"Қалаулымның" тоқтатылатыны рас па?

Автор: Жанар Мырзабаева
787 0 Правда или сплетня
Түрік елінде тағдыры ұзаққа созылмаған жобаның бағы Қазақстанда ашылғандай. Шуға толы «Қалаулым» реалити-шоуы қазір еліміздегі №1 тележоба болып тұр. Бірі аталмыш бағдарламаны жоғары бағалайды, ал енді бірі қазақ менталитетіне сай емес деп сынайды.

Ал, жуырда «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің ұсынысында «Мемлекеттік арналар ашып жатқан тележобалар көрші елдің ескірген телебағдарламаларының сәтсіз көшірмесі екендігін ескере отырып, соның бірі ұлттық мәдениетімізге нұқсан келтіретін «Қалаулым» бағдарламасын сараптамадан өткізіп, ары қарай жұмыс жасауына шектеу қою. Орындау мерзімі – 25 сәуір 2018 жыл»,  – деп көрсетілген.

Алайда, ақпаратты бағдарлама жүргізушісі Аша Матай жоққа шығарды. Кезекті тікелей эфирде "Бұл бағдарлама халық үшін, көрермен үшін жасалады. "Қалаулымды" көретін көрермен бар да "Қалаулым" жалғаса бермек, – деді Аша Матай.

Жобаның 25 қатысушысының ішінен екі жұп отбасын құрып, жаңа өмірге қадам басты. Оның бірі - Бекболат Қарабала.  Қазақ ұлттық киімін киіп, салт-дәстүрлерін сақтай отырып тікелей эфир үстінде шағын тойын да жасаған болатын. Бағдарламамен қоштасса да, инста-парақшасында тойдан кейінгі өмірінен хабар беріп жүр. Бәрі жақсы, «Қалаулымнан» тапқан қалаулысына дән риза.

Ал, көптің көзайымына айналған Ислам мен Шынарға көз тиді ме, сөз тиді ме, әйтеуір махаббаттарының нүктесін қойды.  Ғаламторды жаулаған Исламның караоке клубтағы ерсі әрекетінен кейін Шынар тікелей эфирге қонақ ретінде келіп, енді жұп еместігін мәлімдеді.

Есесіне, тойға бір қадам жақын қалған жұптар да жоқ емес. Олардың қатарында Әлібек пен Камила бар. Жүз қыздың ішінен таңдаған аруын сері жігіт анасымен таныстырып та үлгерген.

Тағы бір тойдың ауылы алыс емес кейіпкерлер Жанерке мен Еркебұлан.  Тойдан кейін ғашықтар Қ. Сәтпаев қаласына қоныс аударады екен.

Бәрін айт та, бірін айт, жобаның экс – жұбы Дина мен Өркеннің махаббаттары қазір елдің аузында. Әсіресе, бұрынғы сүйіктісінің бағдарламаға қатысушы болып келуі Дина қызға ауыр болғандай. Тіпті, эфир үстінде бойжеткен көз жасына ерік берді.

Айтпақшы, бұл жобаны сынаушы жұлдыздар да аз емес. Олардың қатарында «Қалаулым» бағдарламасына қонақ ретінде барудан үзілді-кесілді бас тартқан әншінің бірі Сәкен Майғазиев бар. Бұл қазақтың менталитетіне сай емес, болашағына балта шапқан жоба деп санайды. Тіпті, сырттай сынға алса да, өздері қолдап барған әріптестеріне өкпелі екенін Асхат Садырбайдың «Үлкендердің әңгімесі» атты авторлық жобасында ашық айтқан еді.

Ал, жарты жылға жуық эфирде жүрген тележобаның тағдыры қандай болмақ?! Шырылдап жан айқайын айтқан Сәкен Майғазиев бастаған ұлт жанашырларының пікірін еститін жан табылады ма? Әлде, рейтинг жоғары болса жеткілікті деп жеңілдік жасалады ма? Бұл уақыт еншісінде қалатын сұрақ.


Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий