-->

Неге Ләйлә Сұлтанқызының бірінші кітабы "Менің екінші кітабым" деп аталады?

#Новости

Осыдан бірнеше күн бұрын танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желілер арқылы өзінің алғашқы кітабының тұсаукесері жайлы ақпарат жариялады.

Неге Ләйлә Сұлтанқызының бірінші кітабы

Кітапты алғашқы болып сатып алу мүмкіндігі шырайлы Шымкент тұрғындарына бұйырды. Әлеуметтік желілердегі оқырмандардың "неге Шымкент?" деген сауалына Ләйлә ханым "Өйткені, туған жерім" деп жауап берді. 

Алайда, кітаптың тұсаукесеріне қарағанда оқырмандарды кітаптың атауы көбірек қызықтырды. Неге автордың алғашқы кітабы "Менің екінші кітабым" деп аталады? Бірінші кітабы бар ма? Ол қашан жарыққа шығып үлгерді?

Біз осы сұрақтардың жауабын Ләйлә ханымның өзінен сұрағанды жөн көрдік. "Кітабымның "екінші" болуы жай емес. Ол автобиографиялық туынды болып табылғандықтан, құрамына 12 жасымнан бері жүргізіп келе жатқан жеке күнделігімнің үзінділері кіреді. Әрине, сол күнделігім мен үшін әрқашан да бірінші кітап болып қалады. Сол себептен, жарыққа шығатын кітаптың атауы "Менің екінші кітабым" болғаны дұрыс", деп түсіндірді автор.

Ләйлә ханымның кітабы қазақ әйелдеріне арналып, бірталай өзекті тақырыптарды қозғайды. Олардың ішінде отбасылы және ажырасқан әйелдерге арналған кеңестер, салмақ тастау, дұрыс тамақтану, өмір қиыншылықтарын жеңе білу және т.б. пайдалы ақпараттар баяндалады. Ең бастысы, кітаптағы ақпараттың барлығы автордың басынан өткен қиыншылықтар мен сынақтардың және өмірлік тәжірибесінің негізінде жазылған. Кітап 3 түрлі мұқабада жарық көреді. Әр оқырман өзіне ұнаған нұсқасын сатып ала алады. Мұқабаның сырты түрлі болғанымен, мазмұны бірдей.  

Алматы және Астана қалаларының тұрғындарына арналған тұсаукесер мамыр айына жоспарланып отыр. 

Comode cайтының редакциясы Ләйлә Сұлтанқызын алғашқы кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейді. 

#тележүргізуші #кітап #Ләйлә Сұлтанқызы #менің екінші кітабым

Загрузка...