Сүймейтін жігітке қинап күйеуге берді. Өзімді тірі өлік сезінемін.

#Семья

Отбасы – махаббат пен сыйластықтан тұрады. Алайда, кейбір жандар үшін отбасы – таныстық пен байлықтан тұратындай. Себебі, кей ата-аналар балаларының бақытын жағамыз деп қалай болашағына балта шапқандарын да білмей қалады. Сондай ата-ананың шешімінің кесірінен махаббатсыз тұрмысқа шығып, күйзеліске ұшыраған кейіпкердің тағдыры мен ішкі жан сырын ұсынып отырмыз.

Сүймейтін жігітке қинап күйеуге берді. Өзімді тірі өлік сезінемін.

Клара, 25 жаста: 

Өзім Оңтүстік Қазақстанның тумасымын. Біздің жақта жасың 20-дан асса, «кәрі қыз» атайды. Жұрттың сөзіне өзім мән бермесем де, анам уайымдайтын. Ауылға барған сайын тұрмысқа шыққан сыныптастарымды айтып, «қыз мұраты – кету» екендігін есіме салатын.

Менің Алматыда жігітім бар еді. Оны көпшілік туыстарым да, ата-аналарым да білді. Себебі, ол жігіт мені белгілеп, инстаграмға салып, өзінің махаббаты туралы жазып отыратын. Менің де парақшамда ол жігітпен түскен суреттерім болды.

Ауылға қыдырып барған кезде әкемнің досы өзінің отбасымен бірге қонаққа келді. Менімен қатарлас, жақсы қызметте істейтін ұлы бар екен. Түрі сымбатты, бойы ұзын жігіт. Басқа ешқандай ойым да, үрей-қорқынышым да болмады. Кешкілік құрбыларыммен қыдырып кеттім. Келсем қонақтар тарқасып кетіпті. Үйде бәрі өзара күбірлесіп, мәз болып жүр. Мен аса мән бермедім.

Екі күннен соң Алматыға қайта келдім. Сүйікті жігітім тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасады. Мен «иә» деп жауап бердім. Шымкентке барып ата-анамнан рұқсат алу үшін уақыт керек болды. Менің сабағым, ол кісінің жұмыс кестесі келмеді. Бастысы өзара екеуміз жазда той болады деп шешіп қойдық. Тіпті, мейрамхана іздеп, көйлектерді таңдай бастадық.

Әлі есімде, Наурыз мерекесінің қарсаңында үйге бардым. Ал, сүйікті жігітім дәл 22-наурыз күні ата-анаммен танысуға келетін болды. Бірақ, үйге барсам, атмосфера мүлдем басқаша. Маған құда түсіп кетіпті. Сол баяғы досы мен әлгі сымбатты жігіт. Тіпті, той күнін белгілеп қойыпты. Сәуірдің басында маған сырға салып алып кетеді, сәуірдің соңында той болады. Мұны естіген кезде төбемнен суық су құйғандай болды. Сүйікті жігітіме жылап телефон соғып, бәрін түсіндірдім. Ол Алматыға келген соң алып қашамын деді.  

Менің әке-шешем, туыстарым да ақымақ емес қой. Сәуірге дейін Алматыға баруға тыйым салды. Жігітім бір күні кеште Шымкентке достарымен келіп, маған телефон соғып, бәрі ұйықтаған кезде алып қашатынын айтты. Келісім бойынша ештеңе алмауым керек болды. Үй киімімді киіп, бірлік саламын деп үйдің жанындағы дүкенге шығып кеттім. Сол кезде көлігімен дайын тұрған жігітіммен Алматыға кеттім. Бастапқыда іштей қорқыныш болды. Ата-анамды аядым. Бірақ, мен үшін ерлікке барған ғашығыммен соңына дейін бірге боламын деп бел будым.

Ертесіне қуғыншылар келді. Іштей көнеді деп ойлаған едім. Олай болмады. Қуғыншылардың арасында туған ағам мен жеңгем, туысқан ағамыз бен әпкеміз болды. Ешқандай келісімге қарамастан, тілге келместен мені сүйреп кері алып кетті. Ағам бәрінің көзінше мені тепкілеп, ұрғанын әлі де ұмыта алмаймын.

Үйге әкелген соң, екі күннен кейін әкемнің досы мен туыстары келіп, сырғасын салып, ұзатып әкетті. Одан кейінгі өмірді мен ешқандай да дұшпаныма тілемеймін.

Әйелінің өзгеге ғашық екенін білу кез-келген еркекке де оңай емес. Бірақ, менің жолдасым Азамат ешқандай эмоциясын көрсетпеді. Алғашқы үш күн жақындаспадық. Өйткені, менің етеккірім келген кезі болатын. Ол кезде қолымда ұялы телефоным жоқ. Үйде ешкім болмаған кезде сүйікті жігітіме звандап қайта алып қашуын өтіндім.

Түскен үйімнің жағдайы өте керемет. Бай - ауқатты отбасы. Әкесі Тараз қаласында үлкен қызметкер. Жолдасымның да қызметі жоғары. Одан бөлек бизнестері бар. Тамақ жаса, үй жина деген проблема жоқ. Себебі, үйде көмекші екі қыз бар. Бірақ, бұл байлық махаббаттың қасында түк те емес. Сүйгеніңмен бірге қара нан жеп, су ішкенге не жетсін?! Сондықтан, бұл байлықтан бас тартып, қайтадан қашып кетуге бел будым.

Жігітім де кетәрі болмады. Тағы да алып қашты. Бұл жолы үстімдегі халатыммен дәретханаға шыққан бойы дарбазадан секіріп қаштым. Десе де, жоғары да айттым ғой барған жерімнің қолдары ұзын. Жарты жолдан қайтарып алды.

Қайта келген соң маған деген көзқарас мүлдем өзгерді. Бастапқыда сыпайы болған күйеуімнің де қабағы бұзылып, дауысы қаталданған. Абысындарым бетіме баспаса да, асханада өзара күбірлесіп жүреді. Мені көрген енемнің де реакциясы тұрпайы болды. Зікіп, бұйырып сөйлейді. Көңіліне жақпаса «көргенсіз, тәрбиесіз, сорлы» деп қарғап-сілейді. Қайын атам әкемнің жақын досы болғандықтан шығар, әйтеуір ешқандай өзгеріс байқатпады. Тіпті, дастархан басында: «Әке-шешеңді жақсы танимын. Жақсы әрі текті адамдар. Сен де сондай қыз екеніңе сенімдімін. Тек жастықтың буымен қателік жасап отырсың. Әке-шешеңнің жағдайын, абыройын ойласаң  ақымақтықты доғар. Ортамыздағы сыйластығымызды бұзбайық», - деді. Іштей қателігімді түсініп, амалсыздан көне бастадым.

Сіз сұрап отырған, төсек ләззатын күні бүгінге дейін сезінген емеспін. Үш жылдан астам уақыт бірге тұрамыз. Теледидардан көрген төсектің рахатты мен үшін өтірік сияқты көрінеді. Бірінші түннің өзі маған қатты ауыр болды. Күйеуім де алдыңғы әрекеттерімді кешіре алмай, әдейі қинағандай көрінді. Мүмкін, көңіліме жақпай тұрғасын солай көрінген шығар, білмеймін!

Қазір кішкентай Ерасыл есімді батырымыз бар. Барлық махаббатымды сол балама арнап жүрмін. Менің өмірімнің мәні. Кейде сөмкемді жинап, қолды бір сілтеп, ажырасып кеткім келеді. Бірақ, ұлымды аяймын. Мені кез-келген еркек сүйе алатын шығар. Алайда, Ерасылды әкесіндей ешкім жақсы көре алмайды. Ешкім балапаныма қамқор бола алмайды. Мен еркектерге керек болсам да, балам өзге еркекке қажет болмайды. Мұны жақсы білемін. Түсінемін. Сондықтан, ажырасу туралы ойламауға тырысамын.

Ұлым дүниеге келмес бұрын өзіме бір рет қол жұмсаған едім. Оған басты себеп – күйеуім. Көлігінен мүшеқап тауып алдым. Қаншалықты сүймесем де, менің заңды күйеуім ғой. Қызғандым ба, әлде опасыздықты мойындаса, сылтау етіп ажырасқым келді ме, білмеймін, әйтеуір тергей бастадым. Күйеуім көп сұрақтарымның бірін де елеген жоқ. «Білмеймін, достарымның қалтасынан түсіп қалған шығар. Егер басқа біреуім болса, абыройымды төгіп, аттаған босағасынан қашқан қызды қайта алмас едім», - деді. Осыдан кейін үндей алмадым. Іштей ызаға булығып, сарайға барып асылып өлмек болдым. Енем көріп қалып, шешіп алды.

Арамызда бұдан өзге аса үлкен дау-жанжал туындаған емес. Себебі, күйеуім екеуміз әлі ашылып сөйлескен емеспіз. Әйтеуір, амалсыздан бірге ұйықтаймыз. Бірге боламыз. Бірге тұрамыз. Бірге баратын жерге барамыз. Шыны керек, күйеуім үшін мен құр бейне сияқтымын. Тірі өлік деген теңеу маған арналғандай. Кейде менің сұрақтарыма тіпті, жауап бермейді. Назар да салмайды.

Оның ішінде не бар екенін мен білмеймін! Бірақ, мен әр түн сайын бұрынғы ғашығымды аңсаймын. Сағынамын. Өзім өзгені іздегендіктен оның да ішінде сондай  біреуге деген ғашықтық сезім бар шығар деп ойлаймын. Сұраған емеспін.

Осыдан үш күн бұрын үлкен ойын-сауық орталығында бұрынғы махаббатымды көріп қалдым. Анд-санда инстаграмына кіріп, қарап қоямын. Сол кезде бір қызбен үйленгенін байқадым. Ойын-сауық орталығында әуелі келіншегін көріп қалдым. Кейін алыстан бұрынғы жігітімді байқадым. Сол баяғы сымбатты қалпында. Әйелімен қол ұстасып жүргенін көрген кезде ішімде алай-дүлей сезім болды. Сол бақытты әйелдің орнында өзімнің бола алмағаныма өкіндім.

Төркінге барғанда анама бір рет мұңымды шағып ағылда-тегіл жылаған едім. Сол кезде ана ғой, шыдай алмай, бетіп шымшып еңіреп, кешірім сұраған. Менің бақытты болып, жағдайы жақсы отбасында тұрсын деп бәріне тәуекел етіпті. Сол кезде қайынатамның өзінің қызметін пайдаланып, әкемнің қызмет шенін өсіргенін білдім. Қалың малым да, өзге кәделерім де өте қымбат әрі бағалы болыпты. Қазір астымда көлігім, қолымда қымбат ұялы телефоным бар. Бірақ, өмірде бәрі ақшамен, байлықпен бағаланбайды ғой. Кейде шынайы махаббатты іздеймін.

Барған жерімде бір жеңгеммен (қайынағамның әйелімен) сырлас болып кеттім. Ол кісіні де ата-анасы таныстырып, ұзатқан екен. Алғашқы жылдары махаббатты сезінбеген. Бірақ, міне, 10 жылдан астам уақыт бір шаңырақтың астында тұрып жатыр. Махаббат бес жылдан кейін сыйластық пен бауыр басу қалпында келді дейді. Қайынағам екеуіне қарап шынымен риза боламын. Сол жеңгем: «Күйеуің сені сүйеді. Сүймесе осыншама абыройын төгіп, басын жерге дейін еңкейтпес еді. Тек шынайы махаббатын көрсетейін десе, сенен сондай жауап ала алмаймын деп қорқақтайды. Сондықтан, өзің бірінші жібектей жұмсақ бол. Еркеле. Еркелет. Сол кезде араларыңыз жақындайды. Сәл шыдасаң сен де бақытты боласың», - дейді. Сол бақытты өзім де асығып күтіп жүрмін.

Бірақ, осы оқиғаны оқыған әр ата-ана болашақта қыздары мен ұлдарының бақытты үшін деп қинап үйлендірмесе екен деймін. Себебі, менің ел алдындағы өмірі – рахат болса да, жатын бөлмедегі өмірім мен ішкі жан дүнием – алай-дүлей соғыс. Барлық қыз-келіншектерге адалдық, сабырлық, ең бастысы махаббат пен сыйластық тілеймін.

#махаббат #ақша #отбасы #бақыт #қинап күйеуге берді #алып қашу #күйеуімді сүймеймін #ата - анамның шешімі

Загрузка...