Саудаға айналған қалың малдың құны қанша?

#Личное

Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жақ «қалың мал» төлеуі тиіс. Бұл ежелден келе жатқан дәстүр. Ата-бабаларымыздың кезінде қалың мал құны олардың дәулеті мен байлығына байланысты еді. Және алдын ала төленген қалың малға ата-анасы қыздың жасауын дайындайтын.

Саудаға айналған қалың малдың құны қанша?

Ал, қазір заман ағымына қарай қалың малдың реті де, жоралғысы да өзгерген. Әр өңірде қалың малдың өзіндік құны бар. Арзан қалың малға қызын берген ата-аналары намыстанады, қыз бар жерінде міндетсінеді деген де сыбыс бар.

Алматы, Алматы облыстарында ең төменгі қалың мал 150 мың теңге. Ал, ең жоғарғысы 700 000 теңгеге дейін барады екен. Киіт, алтын-күміс, өзге де кәделері бұл ақшаның ішіне кірмейді.

Ақтөбе, Тараз, Қызылорда өңірлерінде қалың малдың орташа құны 500 000 теңге. Ал, қалтасы қалың құдалар құтты келіндері үшін 1 000 000 теңге беруге дайын екен.

Қазақстан өңірлерінде қалың мал дегенді аса түсінбейтін өңірлер де бар. Олар: Семей, Орал, солтүстік аймақтар. Салт-дәстүрлері әртүрлі өңірлердің өзара құда болулары бір қызық әрі қиын. Мысалы, Оралдың қызын алған Оңтүстіктік күйеу жағы қалың мал берсе қыздың туыстары намыс көреді екен. Себебі, Жайықтың жағалай қонған ел үшін қалың мал алу – қызын сатумен теңдей.

Есесіне, Шымкент пен Атырау қалың мал төлеудің ең қымбат өңірлері болып тұр. Кемінде 1 000 000 теңге сұрайтын құдалар өзге де кәделерді ерекше сынап, талап етеді. Аталмыш өңірлерде қыздың шыққан тегінен бөлек, оқыған оқу орындары да, дипломдарының саны мен түсі де, тіпті, жұмыстағы қызметтеріне назар салады-мыс.

Ал, мұндай ата-аналардың саудаласуына жастар қалай қарайды? Қалың малдың құны қолындағы дипломның саны мен түсіне де байланысты ма? Бүгін Comode сауалнама жүргізіп көріп, қыз-жігіттердің ой-пікірін біліп көрді...

Айым Джекенова

Журналист

Қалың мал – қазаққа ғана тән салт. Бұрын қараның басымен берілсе, бүгінде заманға сай қаражатпен беріледі.  Өз басым ешқандай да қарсылық көрсетпеймін. Алайда, «теңін тапса – тегін бер» деген нақылды да естен шығармаймын. Егер екі жас бір-бірін шын сүйіп тұрса қалың малға тіреліп тұрған түкте жоқ. Әрине, шамасы келсе күйеу жақ құдалар қалың малын берсін. Ал, расымен ешқандай ауқаты көтермейтін болса, екі жақтың ата-анасы өзара ортақ келісімге келуге болады. Себебі, жастардың бақыты сол 300 000-500 000 теңгеге байланысты емес. Және «қыз мұраты – кету» екенін білетін кез-келген қыз тәрбиелеген ата-ана қыздардың жолын бөгеп, қалың мал үшін ұзатпай қояды деп ойламаймын. Өзім Алматының тумасымын. Естуім бойынша Алматыда қалың мал 500 000-нан басталып, бір миллионға дейін ұласады екен.

Мен өз басым болашақ жарыма «Қалың мал төле» деп тұрып алатын жан емеспін. Бәлкім, бұл дұрыс емес те шығар... Бірақ, Оңтүстікте қалың мал бар екендігін және берілу керектігін кез-келген азамат та, оның ата-анасы да біледі деп ойлаймын. Сондықтан, текті, тәрбие көрген, құдаларын сыйлайтын болса, ата-анасы өздері-ақ қалың мал беретін шығар. Ал, егер жағдайлары келмесе сол қалың малға тіреліп, бақытымнан бас тарту та дұрыс болмайды деп ойлаймын.

Ғани Сауытбекұлы

Алматы облысы, Іле ауданының маслихат депутаты

Қалың мал – негізі қазақтың салт-дәстүрі ғой. Алайда, ғаламторды ашып қалсақ, кейде саудаға айналып кеткендей көрінетіні рас. Кейде қалың малдың құнына келіспей қалған ата-ананың наразылығынан жастардың екі жаққа кеткенін оқып, көріп қаламыз. Бірақ, қалың малдың құнын жігіт жақ шешеді деп ойлаймын. Ол өзінің жағдайына, шама-шарқына қарап төлейді. Және оған тұрмысқа шығатын қыз да түсіністік танытуы қажет. Әрине, қолынан келсе, қалтасы көтерсе көбірек бергені жөн. Ал, сіздер айтып отырған дипломның саны мен түсі, қызметі қалың малға әсер етпеуі керек.

Мен өзім Алматы қаласының тумасы боламын. Естуім бойынша Алматыда қалың малдың құны 400 000 теңгеден жоғары екен. Бұйыртса өзімнің болашақ қалыңдығыма 1 млн.теңге төлеуге дайынмын. Өзімді іштей осыған дайындап, етек-жеңімді реттеп жүрмін.

Қазақ аттан құласа да, салттан құламаған халық қой. Сондықтан, қалың мал деген салт-дәстүрдің одан ары да жалғасқанын қолдаймын. Бірақ, ең бастысы қызын ұзататын әулет аспандағы айдың құнын сұрамаса болғаны.

Маржан Тілеубекова

Журналист

Қалын мал - қазақтың салты. Тұрмысқа шыққан қызға жігіт жақтан әкелінетін ақша. Кей аймақтарда ақшаның жанына екі жақ тату-тәтті болсын деп бір қап қант әкеледі. Ал, кейбіріне бір шиша арақ әкеледі деп естиміз. Еліміздің әр аймағында қыз беру мен келін алудың салт-дәстүрі әртүрлі. Мен Жамбыл облысының қызымын. Біздің өңірде қатып қалған қалың малдың бағасы жоқ. Бірақ, еліміздегі ақша дағдарысын ескере отырып орташа есеппен 150 000-700 000 теңге шығар деп ойлаймын. Кейде тұрмысқа шыққан әпкелерімнен: «қалың малға қанша әкелді?», - деп сұрасам: «Алматының тарифімен бірдей», - деп әзілдейді. Алматыда 250 000 теңгеден басталады деп естігенім бар. Бірақ, өзім тұрмысқа шықпаған соң нақты жауабын айта алмаймын. Тіпті, жігітке «осындай теңге қалың малға әкел» деп айту да ерсі сияқты. Өзімнің қалың малым, апам айтпақшы, несіме байланысты болады. Жігітімнің материалдық жағдайына байланысты бұйырғанын береді деп ойлаймын.


Әділет Рахметолла

фотограф

Жамбыл облысы, Қордай ауданы, К.Әзірбаев ауылында тудым. Біздің жақта қалың малдың көлемі 500 000 теңгенің шамасында. Өзім де болашақ жарыма сондай көлемдегі қалың малды төлеуге дайынмын. Диплом мен қызметіне қарап қалың малды қымбаттату дұрыс емес. Қалың мал – сауда емес, тауар емес, салт-дәстүр. Тіпті, жігіттің отбасының жағдайы келмей аз төлесе де өкпелеу орынсыз. Себебі, бұл кәденің нақты құны жоқ. Ырымын жасау да жеткілікті. Ертеңгі күні болашақ әйелімнің отбасы дипломның саны мен түсін, қызметін, айлығын міндетсінсе мен үйленуден бас тартар едім. Мен үшін болашақ балаларымның анасының ақшасы мен дипломы маңызды емес, тектілігі, тәрбиелігі мен инабаты бірінші орында. Ал, отбасымды аш қалдырмай, материалды қамтамасыз етуге менің күшім мен жағдайым жетеді.

Алма Жаналина

Жеке кәсіпкер

Мен Жезқазғанның қызымын. Ол жақта қалың мал деген жоқ. Қаншама той жасап, қыз ұзатып, келін түсірдік. Ешбірінде саудаласу болған емес. Қалың мал, ана сүті, әке еңбегі немесе киіт, алтын-күміс деп дау болмады. Әрине, құда-құдағилар өзара кәделерін жасап, сыйлықтарын береді.  Десе де, өз басым көптеген қазақтың салттарына қарсымын. Әсіресе, қалың малдың құнын асқақтатып ақы сұрауының өзі сауда деп ойлаймын. Ал, бұл жаңа өмірге қадам басқан жастардың махаббаттарына да, өмірлеріне де кері әсер етеді. Меніңше, қазір заман басқа. Құда-құдағилар өзара сынап, бір-бірінің қалтасын қағып шығындалмай-ақ, сол ақшаларды жастарға бергені абзал. Сол көмектің арасында жас отбасы жаңа пәтер алуы мүмкін немесе шағын кәсіп бастауы мүмкін. Қысқаша айтсам, бір жыртығын жамауға көмек болар еді.

Ришат Қайратұлы

Құрылысшы-инженер

Өзім Алматы қаласында туып-өстім. Ес білгелі әпкемізді ұзатсақ немесе келін түсірсек үлкендердің қалың мал мәселесін қызу талқылап жататынын еститінбіз. Көретінбіз. Шамамен Алматы қаласында қалың малдың құны 500 000 теңгедей болады. Бәлкім,одан төмен немесе жоғары да беретіндер де бар шығар. Өзім қалың малға 500 000 теңге беруге дайынмын. Алайда, қызыл диплом бар деп қымбат немесе колледж бітіріпті деп аз қалың мал беру ақымақтық деп ойлаймын. Ол адамгершілікке жатпайды. Көп кезде жастар кеш үйленеді болмаса үйленуге асықпайды. Басты себепте осы салт-дәстүріміздегі ысыраптың кесірі деп ойлаймын. Қалың малды асқақтатып қою немесе басқа да кәделеріне кемінде 100 000 теңге талап ету расымен де ойланып қадам жасауға мәжбүр етемін. Өз басым кез-келген салт-дәстүрге құрметпен қараймын. Алайда, шектен шығып кетпесе болғаны.

#Алматы #Шымкент #қалың мал #Қазақстан #Атырау #Тараз #Қызылорда #Солтүстік Қазақстан #Шығыс Қазақстан #Ақтөбе #қалың мал қанша

Загрузка...