Неке түрлері:
азаматтық, заңды, шариғи

Автор: Жанар Мырзабаева
593 0 Семья
Махаббатпен отбасын құру – нағыз бақыт. Алайда, бәріне арман болған махаббат небәрі бес жыл өмір сүреді екен. Бұл – ғалымдардың жорамалы. Comode бүгін сезім туралы емес, отбасын құру және неке туралы сөз қозғайды.

Азаматтық неке – азғындаушылық

Ар мен ұятты, тәлім мен тәрбиені бірінші орынға қоятын қазақ үшін азаматтық неке мүлдем жат. Дін мен ділге берк ұлтымызға некесіз өмір сүру былай тұрсын, некесіз төсек қатынасы арсыздық болып саналған. Бірақ, бұл сол өткеннің еншісінде қалып, аңызға айналған.

1970 жылы азаматтық неке Норвегия елінің 40% отбасын құраған екен. Ал,бүгінде күллі Еуропа елдері үшін қалыпты жағдай. Өзгені қойыңызшы, өз елімізде де сәнді. Соңғы есепке назар салсақ, Қазақстан азаматтық неке бойынша әлемдегі алғашқы отыздыққа іліккен. Өкінішті.

Азаматтық неке- қыз бен жігіттің ерікті түрде ата-ана, тума-туысқа еш хабар берместен бірге тұруы. Кейбіреулер оны «еркін махббат» немесе «іш жүзіндегі неке» деп те атайды. Көптеген жастар бір-біріне қаншалықты сай келетінін білу және сынау мақсатында айлар немесе жылдар бойы бірге тұрады.

  1. Азаматтық неке заңдастырылмайды. Бұл - «ашыналық», «көңілдестік» қадам. Және азаматтық некеден заңды некеге дейін қолұстасып жеткен жастар өте аз.
  2. Мұндай қадамға жауапкершіліктен қорқатын жастар барады. Отбасында еркектің міндеті - адал табыспен жары мен бала-шағасын бағу, ал әйелдің еншісіне ұл-қыздың тәрбиесі мен үй шаруашылығы кіреді. Ал, азаматтық неке кезінде мұндай міндеттер еш еленбей қалады. Себебі еркек пен әйел бір шаңырақтың астында бір-бірін сынап, тексеріп, тергеп өмір сүреді.
  3. Азаматтық некеден туған бала әкенің баласы емес. Ол – жүргіш әйелдің баласы. Әйелге жалғызбасты ана деген сөзден бөлек, ойнас, жеңіл жүрісті деген сөздер жалғанады.
  4. Сынаққа сылтау табылса, екі адам екі бөлек кетуге бейім болады. Себебі, олардың басты мақсаты бір жастықта қартаю емес, сынап-байқап көру болатын.  

Салтанат Байділдәқызы, 30 жаста:

Мен студент кезімде бір жігітке ессіз ғашық болдым. Ол азаматта кетәрі емес еді. Біраз сөйлесіп, жақсы тіл табысып, арамыз үлкен махаббатқа ұласты. Мен де, Арман да пәтер тұрадық. Сол кезде Арман бірге тұруға ұсыныс жасады. Пәтерақыны төлей алмай қиналып жүргендіктен, көп ойланбай келістім. Одан бөлек күнде қасымда болады, ұзамай үйленеміз деген қиялым болды. Бірақ, бәрі мен ойлағандай болмады. Бес жылдай бірге тұрдық. Бұл туралы анама үш жылдан соң айттым. Ал, әкемнің мінезі қатал. Сондықтан, тіс жармадық. Ал, бес жылдан соң арамызда келіспеушілік, түсінбеушілік жиі орын ала бастады. Көп ұрыса бастадық.

Бұл аралықта мен екі рет жүкті болып, баламды түсіріп алған едім. Бір үлкен ұрыста осы оқиға туралы сөз қозғап: «сен бала көтере алмайсың. Мен сенімен бірге тұрмаймын» деп есікті тарс жауып кетті. Содан қайтып келмеді. Бүгінде өзінің отбасы бар. Мен де тұрмысқа шықтым. Оңтүстіктің жігіті. «Қыз болмадың» деп жиі бетіме басып, жанжал шығарады. Амалсыздан шыдап жүрмін. Себебі, ішімде 7 айлық бөпем бар. Ұлымның әкесіз өскенін қаламаймын.

Марал Ерғазы, 24 жаста:

Азаматтық некеге ешкім де әдейі бармайды. Олар сезімге мас болып ештеңе көрмейді, естімейді. Мен де азаматтық некеге махаббатқа малынып жүргенде келістім. Бір жыл бірге тұрдық. Бәрі керемет болды. Күнде гүл, шоколад, тосын сыйлар. Бірақ, мен бәрінің тез болғанын қаладым. Әсіресе, ақ көйлек киіп, әдемі қалыңдық болуды армандадым. Жігітім бұл туралы сөз қозғасам қашқақтап кететін.

Сондықтан, өзім шешім қабылдап, мүлдем сақтанбайтын болдым. Болашақ сәби арамызды одан әрмен жақындастырып, тойдың күнін белгілеуге себеп болады деп ойладым. Алайда, қателесіппін. Жүкті екенімді білген кезде жасанды түсік жасатуды талап етіп, ақшасын төлеп, өзі зым-зия жоқ болып кетті. Бүгінде кішкентай Алдияр есімді ұлым бар. Бала-бақшаға барады. Жиі әкесі туралы сұрап қояды. Ал, оны әкесінің көргісі жоқ. Тіпті, хабарлассам тұтқасын да алмайды.

Айжан Жұмабаева, 28 жаста:

Мен жолдасыммен екі жыл кездесіп, екі жыл азаматтық некеде тұрдым. Қыз бен жігіт болып жүру бөлек. Ал, бірге тұрып, қиындықты жеңу өз алдына өзгеше. Бұл кезде көп ер азаматтар сынып кетеді. Сондай азаматтардың біріне тұрмысқа шығудан қорықтым. Алдын ала тексеріп, сынаған артық етпес деп шештім. «Ойбай» деп шошудың қажеті жоқ. Қаншама жастар бір-бірін танымай үйленіп, екі аптадан соң ажырасып жатыр.

Олардың қателігін қайталамау үшін осы қадамға бардым. Бәрі керемет болды. Азаматтық некеде екі жыл тұрған соң дүркіретіп той жасап, отбасын құрдық. Бақыттымыз. Енді сәбиімізді күтіп жүрміз.

Заңды неке – жан тыныштығы

Заңды деген сөзді біздің қазекеңдер жақсы түсінеді. Көзі ашық, көкірегі ояу жандар толықтай заңның шеңберінде өмір сүруге тырысады.

Некені заңдастыру – көпшіліктің назарында өтіп, құжат түрінде рәсімделеді.

Аталмыш құжаттан кейінгі мүлік, бизнес, т.б. бәрі екі адамға теңдей ортақ.  Балаға деген жауапкершілік те ерлі-зайыптыларға ортақ.

«Неке және отбасы туралы» Кодекстің 13 бабына сай неке қию орталығына өтініш берген күннен бастап, бір ай, бір күн өткен соң жүргізіледі. Мұның себебі, некелесуші адамдар бір-бірін танып-білуі, тағы басқа жағдайларға орай оларға осындай уақыт белгіленген. Сондай-ақ, некеге тұрушылар алдын ала келіп, бәрінің дұрыс әрі сәтті екендігі туралы мәлімдеме жасауы керек. Егер, келмеген жағдайда неке тіркелмейді. Мысалы, 100 адам некеге тұруға келісім беріп, тіркеуге ілінсе, оның 60-сы тіркелмей қалатын кездер болады. Қазір некеге тұру туралы өтініш берудің жаңа электрондық қызметі жүзеге асырыла бастады.

Қазақстанда АХАт бөліміне тіркелген неке ғана заңды болып табылады.

Гүлназ Бақтиярова, 41 жаста:

Мен әуелі азаматтық некеде болдым. Сол кездегі азаматтымды ойласам әлі күнге дейін жағамды ұстаймын. Себебі, ешқандай жауапкершілікті сезінбейтін. Арамыз үзілген соң бір айдан кейін басқа жігітпен сөйлесіп бастадым. Қазір ол жігіт – күйеуім. Танысып, араласып бастаған сәттен-ақ ақжарқын, пысықтығымен көпшілікті баурап алды. Ал, тойдан кейін мүлдем өзгерді. Отбасына, әйеліне, бала-шағасына деген жауапкершілігі зор. Сондықтан, азаматтық некені ұмытып, заңды некеге бет бұру керек. Жан тыныштығы – заңды некеде.

Шариғи неке – бақыттың бастауы

Дінімізде еркек пен әйелдің оңаша қалуының өзі күнә. Жастар кездескен кезде жанында аға, әке секілді ет-бауыр жақындары болуы керек. Осылай басталған таныстық көп ұзамай некеге ұласады.

Некенің берекесі зор. Себебі, жер мен көкті жаратқан Алла үшін береке мен несібені шашу түк те емес. Сондықтан, көптеген мұсылмандар тәуекел жасап,алға қадам басады.

Шариғи некенің де өз шарттары мен талаптары бар.

  1. Шариғи некенің басты талабы – жастардың өз еркімен болуы керек.
  2. Қыздың туған әкесі немесе ағасы, одан бөлек жігіттің де бауырлары немесе ата-анасы куәгерлік етуі керек;
  3. Толық дәрет алған имам жиналғандарға қысқаша уағыз пен насихат айтып, неке қию рәсіміне кіріседі
  4. Әуелі жастардың тілін кәлимаға келдіріп, сауапқа кенеледі;
  5. Одан соң екі жастан «өз еркімен неке қиюға дайындық туралы сөз қозғайды;
  6. Шариғи некеде мәхр деген бар. Ол – неке кезінде әйелдің ерінен сұрайтын сыйлығы. Оның көлемі бүгінгі баға бойынша 55-60мың теңгенің көлемінде болады екен. Егер ері ол сыйлықты сатып әпере алмайтын болып, неке қиылмайды;
  7. Кейін арнайы неке дұғасын оқып, жастардың некесін қияды;
  8. Мешіттен алған құжат заңды болып саналмайды;

Бақытгүл Шарапатқызы, 23 жаста:

Әрине, Алла алдында неке қиған дұрыс. Алайда, бұл неке заңдастырылмаған. Мешіттің рұқсат қағазына қол жеткізсек де, іске жарамсыз. Біз әуелі ұзату той, үйлену той, құдалық жасадық. Тек содан кейін ғана неке қидық. Бәрі керемет. Неке сыйлығына көлік сұрадым. Алып берді. Алайда, өзім сұраған марканың түріне қаржымыз жетпеді. Бұған да шүкір деймін

Гүлбаршын Нығметтолла, 20 жаста:

Небәрі 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Әуелі неке қидық, ал заңды некені кейінге шегіндірумен жарты жылдай уақыт өтті. Ол кезде жүкті болдым. Дүкенге барып, сыныптас ұл баланы көріп, сөйлессіп қалдым. Мұны сырттай бақылаған жолдасым қызғаныштан аямай ұрды. Кейін ажырасып кеттік. Қазір кішкентайым бар. Әкесі мүлдем қарамайды. Көмектеспейді. Тіпті, қаржылай да ұлына қолдау жасамайды. Маған заң түрінде ешқандай мүмкіндік жоқ. Себебі, біздер заңды некеге тіркелмедік. Ал, қазір күйеуім баласын мойындамайды. Сондықтан, басым тауға да, тасқа да соғылып жүрген адаммын. Әуелі заңды неке, содан соң мешітте неке қиған абзал екен.

Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий