Абысын тату болса... | женский портал Comode

Абысын тату болса...

#Советы

Қазақта «еншісін беріп бөлек шығару» деген түсінік бар. Үйленген үйдің үлкендеріне өз еншілерін беріп, бөлек үйге шығарады. Алайда, кей ата-аналар барлық балалары мен келіндерін қанаттарының астына жинап, бірге тұруға құмар. Бүгінгі біздің құпия кейіпкеріміз Гүлмира Маратқызы сондай әулеттің келіні. Абысындардың арасындағы қызықтар мен қиындықтар туралы бөліспек.

Мен ерке қыз болып өстім. Көкшетау өңірінің қызы болғандықтан, оңтүстікке үйрену қиын болды. Оның үстіне бір әулетте төрт келін бірге тұрдық. Бөлек шықпаудың басты себебі: ата-анамыз барлық ұлдары мен келіндерінің бірге тұрып, көз алдарында көбейгендерін қалады. Алайда, ондай үлкен отбасына үйрену де, тыныштықты сақтау да оңай емес. Өзіңіз ойлап көріңізші, әр келін әртүрлі тәрбие алған, түсініктері де, талғамдары да өзгеше. Сол үшін кейде қабақ шытысып қалатын кездеріміз болатын. Ол үшін «ойбай, масқара» деп бет шымшудың қажеті жоқ шығар. Себебі,бір ана мен бір әкеден туған бауырлар да бір-бірін күнде көре бергеннен шаршап, сөз қағысып қалады емес пе?! Ең әуелі көп келіннің бірге тұруының артықшылықтарына шолу жасайын.

Қонақ келсе – құт келеді. Қара шаңырақ болғандықтан, біздің үйден қонақ арылмайды. Бұл өте жақсы ғой. Әр қонақ өзімен он несібесін арқалап келіп, тоғызын қалдырып, біреуін ғана алып кетеді. Ал, асхана тірліктеріне аса икемім жоқ мен үшін қонақ күту ешқандай да мəселе емес. Себебі, қонақ келетін күні таңертең ерте тұрып өзара жұмыстарды бөліп аламыз. Біріміз -үйдің тазалығына, екіншіміз – ыстық тамаққа, үшіншіміз – тәттілерге, төртіншіміз – салаттарға жауап береміз. Әрине, әркім өзінің жұмысын бітіріп қалған кезде келесімізге қол ұшын созып, лезде дастарханды гүл жайнатамыз. Тек қонақ күту емес, қонақтан кейін дастархан жинау да, топ-топ ыдыстарды жуу да біз үшін қорқынышты емес. Бәріміз әзілдесіп, әңгімелесіп жүріп бәрін мұнтаздай таза етеміз.

Ата-ененің де, баланың да көңілі де, қарны да тоқ.  Үйде үлкен абысыным және мен жұмыс жасаймын. Ал, екі келін әзірге жұмыссыз. Сондықтан, мен жұмысқа кеткен кезде балаларыма еш уайымдамаймын. Екі ұл, бір қызым бар. Балаларымның мектепке аш кетпесіне, тып-тиянақты болып баратынына сенімдімін. Себебі, бұл жауапкершілік үйде отырған келіннің үлкеніне жүктелген. Әрине, айлық алған кезде алғысымды айтып, кішкене сыйлығын алып беремін. Одан бөлек көп келін бірге тұрса, ата-ененің аш қалмайтынына 100% сенімді боласыз. Мысалы, өзге келіндер қыдырып кетсе, мен олардың жоқтығын білдірмей үйдегі барлық әулетке тамағын беріп, үйімді жинап, жағдайларын жасаймын. Өзгелері дәл солай. Сол себепті, қыдырған кезде «қап, үйде ата-енем бар еді. Аш отыр – ау. Тамақтарын пісірмеген едім, ренжитін шығар» деп еш уайымдамаймын.

Сырласың да, жанашырың да,мұңдасың да – абысындар. Әсіресе, еріңізге, кейде үнемі сынайтын енеңізге немесе өзге да жақындарыңызға өкпелеген кезде анаңызға хабарласып, жамандаудың еш қажеті жоқ. Әрдайым бірге жамандап, кейін «жарайды, сабыр етейік. Бәрі уақытша ғой» деп жүгеніңізді артқа тартатын ақылды абысындарыңыз бар.  

Үйдің кенжесі болғанша күшігі бол деген әзіл-шыны аралас әдемі сөз бар емес пе?! Мен үйде ортаншы келінмін. Бірақ, кейде ең кенже келінге жаным ашиды. Үнемі сол келінді жұмсайды. Алайда, кенже келіннің міндеті деп арқаны кеңге салып отырмаймыз. Орнымымыздан ыршып тұрып, ол келінге де көмектесеміз. «Келінка - тоже человек» деген ұстанымды ұмытпайсыз. Әрине, менен кейінгі үшінші келін кішкене мінезі ауырлау. Ол қандай жағдай болса да өзінен кіші келінді «келін» деп атап тұрып, жұмсап алуға бейім. Енді, жасы кіші келіннің үндемей қызмет етуі міндеті. Ал, енді үйдің үлкен ұлының әйелі болып, «генерал» деген атақты еншілесеңіз жолыңыз болды дей беріңіз...

Күндестік деген қызыл ит кейде абалап қояды. Кез-келген әйел қызыл көрсе қызығып тұрады, біреудің артықшылығын байқаса іші бүріп қалады ғой. Бір үйде көп келіннің бірге тұрудағы басты қиындығы да осы шығар. Сенің әр қадамың өзге келіндердің назарында. Күнде әдемі киім алу, сұлулық салондарына бару мүмкін емес немесе байқатпай жасалу қажет. Үнемі өзіңізге көңіл бөліп, сыланып жүру абысындардың арасындағы өзара реніш пен көреалмаушылықты ұлғайтады. Алайда, шешілмейтін түйін жоқ. Бұл мәселенің басты шешімі – жиі абысындарыңызға сыйлық жасап тұру ғана.

Өзара көреалмаушылық та жиі орын алады. Бұл қасиет бірге тұратын да, бөлек тұратын да абысындардың арасында көп кездесетін шығар. Әйелдің тумысынан табиғатында кездесетін мінез ғой. Әрине, кейде көреалмаушылық деген көк итті тартып отырмасаңыз, күллі әулеттің тыныштығының быт-шыты шығады.

Салыстыру да аз болмайды. Өзара басқа келіндердің тірліктерімен, пысықтарымен жиі салыстыратын болады. Әрине, бұған ашуланудың еш қажеті жоқ.

Абысын тату болса, ас көп. Ал, араздасып қалса асүйде ақырындап ыдыстар тарсылдап, қабақтар түйіліп, үйдің берекесі қашады. Негізі өзара ренішкен сәттерді тек енеміз байқауы мүмкін. Ал, ер адамдарға көп көрсете бермейміз. Бізді енеміз солай үйретті. Асүйде ашуымызды шығарып алып, үндемей жүре береміз. Бір терлеп шай ішкен соң, әлгі өкпе термен бірге жоқ болады. Осылайша, одан әрмен өмірімізді жалғай береміз.

Әрине, көп келіннің бірге тұруы оңай емес. Оған үлкен даналық, сабырлық және тапқырлық қажет. Бірақ, «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, үнемі жылы сөйлеп, күліп жүріп, тіл табыса білсеңіз көп келіннің бірге тұруы үлкен ғанибет қой.

#ене мен келін #ата-ене #келіндер бәйгесі #абысындар #абысын тату болса #көп келін бірге тұрса

Читайте больше


Загрузка...