Сұранысқа ие торттар

#Рецепты

Артық салмақтан қорықсақ та, тәтті торттан бас тарта алмаймыз. Бұл - барлық нәзік жандылардың басты дерті. Сіздер мейрамханада тамсанып жеп жүрген торттар қалай жасалады? Құрамына не қосу керек? Ол туралы Comode зерттеу жүргізді.

Асханада әр әйел пысық. Кейде «ойбай, ондай дәмі тіл үйретін тортты маған пісіру қайда?!» деп артқа шегініп қаламыз. Алайда, бұл - қате пікір.  Бір әйелдің пісіргенін екінші ару да дайындай алады. Бастысы, ниет болса жеткілікті.

Вупи пай

Атауын естіген кезде сілекейіңіз ағып кетті ме?! Расында, шоколад дәмі бар "Вупи пай" балалық кезді еске салатындай. Ал, оның неліктен дәл осылай аталғанын көпшілік біле бермейді. Массачусетс, Нью-Гемпшир, Пенсильвания және Мэн штаттары күні бүгінге дейін аталмыш тортқа таласып келеді. Шындығында, 1920 жылдан бастап "Вупи пай" торты сатылымға шыққан. Алайда, Whoopie Pie деген атау ресми түрде 1928 жылы алғаш қолданысқа енген. Сонымен, тарихы тереңде жатқан америкалық десерттің дайындалу әдісіне назар салыңыздар.

Құрамы:

2,5 стақан жоғарғы сортты ұн

2/3 стақан какао ұнтағы

1 стақан қант

250 гр сары май

1 асқасық ұн қопсытқыш

2 дана жұмыртқа

Қосымша сұйықтық құрамы:

2/3 стақан ерітілген кофе (1 асқасық кофені 130 мл суға еземіз)

2/3 стақан сүт

1 асқасық лимон сусыны

Крем қоспасының құрамы:

500 мл 33% сливки

250-300гр. маскарпоне

100 гр. қант ұнтағы

Қара шоколад

20 гр. сары май

Бұл тортты дайындауға орташа есеппен 50 минуттай уақыт жұмсалады. Ең алғаш дайындайтын ханшайымдар біздің қадамды қайталаса еш қателеспесі әрі өкінбесі анық.

1 қадам - бисквиттің қамырын дайындау.

  • Әуелі барлық ұнтақтарды: ұн, ұн қосытқыш, какао ұнтағын араластырамыз;
  • Еріген сары май мен қантты мұқият миксермен араластырып, қант ұнтағын (сахарная пудра) қосамыз;
  • Бұл қоспаға жұмыртқаны бір-бірден салып, араластырамыз;
  • Сүт және суытылған еріген кофені қосамыз;
  • Барлығын бірқалыпты түйіршіксіз болғанға дейін мұқият араластырамыз;

2 қадам – тәтті шелпектерді пісіру.

  • Әуелі пешімізді  қыздырып аламыз;
  • Тәтті шелпектерді арнайы пергаментті қағазда пісіреміз. Арнайы құрылғымен немесе жұқа пакеттің бұрышын тесіп торт пісіруге арналған пергаментті қағазға дөңгелек формада құямыз;
  • 180 градус пеште 20-25 минут пісіреміз (кейде пештің жаңалығына байланысты 15-20минутта жеткілікті болуы мүмкін);

3 қадам – торттың кремін дайындау.

Маскарпоне - ерекше дәм беретін тәтті сыр. Мұның бағасы біздің нарықта арзан емес. Алайда, тортыңыздың тіл үйрерліктей дәмді болары анық.

  • Сливкиді қант ұнтағымен бірге миксер арқылы араластырамыз;
  • Дайын болған езбеге маскарпоне қосып, тағы да бірқалыпты болғанша араластырамыз;

4 қадам – Вупи пайды сәндеп, біріктіру.

  • Әр тәтті шелпектің үстіне кремді арнайы кондитерлік қап арқылы шарик түрінде толтырамыз. Тек ең биік қабатына жақпаймыз;
  • Ең жоғарғы қабатына арнайы ерітпе дайындаймыз;
  • Ерітпе дайындау өте оңай. Қара шоколад пен 80 мл. сливки және 20 гр. сары майды ерітіп жағамыз;
  • Қалған крем және жеміс-жидектерді пайдаланып Вупи пайды сәндейміз.

Қызыл мақпал (Красный бархат)

«Красный бархат» торты соңғы жылдары үлкен сұранысқа ие. Алайда, бұл жаңадан пайда болған торт емес. Ол – нағыз классика. 19 ғасырдан бастау алған «Красный бархат» қалай және қайдан пайда болғаны туралы нақты деректер жоқ.

«Мақпал торты» «қызыл» деген тіркессіз сонау АҚШ-тағы  азаматтар соғысынан кейін пайда болған. Нәзік, жұмсақ, тәтті десерт болғандықтан «Мақпал торты» атаған. Ал, көпшіліктен жасырын ұстаған бұл торттың рецептісін 1871 жылы жариялады. Қызыл деген тіркесті құрамындағы қоспасы үшін 1950 жылы иемденген.

Құрамы:

300 гр ұн

300 гр қант

1 асқасық какао

3-4 дана жұмыртқа

300 мл. сұйық май

300 мл. айран

2 асқасық қызыл қоспа

тұз

ас содасы

Крем құрамы:

300-400 гр ірімшік сыры

Сары май

Сливки

Қант ұнтағы

Дайындалу тәсілі:

  1. Қамырға арналған барлық қажеттіліктерді қосып, миксермен араластырып аламыз;
  2. Қажеттілігіміз бойынша екі немесе үш бөлікке бөлеміз. Және әрқайсысын пісіріп аламыз.  Пештің қызуы 180 градус, ал шамамен 20-40 минут аралығында уақыт жұмсаймыз;
  3. Бірнеше сағатқа тоңазытқышқа қоямыз.
  4. Кейін кремін жағып, қалауымыз бойынша сәндейміз.

Сүтті қыз (Молочная девочка)

«Молочная девочка» атты десерт те қазір сәнде. Өйткені, оның құрамы алдыңғы қос торттың құрамындай қымбатқа соқпайды. Қолжетімді бағадағы торт расымен де дәмді. Айтпақшы, бұл тәтті торттың тарихы Германия елінен бастау алған. Құрамында тәтті қою сүт болғандықтан, ерекше атау іздеп бас қатырмағанға ұқсайды.

  1. Ең әуелі шелпегін дайындаймыз. Ол үшін ұн мен ұнқопсытқышты араластырып аламыз;
  2. Екінші ыдысымызға тәтті сүт, жұмыртқа және тұзды қосып, миксермен мұқият араластырамыз;
  3. Бұл қоспаға ұн мен ұнқопсытқышты қосып, бір минуттай араластырамыз;
  4. Ерітілген бөлме температурасындағы сары майды алдыңғы қоспаға қосып, тағы да араластырамыз;
  5. Арнайы қағазға қоспаны жайып құямыз. Шамамен, екі үлкен қасық қоспа бір шелпек болып есептеледі;
  6. Осылайша әр шелпекті 180 градус температурада пісіреміз. Пісіру үшін 8-10 минут аралығындағы уақыт қажет;

Дайын болған шелпектерді крем арқылы біріктіріп, сәндейміз. Аталмыш тортқа кез-келген крем сәйкес келеді.

#десерт #рецепт #торт #красный бархат #вупи пай #молочная девочка #тәтті торттар #сүтті қыз #қызыл мақпал

Загрузка...