Картинка
Письма на Комоде

Келін мен ене туралы екі түрлі оқиға

Ақмарал, 24 жас

Мен тұрмысқа ерте шықтым. Бірақ, өзім қалаған, шынымен сүйетін адамыма шықтым. Екеуіміз бір-бірімізді жақсы көреміз. Алайда, мен тұрмыста бақыттымын деп айта алмаймын. Оған себепші - енем. Мен осы отбасына келетін кезде, құрбыларым сияқты енеммен ұрсысып жүрмеймін, бірден оны анамдай қабылдап, айтқанына көнемін деп келген болатынмын. Мінезім де сондай, қабағымды шытпаймын, өзіме бір нәрсе ұнамағанды білдірмеймін. Әсіресе, күйеуім екеуіміз ұрсысып қалсақ, енемнің көзінше бәрін жақсы етіп көрстуге тырысатынмын. Баласы мен келіні дауласып қалса, оның көңілі бұзылып қалады деп уайымдайтынмын. Енем де маған жақсы көзбен қарайды, қызынан кем көрмейді. Ананы дұрыс істемедің, мынаны дұрыс қоймадың деп даттамайды. Екеуіміздің арамыздағы шаруаны ол да ұлына айтпайды, мен де күйеуіме тіс жармаймын. Енді не ұнамайды дейсіздер ғой? Ол ұлын тым қатты жақсы көреді. Менен қызғанады ма, білмеймін. Ұлы көңілсіз келсе, маған тиісіп қоймайды. Ұлы көлігін ұрып алса, мен кінәлімін. Ұлының жұмысында сәтсіз жағдайлар болса, мен оған дұрыс ақыл айтпаған болып шығамын. Ақыла айтып жатқанымды естіп қойса, тағы да "ер адамға әйел ақыл айтқанды қайдан көрдің" деп шығады. Үйде қайын інім бар. Үй жинау барысында одан шаң соруды сұрасам, енем үндемейді. Жарымнан сұрасам, "сен неге оған шаң сорғызып қоясың?" деп ұрыс бастайды. Аяғым ауыр болған кезде күйеуім үйге таң атқанда келді. Өзінің қайда болғанын дұрыс айта алмады. Әйтеуір, достарыммен қыдырдым деді. Сөзге келіп қалдық. Алайда, дауысымды көтермей сөйледім. Ата-енем естіп қоймасын деп. Әйтпесе, ұлының таң ата келгені ұят емес пе? Оның жағымсыз әрекетін жасырамын деп, өзім бәлге қалдым. Енем менің көңілсіз жүргенімді көріп, алай да тиісті, бұлай да тиісті. Бәріне де "ия, мама" деп көне берген соң, ілінетін жер таппай ашық ұрыса бастады. "Менің ұлым ойын ойнап жүрген жоқ. Таң ата келсе, шаруасы болды" деді. Шамасы, біздің сөздерімізді әдейі тыңдап тұрған болуы керек. Әйтпесе, ұрсыспадық қой. Амалсыздан көндім. Қанша ызам келіп тұрса да, ұйқыдан тұрған күйеуіммен ренжіспей сөйлейстім. Сол кезде ғана енем қайта жұмсарды. Ұзын сөздің қысқасы, соншалықты ұлын жақсы көретін енем, менің күйеуіме деген сезімімді біртіндеп сөндіріп келе жатыр. Мен жақсы көрген адамыма күн сайын басқа көзбен қарай бастадым - менің күйеуім емес, анасының етегіне тығыла беретін баласы ретінде. Себебі, ол да соқыр емес, ол да бәрін көріп жүр. Бірақ, оған бұл жағдай ұнайды. Соңғы кезде анасы оны жақтай беретінін білетін ол, қол көтере бастады. Енем мен атамның қарым-қатынасына ешкім кедергі болған емес. Бөлек тұрып, өз отбасын өздері көтерді. Енді неге менің отбасыма соншалықты тиісе береді екен? Неге ұлының ересек болуына кедергі жасайды? Мен қашанға дейін осылай жүре беремін? Басқа адам үшін ондай жағдай тумайды. Ол кезде одан артық ене жоқ. Бірақ, мәселе оның ұлына келіп тірелген кезде одан жаман ене жоқ. Тиісіп-қашып жүргеннен жүйкем қозыды. Кетіп қалайын десем, кішкентай қызымыз бар. Тығрықтан шығатын жол қандай?

Салтанат, 27 жас

Тұрмыс құрғанымызға 2 жыл болды. Ата-енемізбен бірге тұрамыз. Екі жылдың ішінде отбасылық өмірдің ащысы мен тұщысын толық көрдім деп айта алмаймын. Бірақ, бір түсінгенім, келін мен ененің қарым-қатынасына көп нәрсе байланысты екен. Менің жеке отбасымның бақыты да. Менің енем әрқашан да мені қолдап жүреді. Басында ыдыс-аяқты өз әдетім бойынша жуып, төңкеріп қоятынмын. Ол маған ылғи да сөйлеп, ескерту жасайтын. Бұл үйде жуылған ыдысты кептіретін сөреге көтеріп қою керек. Олай-бұлай үйрендім, әйтеуір. Енеме ренішім жоқ. Себебі, оның бәрі ұсақ-түйек тәрбие. Ең бастысы, ол мені күйеуімнің алдында әрқашан да қолдап жүреді. Күйеуім түнде достарымен бір жерге жинала қалса, енем маған да қалыспа деп, бала, үй күтімін өзіне алады. "Күйеуіңнен қалыспа" дейді әрдайым. Бір күні күйеуім екеуіміз қатты ұрсысып қалып, ол үйден кетіп қалды. Енем мені жұбатып, келесі күні оралған ұлына "барған жеріңе қайт" деді. Осыдан жарты жыл бұрын күйеуім ішімдікке беріліп кеткен кезде енем маған "Салтанат, мен сенің қиналып жүргеніңді білемін. Еген осындай адаммен ажырасамын десең, мен сені қолдаймын. Тек біздің үйде тұрсаң болды. Ал ол, кетерге жер тапсың" деп күтпеген ақыл берді. Тұңғышы болса да, еш уақытта ұлын қорғаштамайды. Мені қорғаштайды. Анасы мен әйелінің бір команда болғанын көрген еркек қайда кетеді? Не істейді? Амалсыздан ішімдікті де қойды, түнде қыдыруды да қойды, үйден кетіп қалатын әдетін де қойды. Енеме шынымен де ризамын. Қалған майда шаруыға тиісе берсе де, мағызды шаруыда менің қасымнан табылатыны әлдеқайды артық. Себебі, ол менің отбасымның берекесі ғой. Төңкерілген ыдыс күйеуім мен менің арамызды еш алшақтата алмайды, маңызды емес. Оны түсінетін енеге тап болғаныма жаратушыға мың алғыс айтамын. Барлық енелерге де соны айтқым келеді. Ұлдарыңызды жақтай бермей, келініңізді қорғасаңыз, ұлыңыз бақытсыз болмайды. Қайта бір отбасын сақтап қалуға септігіңізді тигізесіз. 

Құрметті Comode оқырманыдары, осы оқиғының қайсысы сізге жақын көрінді? Қай адамардың әрекеті дұрыс болды деп ойлайсыздар?

Мақаладағы кейіпкерлердің есімдері өзгертілген.