Қазақстандықтар мақтана алатын жеті бейнебаян

#Кино, книги, музыка

Танымал болу үшін қазір бейнебаян ауадай қажет. Мұны сахнаға қадам басқан әр адам жақсы біледі. Сондықтан, барлық тиын-тебенін, доллары мен еуросын жинап бейнебаян түсіреді. Ал, олардың барлығы бірдей керемет деуге келмесі анық. Бүгін Comode қазақстандықтар мақтана алатын жеті бейнебаянды сараптайды.

Қазақстандықтар мақтана алатын жеті бейнебаян

Батырхан Шүкенов «Отан ана»

Тек қазақ сахнасын емес, Ресей мен көршілес ТМД елдерін мойындатқан Батырхан Шүкеновты таныстыру да артық шығар. 2000 жылға дейін «A-Studio» тобында өнер көрсеткен оның қоржынындағы кез-келген туындыны әр қазақ мақтанып айтары анық. Әсіресе, «Отан ана» туралы айтылар әңгіме бір бөлек. Батырхан Шүкенов, Қуат Шілдебаев және Дин Махаматдинов туған жер туралы ерекше туынды түсіруді мақсат етеді. Нәтижесінде, 2001 жылы көшпенді қазақ отбасының өмірінен сыр шерткен бейнебаян қазақтың кең даласында түсірілген. Суық қанды қазақ отағасы, мейірімді ене мен ибалы әрі төзімді келін, еңбекқұмар әке өмірге келетін ізбасарларын асыға күтеді. Ананың толғағымен бірге кең далада бірге қиналып, өмірге тағы бір сәби келеді. Осы бақытты «Отан ана» туындысының орындаушысы марқұм Батырхан да, оның досы, режиссер Дин Махаматдинов әдемі жеткізе білген.

Ерке Есмахан «Қайда»

«Қайда» туындысы шыққанға дейін көпшіліктің көкейінде «Ерке қайда?» деген сұрақ болды. Өйткені, ерке қыздың шығармашылығында үлкен бір толқындар пайда болмаған еді. Ал, бейнебаян мен ән жарық етіп шығып, миллиондаған қаралымнан соң сұрақ өзгермесе де, мағынасы өзгерді. «Ерке қайда?» деген сұраққа «Ерке біресе Шымкентте, ертесіне Таразда, сосын Атырауда, одан қалды Астанада, біресе Дубайда, біресе Түркияда» деген жауап алатын болдық. Ғашығын «қайда?» деп іздеген арудың бұл бейнебаяны небәрі 9 айдың ішінде 60 миллионнан астам көрсетілім жинаған. Еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін позитив пен ашық түстерге толы бейнебаянды тоқтай қалып көреді. Тіпті, тек Қазақстан емес, алыс-жақын шетелге да тарап, хитке айналған. Қазақты тек киіз үй, игерусіз жатқан дала деп танитын көп шетелдіктер үшін жаңалық болды. Осы бейнебаяннан кейін тіпті, Қазақстанның туризмі де дами бастады деген әзіл-шыны аралас әңгіме бар.  Алматы қаласының әдемі жерлерінде түсірген туындының режиссері – Тимур Дулатов.

«Орда» тобы «Кеш мені»

Қазір «Орда» тобы ресми бөлінбесе де, білек түріп шығармашылық жұмыс жасап жүрген жоқ. Есесіне, олар бұған дейін төккен маңдай тердің нәтижесін көруде. Бірақ, бүгінгі әңгіме ол туралы емес. Бүгін біз «Орда» тобының «Кеш мені» атты әніне түсірілген бейнебаянына тоқталамыз. Қазақ сахнасына ерекшелік әкелген жігіттердің бұл бейнебаянының режиссері – Б.Юлдашев. Ән мен би өзара үйлесім тапқан туындыда компьютерлік графика мүмкіндіктері дұрыс қолданылған. Айтпақшы, бұл туынды өз уақытында ең қымбат бейнебаяндардың бірі де бірегейі болған еді.

«91» тобы «Мooz»

Ал, қазір сол «Орда» тобының негізін қалаушылардың бірі Ерболат продюсерлік қызмет атқарып жүр. Оның құрған «91» тобы расында, қазақ эстрадасы үшін «бомба» болды. Бірі – мақтады, өзгесі – даттады. Бастысы, Ерболат Беделхан өз мақсатынан кері шегінбестен Q-POP бағытын дамытып жүр. Нәтиже - керемет. Оған дәлел соңғы шыққан бейнебаяндардың бірі «Mooz».  Аталмыш бейнебаян «91» тобы туралы фильмнің саундтрегі ретінде түсірілген. Небәрі жарты жылда 6,5 миллионнан астам қаралым жинаған бейнебаянмен қазақстандықтар расында мақтана алады.

Ғалымжан Молданазар «Ақпен бірге»

Бұл әншіні де өнерсүйер қауым оңай қабылдай алмады. Бағыты өзгеше әншіні түсінбегендер де, сынағандар да көп еді. Алайда, оның 4 жыл бұрын жарыққа шыққан «Ақпен бірге» шығармасы қазақ эстрадасы үшін тың жаңалық болды. Күні бүгінге дейін бұл туындыға деген сұраныс азайған емес. Сондықтан, кез-келген қазақстандық «Міне, мынадай да сапалы әрі өзгеше бағыттағы бейнебаян бар» деп мақтана алады.

KешYou & Baller «Swala La La»

Бұл әлі ел аузынан түспеген су жаңа дүние. Үлкендер «ойбай» деп бетін шымшыса, жастар «wooow» деп қол шапалақтап жүр. Баян Мақсатқызының «Сиситай» атты кинокартинасының саундтрегі ретінде түсірілген туындының мәтіндері де өзгеше. Әуелі «Сиситай» фильмін көруге шақырады, одан қалды қыздарға жігіттеріне мұқият болуға ескертеді. Әрине, бұл әлі буы басылмаған Ақбота-Нұр мен Жұлдыз Өмірғалидің өміріне қатысты деп болжам жасауда қарапайым көрермен. Мәтіні креативке толы әннің бейнебаянындағы үштік мүлдем жаңа образда бой көрсетті. Бұған дейін қазақы әрі әдемі, табиғи сұлулықты көріп қалған көрермен КешYou-дің жаңа бейнесін қабылдай алмай әлек. Сондықтан шығар, жуырда ғана ғаламторға жүктелсе де 2,5 млн. астам қаралым жинап үлгерген.

Қайрат Нұртас «Ауырмайды жүрек»

Мереке қарсаңында жеке отбасылық кешін беріп жүрген Қайрекеңнің әрине, менталитетке қарсы келер туындылары жоқ. Ол нағыз қазақилық пен қарапайымдылықты сақтап, әдемі бейнебаян түсіруге құмар. Оның репертуарындағы ең хит шығармасы - «Ауырмайды жүрек». Жарыққа шыққанына 7 жылдан астам уақыт өтсе де өнерсүйер ұмытар емес. Жеті жыл бұрын арзан емес бейнебаяндардың бірі дәл осы шығарма болған еді. Жалпы, қазақ елі Қайрат Нұртастың кез-келген әнімен де, бейнебаянымен де мақтана алады. Өйткені, ол – құпиясы ашылмаған феномен.

#Қайрат Нұртас #бейнебаян #КешYou #Орда #Ерке Есмахан #Орда тобы #Батырхан Шүкенов #Ғалымжан Молданазар #91 #91 тобы

Загрузка...