Жарасымды сөмке таңдаудың құпиясы

#Что, Где, Когда?

Әр образға дұрыс аксессуар таңдай білу үлкен шеберлік. Ол сіздің киіміңізді мүлдем өзгертіп, жаңа тыныс береді. Сондай аксессуарлардың қатарына қыз-келіншектердің әлсіздігі болып табылатын сөмкелер де кіреді.

Сөмке – ол жай ғана әдемі әрі ыңғайлы аксессуар емес. Өзі кішкентай болса да, ішінде көптеген қажеттіліктер бар құнды дүние. «Әйелдің сөмкесінде не жоқ?» десе кейде ер азаматтар қауымы «тәртіп жоқ» деп әзілдейді. Бұл да рас. Шағын ғана сөмкеде сұлулықтың сыры болатын опа-далаптар, жұмысқа тікелей қатысты қағаздар мен құжаттар да, жеке бас гигиенасына қатысты тазалық дүниелер де, аналардың сөмкесінде балаларының да заттары болады. Ал, осындай дүниелердің жиынтығына айналған сөмкені дұрыс таңдау өте маңызды.

Сөмкенің көлемін дұрыс таңдаңыз. Әйел адам үшін сөмкенің көлемін анықтап алу, өмірлік серігін таңдағаны секілді маңызды рөл атқарады. Егер де сіз үнемі жаныңызда бірге жүретін серігіңізді іздесеңіз, яғни, ол сөмкені дүкенге де, жұмысқа да, тойға да ұстауға ниетті болсаңыз орташа көлемді таңдаңыз.

Орташа көлемді сөмкенің ішіне рет-ретімен құжаттарды да, опа-далаптар мен қосымша қажетті заттарыңызды да сыйдыруға болады. Ең бастысы, реттілікті ұмытпаңыз.  Ал, егер сіз қосымша пакет немесе өзге сөмкелер ұстағанды ұнатпасаңыз үлкен көлемді сөмкені таңдағаныңыз жөн.

Егер де сіз жинақы жандардың қатарына кірмейтін болсаңыз, бірнеше қалтасы бар сөмкелермен дос болыңыз. Сол кезде әр зат өз орнын таба алады. Және сөмкенің ішкі қалтасы болса тіпті, нұр  үстіне нұр болды. Мұндай қалталар сақтықты талап ететін кілт, әмиян немесе ақша секілді заттарды салуға қолайлы.

Айтпақшы, сөмкелерді таңдаған кезде салмағына да мән беріңіз. Кейбір шағын сөмкелер үлкен дорбалардың салмағынан 2-3 есе ауыр болуы мүмкін. Күні бойы сөмкеңізді арқалап жүруге тура келсе, ойланбастан жеңіл әрі қолайлысын таңдаңыз. Өйткені, ауыр сөмке адам ағзасына ауыр салмақ салып, зиянын келтіреді.

Сөмкенің формасына да назар салыңыз. Егер сіздің жұмысыңыз кеңсемен және құжаттармен байланысты болса, конверт-сөмкелер таптырмас нұсқа болып есептеледі. Ал, ондай форманы аса ұнатпасаңыз, көңіл хошыңыз үшін қалың әрі құжаттарды еш зақымсыз сақтайтын «портфель сөмкелерді» қарап көріңіз. Бәлкім, сіз іздеген нұсқа осы шығар.

Жұмсақ әрі формасы жоқ сөмкелер шопинг кезінде керемет серік болмақ. Өйткені, ішіне көп нәрсе сыяды. Ал, екіншіден құлағы үзіліп, тігісі сөгіліп кетеді деп қорқудың еш қажеті жоқ.

Түсіне де мән беріңіз. Кезек сөмкенің түсіне келді. Бұл кезде бәріміз бірден аяқ киім сөресіне көз тастаймыз. Алайда, қазіргі кезде аяқ киім мен сөмке бір түсте болсын деген заңдылық жоқ. Керісінше, сөмкеңіз киіміңіздің арасында жоқ ерекше түс болсын. Себебі, бұл аксессуар жекешеленгенді жақсы көретінін ұмытпайық.

Бір басыңызда көп сөмке болғанын қаламасаңыз, классикалық түстердің бірін таңдаңыз. Олар: ақ, қара, қоңыр. Бұл түстер кез-келген киіммен жарасымды көрінеді. Сондай-ақ, жирен (рыжий) және қоңыр-қызыл түсті сөмкелер үнемі сұраныста болмақ.

Ал, сөмкені әлсіздігім деп білген әр нәзік жанды кез-келген түсті таңдай алады. Тек қолданған кезде ең болмағанда тамшыдай болса да, сөмке түстес белгі болуы керек. Тым ашық түсті сөмке ұстаған кезде  аяқ киіміңіздің түсі керісінше болғаны абзал.

Былғары сөмкенің басты талаптары:

  1. Ешқашан арзан былғарыға жүгірмеңіз. Таза былғарының ешқашан арзан түрі болмайды;
  2. Табиғи былғары ұстаған кезде алақаныңызды қыздырады;
  3. Таза былғары үнемі іртік – іртік болады. Оны тіпті, өндірушілер де жоғалтуға тырыспайды. Бұл - табиғи былғарының басты дәлелі.

Егер бойыңыз қысқа болса, үлкен қолсөмкелерді ұмытыңыз. Керісінше, бауы қысқа сөмкелер сіздің бойыңызды ұзын әрі сымбатты етіп көрсетпек.

Сән - көптің бірі болу емес, өзіңізге жарасымдысын таңдау екенін ұмытпаңыз.

#сөмке таңдау #қандай сөмке дұрыс #сөмкелер

Загрузка...