Келіндерге қажет жеті қағида

#Отношения

«Қалалық қыз жаным Фарида, келін болшы біздің ауылға» деп талай жігіт қалалық ғашықтарына ән арнап, сөз салған шығар. Тек сол әнге арқау болған қаланың сұлулары ауылда келінге қояр талаптары мен қағидалары бар екенін біле ме екен?!

Келіндерге қажет жеті қағида

Расымен де, қазақ халқы «әулеттің шырағы», «әулеттің абыройы», «бесіктің иесі, есіктің шегесі» деп келіндерге қатаң талап қойып, үлкен сынмен қараған. Әрине, қазіргі заманға сай жасалған жеңілдіктер мен ұмыт болған салт-дәстүрлер қаншама?! Алайда, қалалық келін ауылға той-домалаққа барғанда мына қағидаларды естен шығармауы тиіс.

1. Сәлем салу. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші Қазақстанның кей өңірлерінде бұл салт сақталмаған. Алайда, қаладан барған келін өзінің тектілігі мен көрегенділігін көрсетіп, үлкендерге иіліп сәлем салғаны жөн. Мұндай кезде ақсақалдар мен ақжаулықты аналар ақ тілегі мен ақ батасын жаудырады.

2. Киіміңізге үлкен мән беріңіз. Қазақтың келіндері тойға барған кезде тізеден жоғары кимеген. Мүмкіндігінше ұзындау әрі жинақы киінгеніңіз абзал. Себебі, «еңкейсе саны жылтырап жүрді. Ойбай, бетім-ай» деген немесе сол мағыналас үлкендердің шымшу сөзі сіздің абыройыңызға сын.

3. Қарқылдап күлу – арсыздық. Қанша қалада еркін өссеңіз де, сіздің тәрбиеңіз өзгеше болса да ауылдық тойға барған кезде артық әрі қатты күлкіден сақ болыңыз. Ақырын ғана жымиып, жүзіңізден жылылық таныту келіннің тәрбиесі мен инабатын көрсететін де ұмытпағайсыз.

4. Ортаны бермей, өзіңізге ұнайтын әнге билеу... Жоқ, мұны тіпті армандамаңыз. Әуен қанша ұнаса да, би алаңының шетінде тұрып, ақырын ғана билегеніңіз дұрыс.  Бұл әрекет сіздің үлкендерге деген сыйластығыңызды білдіреді.

5. Тойбастар. Дастархан басына тойбастар келген кезде майысып отырудың қажеті жоқ. Лезде тұрып, қасыңыздағы жасы үлкен қонақтан бастап, бесіктегі сәбиге дейін сыйлықтарды таратып беріңіз. Бұл қалалық келіннің пысықтығын көрсетеді.

6. Тілектер легі келген кезде микрофонды сізге ұсынса, құрмет әрі ілтипат ретінде «Үлкендер сөйлесін» деп нұсқау жасаңыз. Алайда, той иелерін жалындыру да дұрыс болмайды. Сондықтан, қысқа да нұсқа ақ тілегіңізді білдіріңіз.

7. Соңғы қағида, тойдың соңында «сарқыт» салу үшін шағын пакеттер беріледі. Тәттілерді салып, дастархан басындағы үлкендердің қолына ұстатып «тойдан тобықтай сарқыт ала барыңыз» деп құрмет көрсетіңіз. Және ең бастысы, өзіңіздің әулетіңізге де сарқыттың тәттісінен ала барыңыз. Құр қол келмегеніңізді көрген енеңіз мәз болып, сізді көкке көтеріп мақтайтын болады.

Бұл жеті қағиданы мұқият жаттап, шын ниетімен атқарған кез-келген қалалық бикеш «келіндік емтиханды» беске тапсырып, ақжаулықтылардың алғысын алары анық. Ендеше, үздік келіндердің қатарынан болуға сізде асығыңыз...

#салт-дәстүр #келін #қалалық қыз #ауылдың келіні #келіндер бәйгесі

Загрузка...