Картинка
Жизнь города

Несие той немесе "жұрт не дейді?"

Той деген жақсы ғой, әрине. Ол қуаныш пен шаттықтың белгісі. Сондықтан болар, қазақта тойдың түрі көп. Тойлай білеміз де. Тіпті той жасаудан әлемдік жарыс болса, қазақтар бас жүлдені алып кететінінде күмән жоқ. Үйде қара су мен қара наннан басқа ештеңе болмаса да дүркіретіп той жасау біздің ғана қолымыздан келеді. Сондай тойлардың бірі – жоғарыда айтып кеткен үйлену той.

Үйлену той шығынды көп талап ететін тойдың бірегейі десек болады. Әсіресе бізде, қазақтарда. Біз девальвация мен кризистен қорықпаймыз. Тіпті ертең ақырзаман болады деген хабарды естісек те, “биссмиллях” деп жүре береміз. Әйтеуір “көппен көрген ұлы той” деген сылтауымыз бар. Бізді үркітетін тек бір нәрсе – жұрттың сөзі.

Жұрттың сөзінен неге сонша қорқамыз? Сонау өткен дәуірде шашылып-төгіліп той жасау екі жақтың бай, қуатты екенін көрсету емес, құдалардың қонақжайлылығын, сыйластығын көрсетудің белгісі болған. Жас балаларына теңін таңдауды да сол себептен үйреткен. Екі жақтың өмір деңгейі бірдей болғанда, шығындар да бірдей болады. Бай баймен, кедей кедеймен қыз алысып жататын. Туысқандар, ауылдастар болып бір тойды көтеретін.

Қазір заман өзгерді. Ол кездегі той қазына той болса, қазіргі той – бәсеке той. Адамдар бір-бірінен қалып қоймау мақсатымен тойды несиеге жасайтын болды. Қыздар ең қымбат көйлекке тапсырыс береді. Байқадыңыздар ма, сатып алады дегем жоқ, тапсырыс береді. Ол көйлекті Дубайдан, Америкадан, Италиядан айлап күтеді. Ең қымбат дизайнерді таңдайды ғой, шіркін! Әйтпегенде ше? 1000 доллардың көйлегімен ұзытылса, ертең отбасылық өмірі бақсыз болады ғой. Бақыттың бәрі көйлекке тіреліп тұр емес пе? Оны бұйыртса өмірінде бір-ақ рет киетіні орысша айтқанда “мелочь”.

Көйлектен басқа отбасының бақыты тойдағы лимузинның ұзындығы мен кортеждегі көліктірдің саны мен маркасына да тәуелді. Лимузин неғұрлым ұзын әрі сүйкімсіз болса, жас жұбайлардың бақыты да соғұрлым ұзақ болады. Кортеждегі көліктер саны отбасыдағы балалар санына тура пропорционал болып тұр ғой. Сондықтан, мерседестер мен лексустар көп болуы керек. Міндетті түрде Аль-Фараби даңғылымен адамдарды үркітіп шулап өту керек.

Жаңа отбасының бақыты мейрамханаға да байланысты. Мейрамхана іші де, ас мәзірі де қымбат болғаны жөн. Ол былай тұрсын, “жетпей қалса ұят болады” деп арақ-шарапты жәшікпен әкелу керек. Тура бір шағын ауыл тұрғындарын шауып түсіретіндей көлемде алынады. Әйтпесе, “жұрт не дейді?”.

Той қызыған кезде сахынаға МузАрт пен Қайрат Нұртас шықпаса мүлдем ұят. Онда той бекер өткені. Оларды шақыруға кететін қаражат жаңа пәтердің бастапқы салымына тең болатыны Қайраттың “ауырмайды жүрек, ауырмайды” деп созған сәтінде бірден ұмытылып кетеді. Жүрек, әрине, ауырмайды. Тойға алған несиені қайтаруға келгенде деп бас ауыруы мүмкін.

Тойбастар, айтпақшы. Тойбастардың ішін қымбат, жақсы сыйлықтармен толтыру керек. Оны жұрт үйіне алып барады ғой. Былайша айтқанда, сол тойдың көлемін бағлауға мүмкіндік беретіндей нәрсе болуы керек. Ал тойбастардың қоржыны ше? Ол кейді ішіндегі нәрселердің бәрін қосқанда шығатын бағадан қымбат болып жатады. Жұрт үндемеу керек, ең бастысы.

Тойды әбден өткізіп біткеннен кейін той иелері жиналған ақшаны санап, оның тойға алған несиенің 10-нан 1 бөлігін ғана жабуға келетінін түсінеді. Қалған ақша қайдан табылатынын бір Аллаға тапсырады. Аллаға тапсырса бір жөн, сол үйленген ұлының, кей жағдайда келіннің мойнына іліп қойып та жатады. Бұның бәрі қаншалықты дұрыс?

Жұрт сөйлейді, иә. Бірақ жұрт әрдайым сөйлейді. Бәрі жаман болса да сөйлейді, жақсы болса да сөйлейді. Ұл үйленсе де сөйлейді, үйленбесе де сөйлейді. Қыз күйеуден қайтып келсе де сөйлейді, үйде күйеуінен таяқ жеп, шыдап жүрсе де сөйлейді. Оларға сылату ғана керек, ар жағын өздері құрастырып алар. Айыптайтын адам табылар, аяйтын адам да табылар. Сөйлейтін жұрттың сөзіне еріп жүре беру – ең үлкен қателіктердің бірі.  “Көрпеңе қарай көсіл” деген қазақтын сөзі бекерден айтылмаған ғой.   

Это той, детка!
Жены казахстанских акимов: какие они
Слова казахстанских политиков, которые нас удивили