Шынайы оқиға: 15 жасымда нағашы ағам зорлады

#Мужчина и женщина

Зорлау – қылмыстық заңда көрсетілген қылмыстардың ішіндегі ең ауыр түрі. Алайда, біздің қоғамда «ұят» деген сөзді тілге тиек етіп, қылмысты әшкере етуден қорқып, жасырады. Соңғы жылдарда осындай қателіктердің алдын алу шаралары көптеп ұйымдастырылып жүр.

Десе де, көптеген зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандар ашылып әңгіме айтудан бас тартады. Ұялады. Намыс көреді. Қорқады. Түсінбейді. Бірақ, бүгінгі кейіпкер Ләззат батылдық танытып, шынайы сырын айтты.

Ләззат Мұратбекқызы

28 жаста

Есімім – Ләззат. Ақтөбе қаласының тумасымын. Жасым 28-де. Әлі тұрмысқа шықпадым. Шыққым да келмейді. Жігіттерге жиіркеніп, қорқып қараймын. Бүгін сіздер еститін әңгімені ешқашан ешкімге айтпадым. Мен үшін ол кездер қорқынышты түс секілді көрінеді. Күні бүгінге дейін түнде шошып оянып, аяқ-қолым дірілдеп жүремін. Түнде үйден шықпауға тырысамын. Үйде басқа еркек болса оңаша қалғым келмейді.

Балалығымның быт-шытын шығарған күнді ешқашан ұмытпаймын. Үйде үш баламыз. Менен кейін екі інім бар. 15 жасымда ата-анам қонаққа кететін болды. «Бала ғой қорқатын шығар», - деп қасымызға 17 жасар нағашы ағамды қалдырды. Қыс кезі еді. Екі інім ұйықтап қалды. Нағашы ағам қонақ бөлмеде теледидар көріп отырды. Ал, мен өз бөлмемде ұйықтауға жатып қалғам.

Тынысым жетпей ояндым. Үстімде салмағы ап-ауыр ағамның жатқанын, іш киімдерімді шеше бастағанын сездім. Қанша итерсем де күшім жетпеді. Қорыққаннан шығар мүлдем дауысым шықпай қалды. Одан кейінгі оқиға есімде жоқ. Бір есімді жинаған кезде ағам: «жуынып ал», - деп ескертті. Шомылуға барғанда аяқ-қолым дірілдеп, қан ағып жатқанын көрдім.

Мұнымен бәрі бітпеді. Бөлмеге кірген соң нағашы ағам артымнан келіп тағы да біраз қинады. Бұл кезде барынша бір рет айқайлап көмек сұрадым. Қайтадан айқайламасын десе керек ағам аузымды жауып тұрды. Бәрін бітіріп, киініп жатқанда мен: «мамама айтамын», - дедім. Ал, ол:«Бекер өкінесің. Әке-шешең сені аямайтын болады. Әкең шешеңді балаларымен бірге қуып жібереді. Сосын біздің үйде тұрғанда күнде осылай «секс» боламыз», - деп қарқылдап күлген еді.

Бұл сөзден соң қатты қорықтым. Нағашы ағам түк болмағандай қонақ бөлмеге қонып шықты. Ертесіне мен төсектен тұрмадым. Ауырып жатырмын деп сылтау айттым. Көпке дейін анама айтқым келді. Бірақ, әкем бізді тастап кетеді деп қорықтым. Өйткені, әкем көп ішетін. Мас кезінде: «Ажырасамын. Бала-шағаны, киім-кешегіңді ал да, төркініңе тайып тұр», - деп айқайлайтын.

Өзімді өлтіремін деп қорқыттым. Нағашы ағам одан кейін де үйге келетін. Жарты жылдан соң тағы да қинап болды. Содан кейін ол келсе қажет болады деп бөлмеме пышақ тығып қойдым. Тағы да зорламақ болған кезде өзіме қол жұмсаймын деп қорқыттым. Оның ішінде қандай ой, реакция болғаны есімде жоқ. Себебі, мұндай сезімнің кезінде өзгені бақылау былай тұрсын, өзіңді де бақылай алмай қаласың.

Көп ұзамай өзім де Алматыға оқуға кеттім. Ауылға барғанда нағашымды көрмеймін. Ұялатын шығар, мен бар жерге келмейді. Мен де іздемеймін. Жек көремін. Осыдан екі жыл бұрын туған күніммен құттықтап, sms жазыпты. Соңында «бәрі үшін кешір» деген сөйлем болды. Бірақ, ол сәттерді ұмыту да, кешіру де мүмкін емес.

Қазір өзінің екі қызы бар. «Қыздарыңды зорлап кетсе не істер едің?», - деп сұрағым келеді. Ол менің қалай қиналып, қаншалықты азапқа салынғанымды да білмейтін шығар.

Алғаш рет зорлаған соң мен айлар бойы түнімен сол сәттерді көретін едім. Жаман түстің кесірінен талай рет шыңғырып та ояндым. Анам қазақшылыққа салынып, ұшықтап қоятын. Бірақ, бұл шошыну соншалықты ұшықтау мен түшкіруге кете қоймастай ауыр еді.

Үйге ер адам келсе, аяқ-қолым дірілдеп, түрім бұзылып кететін. Үнемі әкемнің жанына тығылып немесе анамның қасынан шықпауға тырысатынмын. Ешқашан оңаша еркекпен қалмаудың амалын іздейтінмін. Көшеде бір еркек сөйлесе негативті жауап беретінмін. Қоғамдық көлікте немесе көшеде бір адам байқаусызда итеріп өтсе шыңғырып жіберетінмін. Көп адамдар "жабайы" деп кері айқайлайтын. Ал, мен ағыл-тегіл жылап қалатынмын. Ешкім менен: "неге мұнша өзгердің?", - деп сұрамады. Бәлкім, сұраса ақтарылып ішімдегіні айтар едім. Бұл жара күні бүгінге дейін жазылмады. Қанша ұмытайын десем де ұмыта алмаймын. Еркектердің бәрі сондай арсыз әрі нәпсіқұмар көрінеді.

Ғашық жігіттерден де қорқамын. Жоғары оқу орнында маған бір жігіт ессіз ғашық болды. Күнде романтикалық сыйлықтар, гүлдер, тәттілер беретін. Өзі сымбатты, ауқатты отбасының баласы. Алғашқы да жасанды қыздық жасап алып, тұрмысқа шыққым келді. Бірақ, оңаша қалуға қорқатынымды байқадым. Үнемі группалас құрбыларымды ертіп жүретінмін. Ал, жеке кездесуге шақырса сылтау айтып бармай қалатынмын. Менің бұл әрекетім намысына тисе керек, жарты жылдан соң мүлдем маған бұрылып та қарамайтын болды. Сол кезде іштей мені зорлағанын біліп қойғандай сезіндім.

23 жасқа толған соң психологқа бардым. Сол жерде бәрін айтып, біраз жеңілдедім. Психологтың көмегімен іштегі қорқыныш, үрейлерді жеңуге тырыстым. Бірақ, «100% жеңдім. Жаңа өмірге дайынмын» десем өтірік болады. Сондықтан да шығар жасым 28-тен асса да әлі тұрмысқа шықпадым. Өзімнің жанымнан ешқандай еркекті көргім келмейді.

Еркектермен оңаша қалып қойсам сол баяғы оқиға есіме түсіп кетеді. Барлық еркек мені зорлау үшін араласатындай сезінемін. Ал, ұмыту үшін не істеу керектігін өзім де білмеймін. Меніңше, «уақыт – емші» деген өтірік. Әйтпесе, бір мүшел уақыт өткен сол бір қарғыс атқыр күнді ұмытатын уақыт болған еді.

Ешкімге өкпелемеймін. Бірақ, ата-аналары ұлдарға дұрыс тәрбие керек. Бізде «қызға қырық үйден тию» деп барлық жауапкершілікті қыздарға артып қоямыз. Ал, шындығында зорлық-зомбылық пен күш көрсетуді бастайтын еркектер екені өтірік емес. «Біреуді зорлап кетіпті» десе бірден «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деп атылып шығамыз. Немесе киген киіміне, бояуына, жүрген жүріс-тұрысына кінә артамыз. Ал, шындығында  нағашы ағама мен көзде сүзбедім, қысқа киіп қипаңдамадым. Бар болғаны оған анасы, әкесі, ұстазы нәпсіні тыю, қызға құрмет, бір сәттік ойнастың өмір бойы өкініш сыйлайтынын түсіндірмеген.

Ал, маған анамның сенімі мен қолдауы жетпеген. Егер олар: «Қандай жағдай болса да, біз саған сенеміз. Қолдаймыз», - деп үйреткенде мен барлық шындықты айтудан еш қорықпайтын едім. Және күні бүгінге дейін депрессия болып, күйзеліске түспейтін ем.

#ағам зорлады, #зорлық-зомбылық, #күш көрсету, #зорлап кетті

Загрузка...