожүргізуші.

Нұржан Еркінұлы: Алматыда ешкімге керек емес болып қалдым

Нұржан, Алматыға қашан келдің?

Алматыға 2006 жылы оқуға түсуге келдім. Негізі, мен мектепті 2003 жыл бітіріп, туған қалам Қызыл Ордада оқуға түскенмін. Бірақ, мен таңдаған мамандық сол жылы жабылып қалды. Содан кейін біраз уақыт оқуға түспей жүріп қалдым.

Сол жылдары немен айналыстың?

Жұмыс істедім. Түрлі жұмыстармен айналысқанмын. Құрылысшы да болдым. Бірақ, өзім радиода жұмыс істеуді армандағанмын. Ол кезде Қызыл Ордада адамдар теледидардан гөрі, радиоға құштар еді. Әрбір отбасы радио тыңдайты. Радиоға телефон шалып, ән тыңдауға тапсырыс беретінбіз. Ол кезде қаламызда СЕТА және Премьер ФМ деген екі радио болған. СЕТА-ны адамдар көбірек тыңдайтын, рейтингы Премьер ФМ-ге қарағанда әлдеқайда жоғары еді. Және олар жүргізушілерге арналған кастингты жиі өткізетін. Мен қанша барсам да, мені алған жоқ. Амалы қанша, солай тыңдаушы болып қала бердім. Тыңдаушы ретінде Премьер ФМ-ге телефон шалып, жиі-жиі сүйікті әндеріме тапсырыс беретінмін. Бір күні сол тапсырыстарды қабылдайтын қыздардың бірі маған жүргізуші болуды ұсынды. Сөйтсем, оларға менің дауысым ұнап қалыпты. Бардым, дауысымды тыңдап көрді, ұнадым. Солай, радиожүргізуші болдым.

Сәті түскен екен!

Ия, сәті түсті десе де болады. Бірақ, ары қарай бәрі дәл солай сәтті бола қойған жоқ.  Радиода еш тәжірибем жоқ. Дауысым қойылған жоқ. Эфирде дауысым мүлдем анық шықпайды екен. Бұлай болмайды, деп, өзім іздене бастадым. Дикторларға арналған түрлі жаттығуларды таптым, ауызыма жаңғақ толтырып сөйлеп жаттықтым. Қысқасы, сол еңбектің арқасында аз уақыт ішінде кәсіби радожүргізушілер сияқты сөйлеп үйрендім. Одан кейін танымал бола бастадым. Қызыл Ордада сол кезде кәдімгідей жұлдыз болып кеттім (күледі)! Барған жерде адамдар қонақ сияқты күтіп алатын еді.

“Қой, мына қала мен үшін тар, Алматыны бағындырайын” дедің сосын?

Ия, дәл солай. Қызыл Ордада мен бұдан әрі өспеймін деп, Алматыға кетіп қалдым. Бұл шешімді аяқ астынан қабылдадым. Себебі сол жылы тағы да оқуға түсуге дайындалып жүргенмін. Радионың бастығымен де жақсы қарым-қатынаста болдық. Ол да маған оқуға түс деп, көмектесуге уәде берді. Мен ешкімді тыңдамай, Алматыға кетіп қалдым.

Ал Алматыда қандай оқуға түсетініңді, қай жерде тұратыныңды жоспарлап келдің бе?

Жоқ. Ең басты мақсатым радио еді ғой. Басында туысқандарымның үйінде тұрдым. Жүргенов өнер академиясына құжаттарымды тапсырып қойдым. Бір күні кешкі сағат 8-де үйге келсем, туысқандарым мені іздеп, уайымдап жатыр екен. Мен еркін өмір сүріп үйренген адаммын ғой ол кезде. Қызыл Ордада мені нешеде кетіп, нешеде келіп жүргенімді ешкім қадағалаған жоқ. Алайда, бір жаман оқиғаларға да ұрынған емеспін. Өзімді қадағалағанға көнбейтінімді біліп , жатаханаға көштім.

Әдетте,  қалаға келген студенттерге ақшаны ата-анасы жіберіп тұрады. Сенде де солай болды ма?

Жоқ. Мен радиода істеп жүргенде, жалақым жақсы болатын. Ақшаны көп шашатынмын. Бірақ, ертеңімді де ойлайтын едім. Сондықтан, Алматыда өзім жинаған ақшаға тұрдым. Бірақ, студенттік ғұмырым ұзақ болған жоқ. Оқудан шығып кеттім.

Неліктен?

Теарт, кино, актер болу – бұның бәрі менікі емес екенін түсіндім. Деканмен де, сол жердегі оқытушылармен де қарым-қатынасым жақсы еді. Олар мені бір-екі рет қайтарып көрген. Мен қайта оралып, қайта кетіп қалдым. Өзім сондай адаммын, түсінген шығарсың: ұнамайтын нәрсемен өлсем де айналыспаймын.

Ал ұнатқан нәрсең не еді?

Радио. Бағана айтқанымдай, әлі радионы аңсап жүрген едім. Өзімше жұлдыз болып келгенмін ғой. Қызыл Ордада “Нұржан” десе, адамдар ішкен асын жерге қоятын. Ал Алматыға келсем, мен ешкімге керек жоқ екем. Бұл жерде мен сияқты жүргізушілер толып тұр.  Мен үшін бұл кәдімгідей жаңалық болды! Жағымсыз жаңалық! Бір радиоға барам, демо жазбаны қалдырып кетемін, ал олар хабарласпайды. Екінші радиоға барамын, ол жерде де дәл солай. Бармаған радиостанциям жоқ. Сосын барып түсіндім: мен бұл жерде ешкіммін. Ешқандай жұлдыз емес екем. Былайша айтқанда – ноль. Маған Алматыда бәрін басынан бастау керек екенін түсіндім.

Қателеспесем, бастамасы Авто радио еді.

Ия, дұрыс. Мен Қызыл Ордада жүргенде Қалдыбекпен танысқанмын (Қалдыбек Жайсанбай). Сол кезде ол Алматыда радиода жұмыс істеген. Бір жылдай Қалдыбекке қайта-қайта телефон шалып, “жұмыс бар ма?” деп мазалайтынмын. Бір күні ол хабарласып, Авто радиода жаңалық оқитын адам керек деді. Ешқашан жаңалық оқымаған мен, бірден келістім. Сөйтіп, жаңалық оқып, журналист болып кеттім тіпті. Сосын ойын-сауық бағдарламалары ашылды, соларды жүргіздім. Сөйтіп жүріп, бір күні Европа плюс радиосына жүргізуші керек дегенді естідім. Европаға кетіп қалдым. Европа біраз уақыттан кейін Ретро ФМ болып кетті. Екі толқынның ауысқаны есіңде шығар? Біздің ұжым оны қолдамағанымен бәрі сол жерде енді Ретро ФМ жүргізушілері ретінде қалды. Мен тағы да ұнамайтын нәрсемен айналыспаймын деп, жаңа Европаға кетіп қалдым. “Алехандроны” “Арлекиноға” ауыстырғым келген жоқ.

Радиодан басқа сен футболды жақсы көретініңді бәрі біледі. Челсидың жанкүйерісің. Еліміздегі санаулы футбол комментаторларының бірісің. Оған қалай келдің?

Мен футболды бала кезімнен ұнатамын. Радиода да көп жағдайда футбол тақырыбында әңгіме қозғайтынмын, футбол жаңалықтымен бөлісетінмін. Бір уақытта комментатор болуды армандай бастадым. Бұйыртқандай, біздің радиостанциямызға көрші радиода Сергей Райлян жұмыс істеп жүр екен. Оны білмейтін спорт сүйер қауым жоқ. Онымен қалай таныссам деген ой маза бермеді маған. Әйтеуір, бір күні түнде радиодан шығып келе жатқанда, екеуіміз далада кездесіп қалдық. Бар орысшамды қосып “Меня зовут Нуржан. Я хочу быть комментатором” дедім.

Яғни, кез-келген қалаға келген адам, атақыты комментаторға түнде келіп “я хочу быть комментатором” десе болды ма?

Айттым ғой, менің өмір бойы сәтім түсіп жүреді ме, білмеймін. Әйтеуір, адамдармен бір араласып кетсем болды, дос бола қаламын (күліп). Сергеймен де солай болды. Екеуіміз жақсы араласып кеттік. Ресейден келген комментаторлардан үйренгенін маған үйрететін. Екі жыл бойы дайындалдым. Сергейге көп рахмет айтқым келеді! Бізде еш жерде комментатор дайындайтын оқу орын жоқ. Бар білгенімді сол кісіден үйрендім. Ол кезде Европа мен КТК бір ұжым болған. Сондықтан КТК Чемпиондар Лигасын көрсету құқығын сатып алып, комментаторлар керек болғанда, бірден сол арнаның комментатор болып орналасытым.

Сені тыңдасаң, бәрі оңай болған сияқты.

Мен вообще везунчикпын, айтып тұрмын ғой!

Қалаға келген адам үшін ең ауыры не?

Кез-келген нәрсе қиын. Үйден 5 қадам аттасаң, мүсәпірсің деп бекер айтылмаған ғой. Үйдің жоқтығы, тамақтың жетіспеушілігі, тіл мәселесі. Ауылдан келгендер орыс тілді білмейді. Бірақ ең бастысы, өзіңе деген сенім болу керек.

Оны қайдан алу керек?

Мен былай жауап берейін: біздің қазақ балаларын дұрыс тәрбиелемейді көп жағдайда. Тракторшының баласы тракторшы болып қалады. Ол басқа маман болу мүмкіндігін қарастырмайды да! Біз балаларымызды өте сирек мақтаймыз. Көп жағдайда “қой! Көзге түсе берме!”, “жоқ нәрсені армандама” деп жатамыз. Балаларды мақтап, қолдаса, өзіне деген сенім содан болады деп ойлаймын.

Қалаға жалғыз келгеннің өзі қиын, ал отбасын құрған қалай?

Оңай емес. Қазір тіпті қиын. Әсіресе, тұрақты жұмыспен айналыспайтын адамдар үшін. Ақша бүгін бар, ертең жоқ болса, отбасы үшін ол өте қиын.

Мансап керек емес, ақша маңызды емес. Сонда не керек?

Арман керек. Үлкен-үлкен нәрселерді армандау керек. Менің барлық армандарым орындалды. Радиожүргізушісі болсам екен дедім. Болдым. Комментатор болсам ғой дедім. Комментатор болдым. Үйленсем екен, бір ұл, бір қызым боласа екен дедім. Бәрі де ойдағыдай орындалды. Мен неге сол кезде Назарбаевтың көмекшісі болуды армандамадым деп ойлаймын?

Қазіргі арман қандай?

Француз мейрамханасын ашу. Мен Алматыға келгенде, ақша тапсам, бірден қымбат жерге барып, тамақ ішкенді ұнататынмын. Сонда өзімнің де мейрамханам болса ғой деп ойлайтынмын. Сосын Лондонға барып тұрғым келеді. Челсидың әрбір матчына қатысушы едім.

Қатты қиналған кезің болды ма? Қолыңды бір сілтеп, ауылға қайту ойыңда болды ма?

Қанша қиналсам да, ауылға қайтамын деген ой болған емес. Бірақ, қанша талпынғанмен ештеңе шықпаса, ауылға барып, демалып, қайта оралғанда еш ұят жоқ деп ойлаймын.

Адамды ауылдан шығаруға болады, адамнан ауылды шығаруға болмайды дегенді қазір жиі айтып жатады. Келісесің бе?

Ия, келісемін. Аулдың адамдары қалаға тұрғындарына қарағанда жұмсақ, қарапайым. Бірақ, көрінген жерде қоқыс тастап, түкіре беретін жаман әдет те бар. Одан арылуға уақыт керек. Өзім де басына сондай болатынмын. Қазір әйелімнің көмегімен өзгердік қой (күліп).

Қалаға келемін деген адамдарға қандай кеңес берер едің?

Алаңдамау керек. Біреу барған жерге сен де барғың келеді. Біреу киген киімді, сен де кию керексің. Біреу ұстаған телефоны сен де ұстағың келеді. Ондайдан аулақ болған жөн. Мақсат болу керек.

Бақытты болудың 5 шарты қандай?

Әрқашан күлімсіреп жүру. Жылы үй. Тамақтың тоқ болуы. Киімнің бүтін болуы. Жыныстық қатынастың жиі болуы.

Сұхбатқа дәл солай жазайын ба?

Дәл солай жаз.

Фотограф Георгий Чумаков

#Нұржан Еркінұлы

Загрузка...