Жалғызбасты аналардың уайымы: бала тәрбиесі, депрессия, материалдық қиындықтар

#Семья

Қоғамда жалғызбасты аналар көп. Бірі - ажырасқан, өзгесі - жесір. Алайда, әңгімелері өзгеше болса да олардың кездесетін қиындықтары бір. Тағдырлары ұқсас. Comode қос жалғызбасты анамен сырласты.

Жалғызбасты аналардың уайымы: бала тәрбиесі, депрессия, материалдық қиындықтар

Диана Ахметова

Бір қыздың анасы

Ажырасуыма күйеуімнің соққысы себеп болды. Мен көзсіз махаббатпен тұрмысқа шықтым. Шын ғашық болдым. Ғашықтықтың кесірінен көптеген кемшіліктер мен проблемаларды көрмедім. Көргім де келмеді. Алғашқы махаббатым болды. Жоғарғы оқу орынында танысып, жүрдік. Бірақ, мен таныған жігіт ұзатудан кейін мүлдем өзгеріп кетті. Бұрынғыдай мейірімді, қамқор жігітімді таппай қалдым. Ұзатудан кейін ата-анаммен байланысымды үздім. Себебі маған төркініме баруыма үзілді-кесілді тыйым салды.

Уақыт өте күйеуімнің жаңа жаман қылықтары шыға бастады. Лас әрі ауыр сөздерді айтқаны былай тұрсын, қол көтере бастады. Талай рет терезеден секіріп қашып кеткен кездерім де болды. Бірақ, ол кезде қайда барарымды білмей үйге қайтып келетінмін. Құрбыларыма айтуға ұяламын, ата-анамды уайымдатқым келмеді. Жүкті кезімде де соққының астына алды. Ауыр соққыдан соң мен ауруханаға түстім. Сол кезде қайтып ол үйге, ол еркекке бара алмайтынымды түсіндім. Ең бірінші қызымды ойладым. Ұрыс-керіс, дау-жанжалдың ортасында өскен баланың психологиясы ешқашан дұрыс болмайды. Жасқаншақ, өкпешіл, уайымшыл болып өскенін қаламадым. Ауруханадан тікелей төркініме қайттым.

Қызымның тез есейіп кетуіне әкесінің ақымақ қылығы кінәлі. Бір күні жолдасым үйге келді. Сол кезде шатаспасам қызын алғаш көруі болатын. Сыртта сөйлесіп тұрдық. Қасымызда Раяна да бар. Айтқан сөзім ұнамады ма, әлде ісім, бәлкім түрім ұнамады ма білмеймін. Мені тағы да ұрмақшы болды. Бұл жағдайдан соң қызымның әкесіне деген көзқарасы мүлдем өзгеріп кетті. Сол сәтте бірнеше жасқа есейіп кеткендей. Одан кейін әкесі кездесуге келсе: «мама, өзім шығамын. Сен үйде отыра берші», - деп айтатын болған.

Ал, қазір тіпті, кездеспейді де, іздемейді де. Өйткені, әкелік мейірімді ол кісі бере алмады. Әке болып өзі де іздемейді. Кейде телефон соғамын. Бірақ, ол жауап бермейді. Алайда, қызыма ол кісіні мақтап, жақсы жақтары мен қасиеттерін айтуға тырысамын. Себебі, әкесі ғой.

Әр әке өз баласына материалды қамтамасыз етуге міндетті. Алайда, біздің арамызда алимент төлеу үшін де біраз дау болды. Себебі, ол кісі жұмыс жасаған емес. Кейін жұмысқа тұрған соң, әйтеуір, заңды түрде алиментке қолымыз жетті. Десе де, ол кісінің төлейтін 20 000 теңгенің төңірегіндегі ақша түкке де жетпейді. Өзім жұмыс жасаймын. Одан бөлек ата-анам көмектесіп отырады.

Әрине, болашақта тұрмысқа шығамын. Бұйрық келгенде менің де бағым ашылады деп сенемін. Мен ол азаматты ұмыту үшін бір-екі жыл уақытты қажет еттім. Ал, енді толық жаңа өмір бастауға дайынмын. Раяна да жиі: «мама, сен тұрмысқа шығатын болсаң мен қуанамын. Менің бауырларым болады», - дейді. Қызымның жалғыз өскенін қаламаймын. Бауырлары және туған әкесіндей мейірім төге алатын қамқоры болғанын армандаймын.

Жалғызбасты аналардың жабырқауға уақыты жоқ. Кейде депрессия болады. Сол кезде Раяна жанымда болса, өзімді тез жинап аламын. Қызым бақытсыз, уайымшыл, мұңлы анасын көрмесе екен деймін. Өмір болғасын құлаймыз, жылаймыз, сынамыз. Бірақ, сол уақыттарда әлсіздік танытуға болмайтынын түсінемін. Өйткені, мен сынып кетсем қызыма қамқор, қорған жоқ. Сондықтан, қанша шаршап тұрсам да қайта тұрып алға жүру керектігін білемін. Әйел ретінде еркелікті жиып қойып, еркек ретінде жауапкершілікті арқалап ары қарай тоқтамай қозғалу керек. Себебі маған жәудіріп үміттеніп қарап тұрған қызым бар.

Алтынай Шымбергенқызы

төрт баланың анасы

Балаларымды әкесінен айырған – оның көңілдесі. Әрине, ажырасу оңай емес. Себеп-салдары туралы көп айтқым келмейді. Отбасымыздың тыныштығы мен берекесін қанша сақтағым келсе де, мүмкіндік болмады. Себебі үшінші адам араласты. Қазір ол кісінің басқа әйелі бар. Бастапқыда «мен сенен кетемін, - деп айтпады, -мен сенімен де, онымен де тұрамын» деген еді. Мен келіспедім.

Қазір актуалды болған көпәйелге кез-келген әйел шыдайды деп айта алмаймын. Қай әйел өзінің күйеуі мен төсегін өзгемін бөліскісі келеді. Әрине, алғашқыда ашық ажырасу туралы әңгіме болмады. Бірақ, таңдау жасау керек болған кезде жолымыз екі бөлінді. Ажырасқаныма үш жылға жуық уақыт болды. Қазір ойлап отырсам сол кезде көңіл-күй, проблема барлығы ұмыт болыпты. Іштей қуанып отырмын. Өйткені, бұл сол бір мұңға, қайғыға, күйзеліске толы күндердің бәрінің артқа қалғанының басты дәлелі.

Балаларымның «әкешім мен анашым мәңгі бірге тұрсыншы» деп тілегенін естідім. Ол кезде жүректің қан жылауын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әрине, ес білгелі бір бөлмеде жататын әке-шешенің әп-сәтте екі бөлек кетуі балаларға оңай емес. Балаларыма ауыр тимесін деген ниетпен ажырасу туралы олардың көздерінше ешқашан сөйлескен емеспін. Мүмкіндігінше олар жоқ кезде мәселенің ақ-қарасын ажыратуға тырыстым.

Алайда, бала мен ананың арасында көзге көрінбейтін бір байланыс бар. Ол – сезгіштік қасиет. Міне, сол қасиет арқылы ұл-қыздарым іштей біле бастады. Қанша білдіргіміз келмесе де, әрекеттерімізде өзгерістер пайда болды. Әкелері күнделікті үйге келмейді. Сол кезде: «Әкешім, енді бізбен бірге тұрмайды ма?», - деген сұрақтарды да жиі қоятын. Ана болғасын қолымнан келгенше: «Бәрі дұрыс. Біз сіздерді жақсы көреміз. Әкелеріңіз де жақсы көреді», - деп жылы жеткізуге тырыстым.

Әкенің тәрбиесін жүз мектепте бере алмайды. Осы сөзді ажырасатын кезде көп ойладым. Тәрбие мәселесінен қатты уайымдадым. Әлі де уайымдаймын. Әсіресе, ұл балаларға әкенің тәрбиесі, әкенің қабағы, әкенің көзі мен сөзі ауадай қажет. Қоғамдағы еркекке тән мінезі жоқ, тым жұмсақ, «мамаларының баласы» осы әкенің «әйі мен қойы» болмағандықтан деп ойлаймын.

Сондықтан, әкенің қасынан алшақтатпау керектігін білдім. Балаларым әкелерімен араласады. Алайда, айына бірнеше рет кездесу бала тәрбиесінде аздық ететіндей болып көрінеді. Күні бүгінге дейін мен күйеуімді сағынып емес, балаларыма әкенің махаббаты мен тәрбиесі жетіспей қалмаса екен деп уайымдаймын. Жиі осы тақырыпты ойлап көз жасымды тамызып та аламын.

Әйелге жалғызбасты аналық емес, жалғыздық сезіледі. Мен сәбилі болған сәттен бастап 90% бала тәрбиесімен өзім айналысып келемін. Ол кісі тек балалар ауырып қалса, дәріханадан дәрілерін әкеліп беретін. Ал, тәрбие, тәртіп, тамақ т.б. бәріне толықтай мен жауап бердім. Жолдасымды аса мазалағым келмейтін. Сондықтан, ажырасқаннан соң бала тәрбиесінде қиналдым деп айта алмаймын. Мен үшін аса ауыр соққы болмады.

Бірақ, қазір ұлдарым өсіп, өтпелі кезеңге жақындап келеді. Мінез-құлықтарында өзгерістер байқалады. Осы сәтте негізі әкенің қолдауы мен ақылы керек. Меніңше, әйел баланы жалғыз тәрбиелеуден шаршамайды. Еркектің күші, қолдауы, демеуі жетіспегендіктен шаршайды.

Балаларының материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету әкенің міндеті. Ажырасқаннан бері материалдық тұрғыдан қиындық көрдім деп айта алмаймын. Балаларымның несібесі әкелерінің септігімен келіп жатыр. Арнайы алимент төлемейді. Бірақ, күнделікті ішіп-жейтін асымыз, басқа қажеттіліктерімізді, балалардың шығындарын сол кісі толықтай көтереді. Одан бөлек өзім жұмыс жасаймын. Өзімнің керегімді өз табысымнан аламын.

Барлық жалғызбасты әйелдерде депрессия болады. Одан шығу үшін бір минутта бос уақыт қалдырмауға тырыстым. Журналистика саласында қызмет етемін. Одан бөлек өзімді дамытып: би, аэробике, спорт залға да барамын, психологиялық тренингтерге қатысып, психологиялық бағыттағы кітаптар оқимын. Себебі менің балаларыма дені сау, сауатты әрі жан-жақты ана керектігін жақсы білемін, түсінемін. Қазір менде күйзеліс жоқ деп 90% айта аламын. Ал, 10% депрессия кез-келген жалғызбасты әйелде болады деп ойлаймын. Себебі, жалғыздық кейде жабырқауға әкеледі. Ал, жабырқау мен мұң депрессияның алғашқы сатылары ғой.

Бірақ, менде депрессия деп ішімдікке салынып, өмірден түңіліп кеткенім жоқ. Көңілім құлазыса балапандарыма қараймын. Олар менің мотивациям ғой. Мен үшін өмірдің мәні мен қызығы сол үш баламның амандығында деп білемін. Менің қазір сынуыма болмайды. Себебі, мен сынсам ұлдарыма ешкім махаббат пен бақытты сыйлай алмайды.

#бала тәрбиесі #ажырасу #балаға обал #жалғызбасты аналар #аналар

Загрузка...