Киімдегі дақтары қалай кетіруге болады?

#Советы

Киімдегі түрлі дақтар кез-келген адамның мазасын қашыруы мүмкін. Жарнамалар кір жуатын ұнтақтарды қанша мақтаса да, олардың көбісі ең қарапайым дақтармен де күресе алмайтыны өтірік емес. Сол себептен, әр адам дақтарды кетіру үшін түрлі тәсілдер ойлап табады. Comode сіздерді солардың ең тиімді тәсілдерімен таныстырады.

Киімдегі дақтары қалай кетіруге болады?

Дақтарды келесі топтарға бөлуге болады:

  1. Сумен кететін (құрамында қант бар тағам өнімдері, желімнің кейбір түрлері, т.б.).
  2. Органикалық қоспалардың (спирт, бензин) көмегімен кететін (көлік майлары, майлы бояулар, лак, крем, т.б.).
  3. Сумен де, органикалық қоспалармен де кетпейтін (қан, ірің, нәжіс, табиғи немесе жасанды бояулар, т.б.).

Дақтардың қандай болса да түрін кетіруді бастамас бұрын, қоспаны киімнің көрінбейтін шетіне жағып көрген абзал. Себебі қоспа киімнің матасына байланысты, оның түсін өзгертіп тастауы немесе тіпті тесіп тастауы мүмкін. Сондықтан, кішкентай тамшыдан бастап, бақылап көріңіз. Үлкен дақтарды шетінен бастап, ортасына бағыттай кетіру керек. Дақтарды кетіру үшін тіс щеткасы, басында мақтасы бар таяқшалар, мақтадан жасалған косметикалақ дискілер, т.б. қолдануға болады. Жаңа түскен дақтардың көбісі жай ғана сумен шайылып кетуі мүмкін.

Шырын дақтары

Бұл дақтардың түрімен көбінесе жас аналар жиі кездеседі. Себебі балалардың шырын ішіп, үстіне төгіп алатын әдеттері бар. Жаңа төгілген шырынның дақтарын үстіне ыстық, қайнаға су құйып кетіруге болады. Ал ескі дақтарды кетіру үшін сізге марганцовка, сірке қыщқылы, 3% сутек тотығы  (перикись водорода), және бірнеше мақта дискілері керек болады. Алдымен, марганцовканы суға араластырып, қанық түсті қоспаны дайындаңыз. Оған мақтаны батырып, дақтың үстін сулаңыз. Дақтың түсі өзгереді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Енді сутек тотығымен ылғалданған жаңа мақта дискімен дақтың үстін сүртіңіз. Біртіндеп дақтың түсі ағарып, артынша мүлдем жоқ болып кетеді.

Сия дақтары

Жаңа тиген сия дақтарын кетіру үшін ерітілген мұсатырлы спирт пен ас содасы (бір стақан суға 1-2 шай қасық) қолданылады. Сондай-ақ, жаңа түскен дақтар сүтпен де жақсы кетіріледі. Ашыған сүтті де қолдансаңыз болады. Дақ сіңіп кеткен жағдайда дақ түскен киімді сүтке бірнеше сағатқа малып, кейін киімді мұсатырлы спирт ерітіндісімен жуыңыз. Сия дақтарын 1:2 қатынасындағы сірке суының ерітіндісімен де кетіруге болады (бұл тек жібектен басқа маталарға келетін тәсіл).

Тер дақтары

Тері көбіне қолтық тұсында сары дақ қалады. Оны қолмен жусаңыз да, кір жуатын машинамен жусаңыз да, кір сабынмен немесе кір жуатын ұнтақпен жусаңыз да орны сарғайып білініп тұрады. Мына тәсілді қолданып көріңіз: екі дана аспиринді ұсақтаңыз. Ыдысқа майдаланған аспирин мен кір жатыну ұнтақ салып, үстіне жарты стақан жылы су құйыңыз. Қоспаны жақсылап араластырып, дақ тиген жерін сол қоспаға малып алып, ысқылаңыз. Одан кейін осы қоспаның ішінде киімнің дақ тиген жерін  1-2 сағатқа қалдыра тұрыңыз. Уақыт өткен соң киімді жылы сумен жуыңыз.

Үтіктің іздері

Киімді үтіктеген кезде де дақтар қалып қоюы мүмкін. Басқаша айтқанда, үтіктің іздері. Оларды кетіру үшін пияздың шырынын даққа жағып, бірнеше сағатқа қалдыру керек. Одан кейін, киімді жылы сумен жуады.

Шөп дақтары

Түрлі түсті киімдегі шөптің дақтарын ас тұзын сумен араластыпыр кетіруге болады. Ал ақ киімдегі шөптің дақтарын сутек тотығына мұсатырлы спиртінің бірнеше тамшысын тамызып кетіруге болады. Жаңа түскен дақты жылы сумер жуып, кір сабынмен ысқылап кетіруге болады.

Шоколад, кофе немсе шай дақтары

Бұл дақтардың құрамында май, ақуыз және бояғыштар бар. Шоколад дақтарын мұсатырлы спирттің көмегімен немесе тұзды сумен кетіруге болады. Кофе немесе шайдың дақтарын тіс щеткасының көмегімен ысқылап, кейін киімді толығымен сірке суы қосылған суға жуып алады.

Майлы дақтар

Жаңа түскен майлы дақты бордың көмегімен кетіруге болады. Ол үшін борды ұсақтатып, дақтың үстіне себеді. 2-4 сағаттан кейін бор майды өзіне сіңіріп алуы керек. Ескі дақтарды ыдыс-аяқ жуатын сусабынмен кетіруге болады.

#дақтар #киімдегі дақтар #дақтарды кетіру #кір жуу

Читайте больше


Загрузка...