Картинка
Мужчина и женщина

Ер мен әйел арасындағы кемел қарым-қатынастың жеті белгісі

Кемелдік – өмірдің түрлі сынақтарынан сүрінбей өтуге және сол сынақтар ішінде барынша өзіңді «жоғалтып» алмауға көмектесетін ішкі күй. Кемел адам – өз сезімін басқара алатындай, пайым-парасаты биік, қай жағынан алсаң да толысқан ұстамды жан. Ондай адам балаша сөз ұқпай кетпейді, өзін құрбан ретінде сезініп, айналаны кінәлаудан аулақ, ата-ана рөліне кіріп, айқайлап, басынуға бармайды. Ондай адам қарым-қатынаста да бөлек. Демек, қарым-қатынасты түзеу үшін, адам алдымен өзімен жұмыс істеу керек. Бұл – бұлжымас аксиома. Ал кемел қарым-қатынас деген қандай? Толығырақ талдап көрейік. 

1. Кемел қарым-қатынастағы ер мен әйел бір-бірінің көңіліне қарап, сыйластыққа ұмтылып тұрады. Егер де біреуінің тарапынан оғаш қылық көрсе, барынша байыппен себебін сұрап, оны түсінуге тырысады. Себебі қандай да бір түсініксіз әрекет ақымақтан не болмаса мінез-құлқының нашарлығынан емес, не қорқыныштың, не үрейдің, не басқа бір адам өзін басқара алмай қалатындай күйдің салдарынан екенін жақсы түсінеді. Ақ пен қараны ғана ажыратып қоймай, оның арасына түрлі түстер қосу сияқты адам тек жаман-жақсыдан тұрмайтынын анық біледі. Сол себепті де, біржақты жаңсақ пікірден ааулақ. Қасындағы жанның бойынан жақсылықты көруге ұмтылады. Қалай дегенде де, адам бойында жақсы қасиеттер көп. Тек өз қарым-қатынасымызбен ол қасиеттерді оята алмауымыз мүмкін немесе белгілі бір психологиялық қысым көргендіктен, адам барынша мейірімін аша алмауы мүмкін. Осының барлығын кемелдікке ұмтылған жан жақсы түсінеді. 

2. Бір-біріне деген сезімді жасырмайды. Жақсы көрсе де, көңілі қалып, ренжіп тұрса да, сол ішкі күйін дұрыс жеткізуге тырысады. Яғни, адам екінші адамның ішкі ойын оқи алмайтынын жақсы түсінеді. Жақын адамыңның намысына тимей, барынша жұмсақ жеткізу де қарым-қатынастың деңгейін көрсетеді. Жақсы көру де тура сондай. Ішімдегіні оқып ал демей, әр ісінен, әр сөзінен жылулық пен мейірім сезіледі. Реніш пен өкпенің өзі басқаша қабылданатындай, қарабайыр адам түсіне бермейтін өзге бір деңгейде сөйлеседі. 

3. Бір-бірінің шекарасына кірмейді. Ол шекараны о бастан көрсетіп, сызып, белгілеп тастаған. Қарым-қатынастағы басты проблемалар сол шекара бұзылғанда пайда болатынын өте жақсы түсінеді. Шекара көзге көрінбегенімен, жақсы сезіледі. Ал оған сызат түскенде, міндетті түрде көңілге кірбің түседі, жүрек жараланады. Сондықтан бұл тұста кемел адам үлкен сабырлық танытып үйренген. Бірақ, қалай десек те, ол шекара ішіндегі кез-келген проблеманы бірге көтерісуге дайын, қолдауға дайын, барынша көмектесуге дайын. 

4. Жұмыр басты пенденің бәрі қателесетінін түсінеді, қабылдайды. Өзінің де қателіктерін мойындай біледі. Қателескен тұсына сын көзбен қарап, қажет болса, кешірім сұрайды. Мұны кішірею, намысты таптату де деген түсініктен ада. Керісінше, өз кінәсін көріп,  жақын адамының көңіліне қаяу түсіргенін түсіне білгені үшін ол адам алдында өз дәрежесін бір төбе көтеру деп біледі. Кешірім сұрау – адамның батылдығын көрсететін игі амал. Сондықтан кез-келген адамның бойына берілмеген бұл қасиетті игеру де кемелдікке ұмтылғандардың ғана қолынан келсе керек. 

5. Мұндай жұптар мінсіздікке ұмтылмайды. Өмірде бәрі біз ойлағандай, біз қалағандай бола бермейтінін өте жақсы түсінеді. Сондықтан бір-бірінің іс-әрекеті мен бір-бірінің бойынан мінсіздікті іздемейді, мінсіз бола қал деп сұрамайды. Адамның табиғи болмысы мен берілген игілікті сол күйінде қабылдау арқылы артық уайым мен артық ойдан арылатынын біледі. Сырт көзге де мінсіз көрінуге қорықпайды. 

6. Бір-бірінен көп нәрсе күтпеудің өзі қарым-қатынасты өте тұрақты әрі бақытты ете алатынын біледі. Сондықтан «сен мен үшін былай өзгере қал», «мен сен үшін осылай істеп жатқанда, сен сондай бола қалмадың» деген басы артық әңгімеге жол бермейді. Бір-біріне талап қоюдан гөрі, бірі-бірі үшін өздігінен өзгеруге тырысуға ұмтылады. Бұл күй адамға сенімділік пен рухани тыныштық сыйлайды. Себебі, ерлі-зайыптылардың ғана емес, жалпы кез-келген адамнан бірдеңе күтудің соңы жақсы аяқталмайтынын жақсы түсіндеі. Күткен нәтиже болмай қалса, орынсыз өкпе-реніш туындап, араға сызат түседі. Сондықтан кемел қарым-қатынастағы жандар бір-бірінен ештеңе күтпей өмір сүре алатындар қатарында. 

7. Бір-біріне жол беру, кей жағдайда бір-бірінің сөзіне көну, кішірейе салу әлсіздік емес, пайым-парасаттың бір белгісі екенін жақсы біледі, өмірде жиі қолданады. Мысалы, күнде өзінің дегенін істетіп жүрген ер-азамат арасында әйелінің де көңілін аулап, кейде өзінің ұстанымынан бас тартып, айтқанына көнгеннен ұтпаса, ұтылмайтынын түсінеді. Себебі, ол бастысы – «кім кімді жеңеді?» емес, «қалай бірге жеңіске жетеміз?». Ортақ мақсат, ортақ міндет, ортақ жауапкершілік барын, жұмыла көтерген жүктің жеңіл екенін жақсы түсінеді. 

Елдің не ойлайтыны маңызды емес. Бастысы, өздері бақытты. Мүмкін олардың өмір сүру салты сырт көзге оғаш көрінетін шығар. Бірақ олар бір-бірінің ғана бақытына басыбайлы. Жұрттың пікірі де өзгермелі екенін әрі «сырт көз не ойлайлайды» үшін ғана екі адам арасындағы сезім мен түсіністікке сызат түсірудің қажеті жоқ екенін жақсы түсінеді. Сондықтан олардың арасындағы берік қарым-қатынас бір қарағанда көзге білінбегенімен, қастарында аздаған сәт бірге болған адамға жақсы сезіледі. 

Кемел қарым-қатынас – өмірдің ащысы мен тұщысын да көрген, түрлі сынақтан өткен, өмірден түйгені мол, психологиялық тұрғыдан әбден піскен адамдардың арасындағы гармония. Оны бір сөзбен жеткізу мүмкін емес болар. Бірақ сондай қарым-қатынасқа ұмтылуды мақсат тұту – бақытыңды баянды етудің, ұрпаққа тек өнегелі өмірді көрсетудің негізі кілті. 

Үлкен бақытты сырттан күтпей, ұсақ-түйектің өзіне қуана білу, содан барынша ләззат ала білу де – кемел адамға тән қасиет. Бақытты өмір бақытты сәттердің жиынтығы екенін түсінген кезде ғана қарым-қатынасты да осындай кішкентай қуаныштармен бақытты етуге болады. Ал мұндай кез-келген адамға сезінуге берілмеген кішкентай қуаныштарды қолдан да жасауға болатынын ұмытпайық! 

Эльмира Жүнісова
 

Я – любовница
Воровство невесты: реальные истории
Красивый праздник: волшебная свадьба Каната и Малики