Батыл қадам: Ерекше бол!

Автор: Aysulu
1521 0 Личное
Өміріңізді өзгерту тек өзіңізге байланысты. Ол үшін жүрек қалауыңызды анықтап, өзіңізге дұрыс бағыт таңдаңыз. Тәукелге бару да батыл қадам.

Өсіп-өнген ортамыздың келешекте біздің қандай адам болатынымызға тікелей әсер ететіні сөзсіз. Мәселен, біз өмірге келген соң әке-шешемізге еліктедік, соларға ұқсағымыз келді. Өйткені, олар бізге жүруді, сөйлеуді, жалпы «өмір сүруді» үйретті.

Өмір құндылығын ұмытпа

Әрине, ата-анамыздың басты мақсаты біздің жағдайымызды жасап, бізге жақсы тәрбие мен білім беру болатын. Сол үшін олар жұмыс істеуі керек. Ал бізді үйдегі әжелеріміз, балабақшадағы тәрбиешілеріміз бағады. Сосын бізді мектептегі ұстаздарға табыстайды. Білім ордасында біз мыңдаған ережелер мен заңдылықтарды оқып, жаттап өсеміз. Себебі, үлкендер кішкентайымыздан «сабақты жақсы оқысаң, болашақта жақсы жұмысқа орналасасың, өмірде де қиналмайсың» дегенді құлағымызға құйып келеді. Бәрі сол жаттап жүрген сабағымызға байланысты сияқты. Алайда, осылай әр қадамымызды «жаттап» жүріп, басқанда, бір мезетте өз өмірімізді басқара алмай қалатынымызды қайтесің?! Оның бір себебі, бізді қоршаған ақпарат кеңістігі: баспасөз, радио, теледидар және ғаламтор. Енді осының бәрі біздің санамызды билеп, бізге өмір сүруді үйретеді. Бұқаралық ақпарат құралдарын тыңдап, көріп, оқып біз жаңа өмірге талпынамыз, қазіргі тілмен айтқанда «заманауи» болғымыз келеді. Осыны ойлап, бұрынғыдан бетер көп қаражат тауып, көбірек ақша жұмсағымыз келеді. Алайда, өкінішке қарай, «өркениет игіліктерінің» артынан қуамыз деп, өмірдегі құндылықтарымыздан айырылып жатамыз. Мәселен, кейбір адамдардың денсаулығы сыр бере бастайды, кейбірі ақшаны ойлап, жақындарынан, туған- туысқандарынан, достарынан қол үзіп жатады, т.с.с.  

Барыңды бағалай біл

Дегенмен, қандай ортада жүрсек те, біздің қандай адам болып шығатынымыз өзімізге ғана байланысты. Мәселен, Оңтүстік Америкада коата немесе өрмекші маймыл деп аталатын приматтар мекендейді екен. Жергілікті тұрғындар оларды ағаштағы қуыстың көмегімен ұстайды екен. Бұл қуыстың үлкендігі маймыл ішіне қолын әрең сыйғыза алатындай болу керек. Сосын сол қуысқа жаңғақ салып, маймылдың соны алғанын күтеді. Өрмекші маймыл жаңғақты алақанына қысып ұстаса, қуыстан қолын шығара алмайды екен. Осы кезде аңшы келіп қалады да, маймыл шыңғырып, жұлқынса да, одан құтыла алмайды. Әрине, хайуан ақылдырақ болғанда, жұдырығын жазып, қолындағы жаңғағын тастап, аңшыдан қашып кете алар еді. Дегенмен, ол жаңғақ үшін жанын пида етеді! Ал енді ойланып көріңізші, бұл сіз үшін таныс жағдай ма? Біздің өмірімізде осындай жағдайлар көптеп кездесіп жатқан жоқ па? Қолымыздағы болмашы нәрседен айырылып қалудан қорқатынымыз соншалық, Құдайдың бізге бұйыртар үлкен сыйларынан құр қалып жатқан жоқпыз ба?  Сонда біздің жаңғағымыз не? «Бостандыққа» жету үшін неден бас тартуымыз керек?     

    

Жұмысымыз бар кезде біз барымыздан айырылып қаламыз деп, іштей қорқып жүреміз. Орныма менен де білгір, талантты немесе жас та пысық қызметкерді алса қайтемін деген ойлар аракідік маза бермейді. Бұл қорқыныш, бұл үрей. Арамызда таң атқаннан кеш батқанға дейін, аптасына бес күн жұмыс істейтін азаматтар бар. Олар солай үйренген, оларды солай үйреткен. Сөйтіп, көп жылдық еңбек артта қалып, қанша тер төгілді. Енді адам зейнетке шығып, демалуды армандайды. Оның жаны уайым-қайғысыз өмір сүруді қалайды. Алайда, екі қолымды жылы суға малып отырамын дегенде, денсаулығы сыр бере бастайды. Сондай-ақ біздің зейнеткерлерді ауқатты адамдар деп айту қиын. Сондықтан, олар қайтадан күн көрудің қамына кірісе бастайды. Неге? Өйткені, олар өмір бойы бір жүйенің шеңберінде қызмет етіп, сол шеңбердің аясынан шыға алмай қалды. Батылдық пен  табандылық жетіспеді.

Дұрыс таңдау жасаңыз

Енді бүркіт туралы әңгімемізді оқып, көз алдыңызға елестетіңіз.         

Бір кезбе бүркіттің жұмыртқасын тауып алыпты. Оны үйіне алып келіп, ауласындағы күрке тауықтың астына салыпты. Одан бүркіт жарып шығып, ол тауық қорада өмір сүре бастайды. Өмір бойы тауық секілді жүреді, өзін әтеш деп санап өтеді. Жерден құрт іздеп, әтеш сияқты дауыс шығарады. Аспанда самғап ұшудың орнына, ол тауықтар секілді екі қанатын қағып, секіріп, жүре береді. Осылай жылдар өте береді. Бір күні тауық қорасында өскен бүркіт көкте шарықтап жүрген әдемі құсты көреді. Екі қанатын кең жайған үлкен құс.

  • Аспанда шарықтап жүрген бұл қандай құс? - деп сұрайды ол жанында тұрған тауықтан.
  • Бұл құс патшасы – бүркіт. – Алайда, біз сол бүркіт секілді көкке самғап кете алмаймыз. Ол біздің қолымыздан келмейді.   

Осыдан кейін әлгі бүркіт көкке самғау туралы ойлауды да қойды, әдемі құсты да ұмытты. Өмір бойы өзін әтеш деп санап, солай өлді.     

Бұл әңгіменің соңын өзгертуге болады:

Бүркіт қайтадан жоғары қарап, үлкен құс екеуі бір-біріне қарап қалды. Кенеттен оның бойын тылсым күш жаулап алды. Ол қанаттарын кең жайып, ештеңе түсініп үлгерместен, аспанға шарықтап кетті. Бұл оның алғашқы рет көкке самғауы еді, оның қуанышында шек болмады. Ол үлкен құстың жанына ұшып келіп, оның мұны құптағанын көрді. Көкке көтеріліп, самғауды «әтеш» бұрыннан армандайтын, бар жанымен қалайтын, алайда, өз күшіне сенбей келген-ді.

Сонымен, қай әңгіме сізге көбірек ұнады? Бұл әңгіме – сіздің өміріңіздің ақиқаты екенін білесіз бе? Сіз – сол бүркітсіз, алайда, бұны сізге ешкім айтпаған соң, сіз өзіңізге сенбей жүрсіз. Өмір бойы тауық қорада жүріп, құрт іздеген дұрыс па, әлде бүркіт секілді көкте самғап жүрген жақсы ма? Таңдау өзіңізде!

Өзгеруге талпын!

Енді құмырсқа туралы бір аңыз айтып берейік. Егер сіз құмырсқаның илеуінде өмір сүріп жатсаңыз, ол жерден бостандыққа шыққыңыз келсе, ақыл-кеңесті сол илеуде тұратын құмырсқадан сұрамағаныңыз жөн. Сіз кенеттен илеуден кетуді ұйғарсаңыз, қалған құмырсқалар сіздің соңыңызға түседі. Бұл көпшілік жүрген жердің заңдылығы. Арамыздан біреу суырылып шықса, оның жүріс-тұрысын қалғандары сөз етеді. Оның шешімін құптамайды.

Көрнекті адамдар сынға көп ұшырайды. Замандастар Эдисонды мазақтайтын, Коперникті оттың құшағына тастамақшы болған, импрессионист суретшілерді барлық салондардан қуған, т.с.с. Өзгешеленіп шыққан адамдар көпшіліктің көңіліне жақпайды. Табысқа жетудің қағидасы: сынға көңіл бөлме. Алайда сізді ешкім сынамаса, онда сіз барыңызды қанағат тұтып, қатардағы құмырсқаға айналдыңыз деген сөз.

Өміріңізді өзгертуден қорықпаңыз. Жаңа идеялар жеңіс те, жеңіліс те әкелуі мүмкін. Адамдар жеңілістерден қорқады. Алайда, өмірден өз орнын табуға талпынбайтын, тырыспайтын адам түбінде ең үлкен жеңіліске ұшырайды. 


Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий