-->

Бала емдеуде дәрі ішкізудің тиімді тәсілдері

#Советы - где, что и сколько

Қазақтарда тек екі ауру бар дейді – суық тиді және көз тиді. Көз тигенді әрбір адам өзі білетін тәсілдермен емдесе, суық тигенде барлық адам дәрінің көмегіне жүгінеді. Өздері де дәрі ішеді, балаларына да дәрі ішкізеді. Қызықтың барлығы сол кезде басталады. Себебі балаларға дәрі ішкізу оңай іс емес. Comode редакциясы сіздерге бұл істің дұрыс тәсілдерін айтып береді.

Бала емдеуде дәрі ішкізудің тиімді тәсілдері

Балаға уәде беріңіз

Дәл осы жерде барлық психологтардың төбе шашы тік тұрған шығар. Олардың  тұжырымдауынша уәде беріп, баланың келісімін сатып алуға болмайды. Біз оған келіспейміз. Таразының басында баланың денсаулығы тұрғанда, кез-келген тәсілдерді қолдану рұқсат. Мысалы «дәрі ішсең, далаға барамыз» деп уәде беруде тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы, өз сөзіңізде тұрыңыз.

Ойыншықтарды сөйлетіңіз

Бұл тәсілді қызыл әріппен жарға жазып қойсыңыз да артық емес. Тек дәрі ішуде емес, кез-келген істе көмектеседі. Сіздің өтінішіңізді орындамаған бүлдіршін, сүйген аюының сөзін жерге тастамайды. Ойыншықтарды қолыңызға ұстап, жіңішке немесе жуан дауыспен оларды «жүр, дәрі ішейік?» деп сөйлетіңіз. Бұдан басын тартқан баланы әлі көрмедік.

Таңдау мүмкіндігін беріңіз

Мысалы, тамағын шайғысы келмейтін балаға «қай жерде шаясың: ас үйде ме, немесе жуынатын бөлмеде ме?» деп таңдау мүмкіндігін беріңіз. Бұндай мүмкіндікке ие болған балалар міндетте түрді біреуін таңдайды. Әрине, таңдаған бөлмесіне барғанда тағы да «шаймаймын» деген әңгіме басталады. Бұл жерде де «тамақ шаятын суды өзің ұстап тұрасың ба, мен ұстап тұрайын ба?» деп ұсыныңыз.

Мақтаңыз

Мақтағанды ұнатпайтын бала жоқ. Бұл тәсіл көп жағдайда тек бір-екі ретке ғана жарайды. Сондықтан, күн сайын бір адам ғана емес, түрлі адамдар  түрліше мақтаса, нәтижесін тағы да бір-екі күнге созуға болады. Сосын, үйіңізде үлкен балаңыз бар болса, ол да аузын толтырып мақтасын. Әдетте дәрігерлер дәрін  5-7 күн қабылдатқызады. Мақтамаған отбасы мүшесі қалмағанда, сол 5-7 күн де өтеді.

Дайындалуға уақыт беріңіз

Кейде балаға дәрі ішкізу мәселесі оп-оңай шешіледі – балаға моральдық дайындалуға уақыт беріңіз. «Дайын болғанда, мені шақыр» деп, басқа бөлмеге кетіп қалыңыз. Бірақ, бұл уақыттың да шектеулі екенін көрсетіңіз. Мысалы, 10 минуттан кейін далаға шығатыныңызды ескертіңіз. Әдетте, бала бір-екі минуттан кейін дайын екенін айтады.

Түсіндіріңіз

Бұл шамалы есі кірген балаларға арналған тәсіл. Дәрі ішке барғанда ол қайда түседі, ол дәрімен не болады, ағзаға қалай әсер етеді – соның барлығын қызықты етіп айтып беріңіз. Тіпті өздері дәрігер болып, сізге түсіндіріп көрсін. Балалар қызығып, дәріні басқаша қабылдайтын болады.

Балаларыңыз аман болсын!


Загрузка...