Әр қазақ оқуы тиіс 10 кітап

Автор: Жанар Мырзабаева
914 0 Кино, книги, музыка
Адам ой өрісінің дамып, өсу қабылетінің артуы үшін кітап оқу керек. «Кітап – білім бұлағы» деген нақыл бекер болмаса керек. Ал, әр қазақ қандай кітап оқу керек? Бұл сұрақтың жауабын төмендегі тізімнен көре аласыздар.

Кез-келген танымал тұлғаға «қандай кітап оқыдыңыз?» немесе «сүйікті кітабыңыз қандай?» деген сұрақ қойса «М.Әуезов «Абай жолы» немесе Ә.Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар» деп жауап береді. Алайда, төртінші билік өкілдері бұл жауапқа аса сене қоймайды. Сондықтан да, қазір аталмыш бағыттағы сұрақтарды қойып, осы тақырып төңірегінде сөз қозғаудан бас тартқан.

Әрине, «Абай жолын» әр қазақ оқуы тиіс. Аталмыш туынды ұлы тұлғаның өмірбаянымен қатар қазақ тарихын баяндайды. Бірақ, бұл романды оқу аса оңай емес. М.Әуезовтың сипаттауы мен жазу стилі қарапайым, әсіресе ғаламтор санасын жаулаған оқырман үшін өте ауыр. «Абай жолын» әр  оқыған сайын оқырман әртүрлі түсінеді. Себебі, бұл туынды тірі жан секілді оқырманның жасы мен санасына қарай өседі, берер тәлімі мен мағынасы өзгереді. Десе де, екі томдық «Абай жолын» оқу үшін үлкен психологиялық дайындық керек. Әрине, филолог, әдебиттанушы, журналист немесе кітап десе ішкен асын жерге қоятын жандарға бұл дайындықтың еш қажеті жоқ. Ал, оқуға жеңіл, түсінуге оңай, берері мол кітаптар тізіміне назар салыңыздар.

Мұхтар Әуезовтің «Жетімі» бүгінгі азғырылған қоғамда әр қазақ оқуы тиіс шығарма десек қателік болмас. Өйткені, баласын қоқыс жәшігіне, ата-анасын қарттар үйіне тастап кету біздің қоғамда үйреншікті жағдайға айналған. Жаңалықтар аптасына кемінде бір рет сондай тастандылар туралы жарыса айтады. Ал, М.Әуезовтің «Жетім» атты шығармасы сол замандағы жетімдіктің қиындығы мен зарын баяндайды. Жетім Қасымның тағдыр тауқыметін баяндаған шығарма барысында қазақтың «Жетім көрсең жебей жүр» деген мақалы еріксіз еске түседі. Әр бала өзінің ата - анасымен бақытты. Ата - ананың қадірін бағалай білейік.

Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесі» нағыз тарихи туынды. Бірінші томы Тұрардың әкесі Рысқұлға, екінші томы Рысқұлдың ұлы Тұрарға арналған.  Рысқұл болмаса, Тұрардай қайраткер, күрескер ұл тумайды, сондықтан әкенің рөлі айрықша дәріптелген. Оқырман алғашқы кітаптан-ақ, болашақ большевиктің мінезі қандай ортада, қалай қалыптасқандығы туралы жанымен ұғып, көңілмен танитын мол мағлұматтар алады. Тарихи шындықты негізге ала отырып жазған романда өзге де тарихи белгілі тұлғалар кездеседі.

 «Тұрардың өз деңгейінде зерттей алған жоқпын. Т. Рысқұлов әлемі – шексіз, шетсіз әлем. Оның мұхитына сүңгу енді сендердің еншілеріңде», - деп пікір айтқан еді бес томдық романның авторы. Сондықтан, бұл кітап тарихты танығысы келген оқырманды жалықтырмайды деп ойлаймын.

Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын әр қазақ білетіні анық. Алайда, бәрі оқыды ма екен?! 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналында басылып шыққан роман өмірде болған оқиға желісі бойынша жазылған. Бір қазақ қызының тағдыры арқылы әлеуметтік төңкеріс кезіндегі қазақ ауылының өзгерістері мен қиындықтарын баяндайды. Романда көтерілген басты мәселе – қазақ қызының тағдыры, әйел теңсіздігі.

«Шұғаның белгісі» Бейімбет Майлин жазған қазақ прозасындағы шоқтығы биік шығармалардың бірегейі. Кейіпкердің тағдырына ата-салтын кінәлап, өлімге барып тірелген қыз тағдырының өкініші, арманы көрсетіледі. Жазушы Шұғаның сұлулығымен бірге мінезінің көркемдігін сипаттайды. Сол замандағы Шұғаның білімділігі мен сауаттылығын, өзгелерден оқ бойы озық екендігін әдемі жеткізген. 

Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романы 1916 жылғы көтеріліс, Амангелді секілді ел намысын қолдан бермейтін азаматтар туралы баяндайды. Қысқаша айтсақ, қазақ еңбекшілерінің бостандық-теңдік жолындағы күресін көрсетуге арналды.

«Әпке» деген құлаққа жылы естілетін атаумен Дулат Исабеков керемет шығарма жазды. Қазір аталмыш шығармаға екі бөлімнен тұратын сахналық қойылым қойылды. Басты кейіпкер Қамажай кез-келген қиындыққа мойымай, бауырларына қамқорлық танытады. Қазіргі қоғамдағы әр адамның бойындағы басым эгоны, өзімшілдікті жойып, ақсаңдап бара жатқан бауырмашылдықты арттыруға үлкен себеп болатын шығарма. Ата-анасынан ерте айырылғанол өзінің бауырларына пана боламын деп, жеке өмірін ысырып қояды. Ал, оқиғаның одан әрмен қала   й өрбитінін оқырман өзі оқып алады деп сенеміз.

«Менің атым – Қожа» атты Бердібек Соқпақбаевтың шығарма желісімен түсірген кинокартинасын кез-келген адам біледі. Барлығы сүйіп көретін классик кинотуындының жазбаша нұсқасын оқыған оқырман еш өкінбесі анық. Көп кезде ересектер «бұл балаларға арналған шығарма» деп менсінбей қарайды. Алайда, дұрыс сөйлеу, сөз саптауды жөндеу үшін Соқпақбаевтың балаларға арналған шығармасынан лайықты туындылар жоқ. Көп кезде ойымыз шашыраңқы, сөйлеміміз мағынасыз, өзімізге сенімсіз жүреміз. Ал, осы комплекстен арылу үшін «Менің атым- Қожа» кітабын оқу керек. Шығармада қарапайым сөздердің әдемі қолдану тәсіліне куә боласыздар. Оқиға желісі туралы жазбасақ та белгілі.

Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» атты романы да XIX ғасырдағы қазақ халқының әлеуметтік жағдайы туралы баяндайды. Ұлпан романында тоқсанға жуық кейіпкер бар. Әрқайсының қалыптасқан жеке-жеке образдары өзара қайталанбайды. Романдағы бас кейіпкер Есеней - қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған биі, атақты байы. Есенейдің айналасында өрбіген оқиғалар желісін оқысаңыз XIX ғасырға сапар шегесіздер.

Абайдың 45 қара сөзі. Иә, бұл кітапты әр қазақ күнде парақтап оқыса да өкінбесі анық. Себебі, Ұлы Абай әр қазақтың бойына сіңген жаман мінез-құлықтары мен әдеттері туралы баяндайды. Бүгінгі қоғамда мотивациялық тренингтер сәнге айналған. Алайда, сол жақта үстіртін айтатын ақыл-кеңестерді үш орап Абай Құнанбаев өзінің қырық бес қара сөзінде жазып кеткен. Бастысы, асықпай, алаңдамай мұқият күнде оқысаңыз жеткілікті.


Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий