Қайраттың анасынына сыйлаған көлігінің құны – 28 миллион теңге

#Новости

“Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды”. Бұл әнді Қайрат Нұртас ерекше жақсы көреді. Оған дәлел әр сұхбатында өнердегі жеңістері мен жетістіктеріне себепші анасына алғысын білдіреді.

Өмірде де Қайрат анасының құшағын гүлге, көңілін қуанышқа, репертуарын жәннатына арналған әнге толтырудан шаршаған емес. Шетелге барса, ең әуелі анасына қымбат сөмке, аяқ киім, көзілдірік алуды ұнататын ерке баланың кезекті сыйлығы елді шулатты.

Қайрат Нұртас өмірдегі анасы, өнердегі продюсері Гүлзира ханымға су жаңа Lexus көлігін сыйлады. Ұлының қымбат сыйлығы туралы анасы өз инстапарақшасында: «Қайратымның сыйы ғой. Ес білгелі құшағымды гүлге орап еді, мінекей көлігімнің нөмірінде де сол гүл. Осындай көрегенді етіп, тәрбие берген өмірлік жарым, папасы Нұрекеңе мың алғыс! Алла өмір жасын ұзақ етіп, абыройынан айырмасын! Үміт артқан ұл-қыздарыңыз бақытқа жеткізсін», - деп қуанышымен бөлісті.

Тұңғышы сыйлаған Lexus RX450 автокөлігінің Қазақстандағы көлік салондарындағы орташа бағасы 27 499 000 теңге екен. Ал, көпшілікке арман 777 GUL деген нөмірдің де құны арзан емес. Елімізде 777 деген санға GUL (гүл) әріппін қосып алу үшін шамамен 691 980 теңге төлеу қажет.

Гонорары қымбат «жұлдыз» Қайрат анасының қуанышы үшін қалтасындағы көк қағаздарды аяп қалмағандай. Бәлкім, анасының еңбегімен, өзінің дарынымен, бес елі бағымен келген танымалдылықтың да көмегі тиген шығар, кім білсін?!  

Естеріңізге сала кетейік, Гүлзира ханым өзінің өнердегі құрбысы, тілі майдай, сөзі балдай ақын Құрманай Бақтиярқызына біраз уақыт бұрын көлік сыйлаған еді.

Сондай-ақ, темір тұлпарды сыйға алған жұлдыздар тізімі шоу-бизнесте көп. Солардың бірі де бірегейі - Тәуекел Мүсілім. Актер жігітке продюсері Жанна Абуова Range Rover автокөлігін сыйлаған еді. Алайда, жуырда Жанна ханыммен жұмысын тоқтатқан сері продюсеріне көлігін қайтарып беріпті.

Әнші, продюсер Сиви Махмудиге де бірнеше жыл бұрын темір тұлпар сыйға берілді. Ұл-қызына аяулы ана, сүйікті жар, ибалы келіндік міндетін мінсіз атқарған Сивиге деген ризашылығын отағасы осындай қымбат сыйлықпен білдіруді жөн санапты.

Қазақтың бозторғайы Мейрамбек Беспаевқа да биыл автокөлік сыйлады. Әрине, кімнің және қандай темір тұлпар бергенін әнші жарияламады. Бірақ, бұл құпияның шетін журналист Гүлнұр Мамасарипова инста-тарихында көрсеткен еді.

Қара бала Нұржан Керменбаевтың да көлігін өнерін бағалайтын қалталы ағаларының бірі сыйлапты.

Бұрын бай-болыстар өнерлі сал-серілерге ризашылық ретінде ат мінгізіп, шапан жапса, қазіргі заманның талабына сай темір тұлпардың кілтін ұсынып, қалтасына көк қағаздарды салады. Сондықтан да, сыйлыққа автокөлік алған бақыттыларды тізе берсек таңды-таңға жалғауға болады. Ең бастысы, жұлдыздардың жолында тек жасыл түстер жанып, темір тұлпарлары жолда қалдырмай, тіл-көзден аман болсын деп тілейміз.

#Қайрат Нұртас, #мейрамбек беспаев, #Нұржан Керменбаев, #Сиви Махмуди, #Гүлзира Үсенқызы, #Тәуекел Мүсілім, #Гүлзира Айдарбекова, #Қайрат Нұртас анасына көлік сыйлады, #Lexus RX450

Загрузка...