Нәзік жанды автоинструктордан он кеңес

Автор: Comode
348 0 Авто
«Күйеуім маған көлік жүргізуді үйрете алмайды. Сәл қателессем, айқайлап кетеді». Бұл темір тұлпарды тізгіндеуді үйрене бастаған әр келіншектің назы. Мұндай даудың алдын алу үшін, әрине, нәзік жандылар көлік жүргізуді үйрететін ұстаз іздейді. Алайда, олардың да басым көпшілігі – ер азаматтар. Ал, біз бүгін арнайы әйелдер үшін нәзік жанды автоинструктор Алма Бердіғалиевадан сұхбат алдық.

Көлік  жүргізіп үйрену аса қиын емес, тек қауіпті. Бір жолдағы қателік – сізге өмірлік өкініш, ұмытылмас қайғы әкелуі мүмкін. Ал, біздің кейіпкеріміз Алма өте тәжірбиелі маман. Ол сегіз жыл бойы Алматы қаласында автоинструктор болып қызмет етіп жүр. Оның негізгі оқушылары – әйелдер. Және ол рөлге отырған әйелдердің қандай қағидаларды ұмытпауы керек екенін жақсы біледі.

Әйелдердің рөлге отыруы - мақтаныш емес, қажеттілік. Қазір еркектің мақтаныш пен абырой үшін әйеліне көлік сыйлайтын заманы емес. Бала-бақша, мектеп, әртүрлі үйірмелер мен базарға бару т.б.осындай күнделікті күйбең тіршілікке үлгеру үшін әйелдерге көлік қажет. Ерте болсын, кеш болсын қалада тұратын әйелдерге автокөлік керек. Ал, оны басым көпшілік әйелдер өздерінің ақшасына сатып алатыны өтірік емес.

Тұраққа көлікті дұрыс орналастырудан қорықпаңыз. Бұл сіз ойлағандай қиын емес. Алғашқы кезде ойша геометриялық есепті қажет етсе, уақыт өте көзбен өлшеп, дәлелдейтін боласыздар. Көпшілігі автокөлікті тұраққа қоюды тәжірбие барысында үйренемін деп ойлайды. Бірақ, ол үлкен қателік. Көлікті дұрыс қоюды алғашқы сабақтардан бастап меңгерген жөн. Түсінбегеніңізді автоинструктордан бірнеше мәрте сұраудан ұялмаңыз.

«Айна – ол жол» - бұл қағида өте маңызды. Сондықтан, алғашқы сабақтан бастап айнамен жұмыс жасауды және алдыңыздағы көлік жүрістеріне мән беруді мұқият меңгеріңіз.

Ұялы телефонға алаңдау – сіздің қайғыңызға себеп болады. Қазір смартфонның заманы. Байқасыңыздар, ері де, әйелі де бір қолымен рөлді, бір қолымен телефонды ұстап отырады. Олардың көзі де, миы да сол телефонның ішінде. Ал, жолға көңіл бөлмеу – үлкен қасіретке әкелуі әбден мүмкін.

Кезекті бір сабақтың кезінде жолда қызықты оқиға болды. Бір көлік тоқтап тұр, өзгелері оны айналып өтуде. Ал, әлгі көліктің жүргізушісі еш қимылсыз отыр. Мен тоқтап, әлгі жүргізушінің жағдайын білмек болдым. Шынымды айтсам, денсаулығы сыр берген шығар деп ойладым. Сүйтсем, ол азамат ұйықтап қалыпты. Ешқандай ішімдік ішпегенін, тек түнімен ұйықтамағанын айтып ақталды. Түнімен ғаламтор ақтарып, кино көріп, ертесіне ұйқылы-ояу рөлге отыру үлкен жол апатына әкелуі мүмкін. Рөлге отырған кезде телефонға арналған bluetooth-микрофон қолданыңыз.

Жол ережесі бәріне ортақ әрі теңдей. Рөлдегі әйелдердің ойынша: еркектер оларға жол беру керек. Егер бір ер азамат көліктегі әйелдің жолын кесіп өтсе, бірден ашуға беріліп, әртүрлі ызаға толы сөздерді айтады. Бірақ, ол – қате пікір. Көліктегі ер мен әйелдің құұқығы да  тең, жол ережелері де екеуіне ортақ.

Ашу-ызаға жол бермеу керек. Қоғамда қаталдық пен ызақорлық көбейіп барады. Бір оқиға есіме еріксіз түсіп отыр. Оқушыма қалай тұраққа қою керектігін үйретіп жатыр едім. Әрине, бәрі бірден болмайды ғой. Қате қойып, оны дұрыстап біраз әуре – сарсаң болдық. Сол кезде бір еркек бізге ақыл айтып, көмектеспекші болды. Ал, біз мән бермедік. Себебі, оқушының өзі үйренуі керек. Көңіл аудармағанымызға намыстан әлгі азамат мені балағаттай бастады. Оған да солай жауап берген үшін менің қолымды көгергенше қауіпсіздік белдігімен орап тастады. Нәтижесінде, полиция қызметкерлерін шақыруға тура келді. Ал, ол мәз болып өз жолымен кете барды. Сол кезде оның көлігінде екі кішкентай баласы және әйелі отыр еді.

Баланы тізеңізге отырғызып, көлік жүргізбеңіз. Мұндай батырлыққа баратын ата-аналарға қатты таңқаламын. Егер артыңыздағы көлік сізді соқса немесе өзіңіз бірден тежегішті басып қалсаңыз, кеудеңіз еріксіз рөлге соғылады. Ал, алдыңызда отырған нәзік баланың жағдайын мен айтпасам да түсінген шығарсыз!

Көп әйелдер автокөліктің жарығын (фара) қосуды ұмытып кетеді. Қыз-келіншектер көліктің жарығын тексерместен, көлікті жүргізуге асығады. Ақшаңызды үнемдеп, жүйкеңізді жұқартпас үшін мұқият болыңыз.

Күздің соңы мен қыс көлік жүргізуді үйренетін уақыт емес. Бұл қоғамда қалыптасып кеткен пікір. Алайда, дәл осы мезгілде көлік жүргізуді үйренсеңіз кез-келген қиындықтан шығудың жолына бейімделесіз.

Үшінші сабақ – алғашқы нәтижені. Бірінші, екінші сабақ кезінде әйелдер көлікпен қайта танысады, кейбірі тіпті, теория түрінде де оқымаған күй кешіп, уайымға беріліп, қателеседі. Ал, үшінші сабақта олар есептеуді, көлікті сезінуді, рөл мен тежегіштерді билеуді үйрене бастайды. Сондықтан, алғашқы сабақтарда нашар нәтиже көрсетсеңіз, налудың еш қажеті. Әрине, біреу үшін темір тұлпарды бағындыруға екі апта, ал өзгесіне екі ай қажет. Маған үйренуге келетін әйелдердің жасы - 27-ден жоғары, 47-ден төмен. Бәрі де тез үйренеді. Ең бастысы, ниет пен сабырлық, ұқыптылық болса жеткілікті. 


Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий