Болат Әбдіхалықты достары жылап еске алды

Автор: Comode
7878 0 Для пользы
«Өлмек бар да, тумақ бар». Қазақ шоу- бизнесінде қаралы хабар орын алды. «Зың-зың» деп елді шулатқан жас ән өңдеуші Болат Әбдіхалық өмірден өтті. Өнердегі жұлдызы енді жанған кезде, өмірдегі жұлдызы өшкен азамат туралы өмірдегі достары экслюзивті сұхбат берді.

Данияр Барыс:

Менің студент кезден дос болған Тұрғынәлі деген бауырым бар. Ол Болатты жақсы таниды, араласады екен. Сол жігіт таныстырды. Ол кезде Болат пен Айдын деген бауырымыз бір топ құрып, өнерге қадам басқан болатын. Кейін өнердегі ортақ тақырыптарымыз пайда болып, жиі кездесіп, араласа бастадық. Таныстық достыққа ұласты. Менің «Неге айтпадың» деген әнімді Болат өңдеген еді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Бірнеше рет студияларда бірге жұмыс жасадық. Жанын беріп, бәрін ұмытып жасайтын. Музыкаға деген махаббаты ерекше болатын. Ал, өмірде керемет азамат болатын. Көрген кезде жүзінен позитив ұшқындап тұратын. Айналасына жақсы көңіл – күй сыйлайтын. Үйіндегі ата-ана, бауырларымен керемет араластым десем өтірік болар. Шынымды айтсам, шаңырағына барып, жақын танысқан емеспін. Алайда, Тұрғынәлі «Сынаққа сынбаған бала. Арты артынан қайғы болса да тағдырға төтеп бере алды» деп бірнеше рет айтқан болатын. Оның бойындағы өмірге деген құштарлықтың зор болғаны соншалық, ешқандай мұң мен қайғыны, әлсіздікті байқамадық. Тіпті, дерті туралы көбіміз білмедік. Қайғылы хабарды естіген кезде жол апаты шығар деп жорамалдаған едім. Кейін Тұрғынәлі айтты. Өкпесі ауырып бастапты, бірнеше рет су да алғызған екен. Енді адам тағдыры пешенесіне сонау ананың жатырына біткен кезде жазылады ғой. Алланың бұйрығына ешкім де қарсы келе алмайды. Мен Болат бауырымның отбасына, жақындарына сабырлық тілеймін. Бүгін жұма ғой. Бауырымыз үшін бәріміз жәннаттың бағын дұға етейік.

Индира Расылхан – әнші:

Шынымды айтсам, жүзі өте таныс бала. Мүмкін студияда кездескен де шығармыз. Мүмкін, жүзі жылы болғандықтан таныс көрінген болар. Алайда, нақты есімде жоқ. Бір айтарым «Зың –зың» әні шыққанда ренжіген едім. Әр сөзге мән беріп қарасам, түк мағынасы жоқ екен. Сондықтан, көңілім толмады. Ал, ішкі динамикасымен орындағанына риза болдым. Бұл баланың дүниеден өткенін естіп осы әнді тыңдай бергім келеді. Өмірінің соңғы күндерінде елдің аузында жүретіндей д.ние қалдырып кетті. Бәлкім, көз тиген шығар. Алла арғы өмірде де абыройын биік еткей.

Қуаныш Жаманқұлов – ақын, өмірдегі досы:

«Айбын» деген дуэт болып құрылған кезде студияда таныстық. Көпшіл, көңілді, ашық-жарқын мінезді болды. Марқұм бауырымның бойындағы жақсы қасиеттерді саусақпен санап тауыса алмасым анық. Жары және кішкентайымен Шымкентте пәтерде тұратын. Ал, шатаспасам ата-анасы дүниеден озды деп естіген едім. Өмірінің соңғы күндері, бір апта бұрын маған үй жаққа келді: "Мына "Зың-зың" əнім жақсы тарап жатыр, не істеуге болады, ақылдасу керек еді" - деп. Бұл əнді мен жаздың күні естіген болатынмын. Содан «тезірек әннің шумақтарын жазайық» деп ұсыныс білдірдім.  кірісу керек дедім. Содан шумақтың мақамын шығарып, соған мен сөз жазатын болып тарқастық. Сол соңғы кездесуіміз екен ғой. Адамның дәмі-тұзы таусылар кезде бойында өзгерістер болады деп жиі естуші едім. Бірақ, ондай өзгерісті бауырымның бойынан мен аңғармадым. Оның бойындағы өзіме үлгі еткен бірнеше қасиеттері бар. Өте тиянақты, ісіне жауапты, уəдесіне берік жігіт еді. Қанша адамнан өнері асып тұрса да, кеуде қағуды білмейтін қарапайымдылығы бар болатын. Əн хит болып, желі қолданушылары күн санап жүздеп, мыңдап əзіл видеолар салып жатқанын көріп кеудесін қуаныш кернеген болар. Содан да болар менімен ақылдасып, хабарласқан еді. Әрине, әнді сынаушылар да, қолдаушылар да табылды. Бірақ, әу бастан бұл əңгіме айтылды. Түрлі теріс пікірлер болатынын да тілге тиек етіп, дайын болу керек екенін ескерттім. Бірақ, түсініксіз тілдегі бір əндерге қарағанда дұрыстау ғой деген ойда болды. Шыққан кезде-ақ тыңдармандар пікірін екіге жарды. Сынаушылар да, қолдаушылар да табылып жатты. Дəл сол мезетте жанында болмағандықтан қалай қабылдағанын білмедім. Алайда алдында айтылған ескертулерді жадында ұстап пікірдің жаманына жабырқап, сынның ауырына сына қоймаған болар дер ойлаймын. Жарты жыл бұрын маған бір əнімді өңдеп берген. Соны қайта өзгерту керек деп хабарласқан кезде «жарайды» деді. Арада бір айдай уақыт өткен соң хабарласқанда ауырып қалғанын естідім. Мен оны күнделікті тұмау-сұмау шығар деп бір жетідей өткен соң қайта хабарласқанымда дертінің ондай жеңіл еместігін (өкпеден су алдырғанын) естідім өз ауызынан. Айығуын тілеп қоштастық. Содан оңалып шығып менің өтінішімді бітіріп берді. Одан соң "Зың-зыңды" ақылдасуға келгенде көрдім. Ол кезде өңі жақсы еді. Бәлкім, АЛЛА бір бой жаздырған болар. Қазір бауырымның дәм-тұзы таусылғанын ойласам бір қанатым сынғандай болады. АЛЛА алдынан жарылқасын деп тілеймін.


Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий