Әлеуметтік тәжірбие: әйелдер бейтаныс жанның мақтау сөзін қалай қабылдайды?

#Общение и дружба

Бейтаныс жан сізге өте сұлу екендігіңізді айтып, гүл сыйласа қандай сезімде болар едіңіз?! Әрине, егер жас әрі бойдақ болсаңыз, мұндай әрекет бәлкім сізге үйреншікті шығар. Ал, керісінше, орта жастан үлкен, қара жұмыспен айналысатын немесе халыққа қызмет көрсету орталығының қарапайым қызметкері үшін мұндай тосын әрекет қалай әсер етпек?

Бұл сұрақтың жауабын Алматылық жас фотограф Әділет Рахметолла Халықаралық әйелдер күні қарсаңында іздеп көрді. Әділет Алматыда тұратын, таңның атысынан қара кешке дейін тынбастан қызмет ететін қарапайым әйелдерді суретке түсірді. Кейін оларға «сіз сондай әдемісіз. Мына гүл сізге арналады» деп қуантты.

Әділет Рахметолла

фотограф

Идея күтпеген жерден келді. Жыл сайын 8 Наурыз мерекесінің қарсаңында Елбасы актриса, әнші немесе өзге де елге танымал қыз-келіншектермен кездеседі, құттықтайды. Одан бөлек мемлекет те әртүрлі мамандық иелерінің ішіндегі білікті деген әйелдерді марапаттайды. Алайда, қарапайым еден жуушы, көше тазалаушы немесе аспаздарды, сатушыларды ешкім елемейді. Шындығына келсек, олардың атқарып жүрген қызметі таңертең офиске кіріп, кеште шығатын мамандық иелерінен әлдеқайда қиын. Қыстың суығында да, жаздың аптаған ыстығында да ештеңеге қарамастан қызмет етеді. Осы ойдың нәтижесінде Лунара деген досыммен бірге «Тамшыдай сый, көлдей көңіл» атты қайырымдылық науқанын қолға алдық.

Шара барысында біз әртүрлі қызметтегі әйелдерді суретке түсіріп, кейін «сіз сондай әдемісіз. Мына гүл сізге» деп ілтипатымызды білдіреміз. Және ол кісілердің жүздеріндегі бақыт пен таңқалысты камера объективіне түсіріп үлгердік. Әрине, фотоаппаратты көрген кезде қашқақтап, бас тартқан жандар аз болмады. Алайда, біз өзіміздің кәсібилігімізді іске қосып, қажетті кадрларды табуға тырыстық. Кім де болса көше сыпыруға қуанып шықпасы анық қой. Мысалы, көше сыпырып жүрген тәтеміз әуелі қарсы болды. «Біз түсіру керекпіз. Бізге сондай тапсырма түсті» деп алдап фотоға түсіріп алдық. Кейін «сіз сондай сұлусыз. Бақытты болыңыз» деп қолымыздағы гүлді ұсынған кезде қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап кетті.

Самса сататын аруға «сіз сұлусыз. Мына гүл сізге» деп сыйлаған кезде мүлдем сенбеді. «Қазір сьемкадан кейін алып кетесіздер ме? Шынымен де маған ба?» деп таңқалып біраз түсінбей тұрды.

Фотомоделдерімнің арасында «гүл алмағалы 5-6 жыл болып еді. Мынау бір бақыт болды ғой» деп қуанғандар да, «тоңып жүргенде жаныма жылу сыйладыңыздар» деген әпкелеріміз де, «өзіңнің ақшаңа сатып алдың ба? Қап, бекер шығындалдың ғой» деп біздің қалтамызды аяған жандар да болды.

Ең бастысы, сыйлықтың бағасы емес, мейірімділіктің маңызды екенін сезіндік. Өздеріңіз фотосуреттерге мұқият қарасаңыздар, жылы сөз әйелдерді ерекше әрлейтінін сөзсіз түсінесіздер. Сондықтан, айналаңыздағы нәзік жандыларға жиі ілтипат көрсетіп, махаббатқа толы жылы сөздеріңізді айтудан шаршамаңыздар. Құрметті, Қазақстандық қыз-келіншектер, тағы да Халықаралық әйелдер күні құтты болсын. Бәріңіз де сұлусыздар және бақытқа сөзсіз лайықтысыздар.

#мереке #халықаралық әйелдер күні #8 Наурыз #әйелдер

Читайте больше


Загрузка...