Тәуекел Мүсілім: "Сүйіктімді тауып, продюсеріммен жұмысты тоқтаттым"

Автор: Жанар Мырзабаева
5075 0 Новости
Жүз қыздың жүрегін жаулап, мың қыздың ұйқысын ұрлаған Тәуекел Мүсілімнің басы бос болса да, жүрегі бос емес. Махаббатқа мас болған жігіт продюсері Жанна Абуовамен жұмысты тоқтатып, тойға дайындықты бастапты. Бұл ел аузында жүрген ақпарат. Ал, қаншалықты рас-өтірік екенін актер жігіт Comode тілшісіне еш бүкпесіз айтып берді.

Тәуекел Мүсілім

Актер

Иә, Жанна ханыммен жұмыс тоқтатылды. Ұсыныс менің тарапымнан болды. «Отызда орда бұзбаса, қырықта қамал алмайды» деген ер азаматқа қатысты керемет даналық сөз бар. Қазір бұрынғыдай жас емеспін. Және маған деген сұраныс мәңгілік болмасы анық. Сондықтан, темірді қызып тұрғанда соғып қалуды мақсат еттім. Енді продюсермен бірге емес, өзім үшін жұмыс жасауды жөн санадым. Бұрын менің түсірілімнен тапқан табысымды екіге бөлетін болсақ, қазір 100%  өзім аламын. Осылайша ертеңім үшін ерте қамдану дұрыс деп шештім.

Бұл ұсынысты Жанна ханым да еш қарсылықсыз қабылдады. Түсіністік танытты. Сыйлыққа берген Range Rover көлігін де қайтарып бердім. Әрине, бұған дейін продюсер ретінде қыруар қаржы салды. Алайда, барлығын еселеп қайтардым. Тіпті, көліктің де қаржысын өтедім. Мен ол кісіге ешқандай материалды қарыз емеспін. Сол себепті арамызда түсініспеушілік, келіспеушілік болмады. Тату-тәтті жұмысты тоқтаттық.

Жүрегімнің жартысын таптым. Қазір ол - студент. Оқуын бітірген соң, бәлкім, той мәселесіне кірісетін шығармыз. Бірақ, тойдың күнін анық айта алмаймын. Әйтеуір, бойдақтықпен қоштасатын бақытты күні сіздерді міндетті түрде қонаққа шақырамын.

Ал, сіз сұрап отырған жеке өміріме продюсердің ешқандай қатысы да, қарсылығы да жоқ. Оның үстіне бұған дейін өзара келісім-шарт арқылы жұмыс жасамадық. Тек әпкелі-інілі қазақы келісім болды. Үйлену-үйленбеу туралы қатаң тәртіп болған емес. Жәкеңмен жұмыс тоқтатудың басты себебі - менің еркіндікті қалап, өзіме қызмет етуге бекінуім.

Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий