Алаяқ күйеуім мені тонап кетті

#Мужчина и женщина

Қоғамда әйелдің жүрегіне жол тауып, сосын қалтасына қармақ салатын жігіттер бар. Қаны таза, текті қазақ жігіттеріне тән емес әрекет болса да, соңғы кездері үйреншікті әдетке айналғандай. Бүгін Айгүл өзін тонап кеткен алаяқ заңды күйеуі туралы айтты.

Алаяқ күйеуім мені тонап кетті

Бүгінгі кейіпкер - Айгүл Нұрманова. Жасы 28-те. Ауқатты отбасынан шыққан бойжеткенге әкесі 20 жасында мейрамхана ашып берген. Құжаттардың бәрі Айгүлдің атына рәсімделсе де, тек 26 жасынан бастап ресми басшы ретінде жұмысты қолға алған. Алайда, оның басшылық қызметі небәрі екі жылға созылды. Махаббатқа басы айналып, ащы суға мас болған бойжеткен бір күнде ештеңесіз қалған. Оны мұндай күйге түсірген - заңды альфонс күйеуі Арман.

Мен 27 жасқа толған кеште бұрынғы күйеуім Арманмен таныстым. Үш айдан соң бірге тұра бастадық. Ол кезде жеке бизнесім дүркіреп тұрған еді. Үйім, көлігім болды. Альфонс жігіттер туралы көп естігендіктен азаматтық некеге аса келіспедім. Іштей күдіктеніп, үнемі сынап-бақылап жүрдім. Үш ай романтикаға толы кештер болса да, мен махаббатқа мас болатын жас қыз емеспін. Сондықтан, сезімге бой бермей, ақылға құлақ асуды жөн санадым. Алайда, ешқандай мін көрмедім: айлығы 250 000 теңгенің көлемінде, еңбекқұмар, адал. Әрине, жеке пәтері болмады. Бірақ, оны алатындай ниеті мен амалы үлкен еді.

Азаматтық неке екі айға созылды, кейін ол маған заңды некеге ұсыныс жасады. Қуана-қуана келістім. Жігіт таңдауда қателеспедім деп сендім. Бірақ, екі жақтың ата-анасы танысатын кезде үлкен ағасы қатерлі ісіктен қайтыс болды деген хабарды айтты. Нәтижесінде таныстықты да, тойды да кейінге қалдырды. Батыстың салты бойынша қаралы жағдайдың соңын бір жыл күту керек екен. Сол себепті той кейінге шегіндірілсе де, заңды некеге отыру туралы ортақ шешімге келдік. Оның ата-ана, бауырларымен таныспасам да, менің жақындарыммен тез тіл табыса алды.

Заңды ерлі-зайыпты болған соң бизнесімді бірге жалғастыруды жөн санадым. Бас есепші болып қызметке тұрды. Бірақ, мейрамхананың барлық жұмыстарын сол атқаратын. Жақын досы да есеп-қисап бөлімінің маманы атанды. Бірақ, біздің бизнестегі армандарымыз орындалмады. Серіктестігіміз ұзаққа бармады. Себебі, 2018 жылдың 8-наурызын дүркіретіп тойладық. Сүйікті күйеуім тосын сыйға толы кеш ұйымдастырып, ащы судан да біраз ұрттадық. Мен шынымды айтсам, арақ-шарапты аса ұнатпаймын. Екі-үш стақаннан соң есімді білмей қаламын. Сондай жағдайымды пайдаланып күйеуім «бизнесімді саттым» деген қағазға қол қойдырып, досының атына өткізіп жіберген. Мұны мен бірден білмедім. Өйткені, мерекеден соң үшеуміз: күйеуім, оның досы және мен екі аптаға шетелге демалысқа кеттік.

Дубайдағы демалыс керемет өтті. Тек бесінші күні мен күйеуімнің емес, оның досының жанында ояндым. Әуелі шынымды айтсам түк түсінбедім. Ішімдіктің кесірінен есімде ештеңе жоқ. Опасыздығымды көрген күйеуім демалысын үзіп, Қазақстанға кері қайтуға дайындалып жатыр екен. Әрине, үлкен ұрыс болды.  Менде сөмкемді жинап, күйеуіммен елге қайттым.

Қазақстанға келген кезде Арман бірден ажырасуға өтініш тастады. Ал, мен мұндай опасыздықтан есімді жинай алмай тағы екі-үш апта жұмысқа бармай жүрдім. Бұл аралықта досының атынан жазылған менің мейрамханам басқа біреуге сатылып үлгерген. Мен демалыста жүрген кезде кәсібімді күйеуімнің бір досы дөңгелетіп, бәрін реттеп үлгеріпті. Мейрамхананың басқа басшысы туралы маған администратор қыз хабарлады. «Жаңа бастық өткен айдың айлығын сіз береді деді. Өзімді жұмыстан шығарып жіберді. Менің еңбекақымды жемеңізші. Пәтерақыны төлеу керек еді», - деген администратордың жыламсыраған дауысын бастапқыда әзіл санадым. Кейін мән-жайды біліп, мейрамханаға барсам тым кеш екен.

Сот процесі міне, күні кеше, маусымның 28-жұлдызында өз мәресіне жетті. Ажырастық. Алайда, кәсібімді кері қайтару мүмкін болмай жатыр. Себебі, барлық құжаттар дұрыс заңдастырылған. Менің келіскен қолым бар. Тағы да қорғаушы жалдап, істі қайта ашуды талап етудеміз. Нақты дәлел табылса Арман өзінің достарымен топтық қылмыс жасаған болып, қатаң жазаға тартылады. Бірақ, ондай дәлел табу маған оңай болып тұрған жоқ.

Арманға осыдан екі жыл бұрын алаяқтық бөлімі бойынша шағым түсіпті. Қарызға ақша алып, қайтармаған екен. Сол әйелмен жуырда кездестік. Бірге қайтадан шағым түсіруге ниеттіміз. Марал есімді ол келіншектің жасы 36-да екен. Тұрмыс құрмаған. Арманмен танысып, азаматтық некеде үш ай тұрыпты. Кейін Арман анасы қатерлі ісікпен ауырып жүргенін айтып, Кореяда емдету үшін 18 миллион теңге сұрапты. Көңілдесіне ақшаны ешқандай қолхатсыз берген Марал Арманнан хабар ала алмаған. Ұзақ уақыт телефоны өшірулі, sms-тері жауапсыз болған кезде ғана өзінің құрыққа түскенін түсінген.

Ата-ана, туыстарымен ерлі-зайыпты болған кезде танысқан жоқпын. Мейрамхананы сатып жібергенін білген кезде іздестіріп таптым. Батыстың емес, Шымкенттің жігіті екен. Әкесі қайтыс болыпты, анасы ауырып жүдеп кеткен. Бір әпкесі тұрмыста, ал ағасының өз отбасы бар. Анасына жылап бәрін айттым. Бастапқыда сенгісі келмеді. Ана жүрек әрдайым баласын жақтайды ғой. Кейін жеңгесі Арманды бұған дейін екі әйелдің іздеп келгенін және бәрінің зары менікіне ұқсас екенін айтты. Анасының жүдеп кетуінің басты себебі де баласының ақымақтығы екен. Айтпақшы, Маралды сол жеңгесінің көмегімен тауып алдым. Шынымды айтсам, ананың абыройы мен намысы үшін істі қозғағым келмеген еді. Бірақ, әкем үзілді-кесілді қарсы болды. Әр адам өзінің қылмысы үшін жазасын тарту керек деген тоқтам айтты. Ал, нәтижесінің қалай болатынын мен әзірге білмеймін.

Алаяқ жігіттердің басты белгілері: күнде бір сылтау айтады. Жиі қалтасына ұры түседі, ақшасын жоғалтады немесе дағдарыстың құрбаны болады. Әрине, заңды некеге дейін мұндай белгілерін ол байқатпады. Мен үнемі тексеріп, өзімнің аса сене бермейтінімді ашық айтып жүретінмін. Ал, заңды ерлі-зайыпты болған соң оны тексеруім, сенбеуім арамыздағы дау-жанжалға себеп болатын. «Мен сенің күйеуіңмін. Неге сенбейсің? Неге тексересің? Сүймесең неге күйеуге шығасың? Менің-сенің деп ақшаны, табысты бөлетін болсақ не үшін отбасымыз?!» деп ұрыс шығаратын. Ойлап отырсам, өте орынды. Себебі, кез-келген ерлі-зайыптылар болашаққа бірге жоспар құрады. Өмірін бірге көреді. Балалары үшін бірге бәріне де барады. Сондықтан, мен оның қармағына оңбай түстім. Әрине, өкінемін. Алайда, құр өкініштен не пайда? Қазір махаббатқа да, ер азаматтарға да, сезімге де сенбеймін. Сенгім келмейді. Менің оқиғам басқа қыздарға сабақ болса деген жалғыз арманым бар.

#алаяқ жігіттер #күйеуім тонап кетті

Загрузка...