Келіндер пікірі: Мені енем не үшін жақсы көруі керек?

#Семья

Бүгінгі таңда ене мен келіннің арасындағы кикілжің шындықты әзілмен көрсететін сатира театрының басты тақырыбына айналған. Алайда, біздің қоғам бір шындықты ұмытқандай. Қазақ халқының тарихында ене мен келіннің арасында «проблема» болмаған. Өйткені, қазақ келіні қарсы сөйлеу былай тұрсын, үлкеннің көзіне тіке қарамаған. Үлкенге құрмет танытқан келінге ақжаулықты енелер де ізет көрсете білген.

Жақсы келін болуды ешқандай университет үйретпейді. Ол тек жақсы ененің мектебімен қалыптасады. Тойда жиі айтылатын тілек - «келіндей емес, қызымдай көремін». Бірақ, ол мүмкін емес. Ақбосаға аттамаған қыз әрдайым оң жақта, төрде отырады. Ал, келіннің орны мен міндетін айшықтап айту қажет болмас. Біз ене мен келіннің бірін жақтап, екіншісін даттауды көздемедік. Тек, «енем мені не үшін жақсы көру керек?» деген сұраққа қазақ келіндерінің арасынан жауап іздедік.

1. Енем мені не үшін жақсы көру керек?

2. Арада кикілжің бола ма? Сынды қалай қабылдайсыз?

Гүлназ, 25 жас

1. Мені енем жұмысқа икемділігім мен ақша таба білетін қабылетім үшін жақсы көру керек. Маған дейін әулеттеріне төрт келін түсті. Ешқайсысы жұмыс жасамайды. Еркектері тапқан ақшаны құртып әлек. Ал, мен күйеуіме көмек болсын деп жұмыс жасаймын. Қосымша ақша табамын.

2. Арамызда кикілжің болмады. Сын көтере аламын. Көбінесе, тазалыққа қатысты айтады. Негізі тазамын. Бірақ, кейде бала, жұмыс, күйеу бәрін қатарласқан кезде үлгермей қалатыным бар.

Әлия, 22 жас

1. Жай ғана ұлына жақсы әйел болғаным үшін жақсы көру керек. Баласының күнде тамағы тоқ, киімі таза, жағдайы жасалған. Күйеуімнің қас-қабағына қарап отырамын. Бұдан артық қандай себеп керек?

2. Әрине, болады. Ол кісі менен баласын қызғанады. Сондықтан, болмайтын ұсақ-түйектің бәріне тиіседі. Үндемеуге тырысамын. Бірақ, кейде сөз қайтарып, «орнына қоюға» тура келеді.

Бақыт, 36 жаста

1. Ата-енеммен бірге тұрамын. Менен өзге екі келіні бірге тұра алмай,бөлек кетті. Енемнен де, қайынсіңілі, қайынәпкелерімнен де талай мәрте ауыр сөздер естігенмін. Таңғы алтыда тұрып, аула сыпырып, нан пісіріп, от та жақтым. Сол қиындықтардың ешбірінде енеме қарсы келген емеспін. Осы мінезім үшін жақсы көру керек деп ойлаймын.

2. Кикілжің әрине, болады. Бірақ, мен сөз қайтармаймын. Тек жылап қоямын.

Нұрай, 26 жаста

1. Мен ең пысық келінмін. Шымкенттің қызы болғандықтан, анам кішкентайымнан тазалыққа, асүйде дәмді тағамдар пісіруге үйретті. Мысалы, менің палауымды кез-келген қонақ мақтап кетеді. Осы себептің өзі мені жақсы көруге жеткілікті деп ойлаймын.

2. Әрине, үлкен кісі болғандықтан сын айтады. Дұрыс санасам қабылдаймын. Қате деп ойласам қабылдамаймын.

Әлия, 27 жаста

1. Мен енемнің жалғыз келінімін. Қанша жерден ұнатпаса да, менен басқа келіні жоқ. Ата-ана ұлдың қолында тұратынын ескерсек, ол кісілермен әлі көп уақыт бірге тұрамыз. Демек, енем менің қолымда қартаяды деген сөз. Қарттық келген шағында арамызда жылулық әрі мейірімділік болу үшін, жалпақ тілмен айтқанда мен енеме кейін дұрыс қарау үшін, ол кісі қазір маған оң көзбен қарап, жақсы көруі тиіс.

2. Әрине, кикілжіңдер болады. Жалғыз ұлын қызғанып түрлі қулықтарға барады. Бір байқағаным, кикілжіңдерді бастайтын – өзі. Сын көтеремін дегенім өтірік болар. Мен өзімнен бірнеше саты жоғары тұратын адамдардың сынын жақсы қабылдаймын. Ал, менің енем үй шаруасындағы әйел. Ауыз толтырып айтарлық өмірбаяны да жоқ.әңгімесі қазан шоақтан аспайды. Сондықтан, сынын мүлдем қабылдамаймын.

Гүлжан, 20 жаста

1. Мені енем неге жақсы көрмеске? Әрине, жақсы көреді. Себебі, мен ол кісіні жақсы көремін. Ене ол –Ана. Сүйіспеншілік, мейірім бар жерде иман да бар. Ол кісіге деген жақсы қарым-қатынаста болғаным үшін мені жақсы көру керек.

2. Кикілжің болған емес. болдырмауға тырысамыз. Сынды толық қабылдап, нәтиже шығаруға тырысамын.

Анаргүл, 34 жаста

1. Әр әйел заты (жаңа түскен келін, болашақ жар, келін) енесінің ойынан шыққысы келеді. Сол үшін енесі жақсы көріп қабылдаса екен деп жанталасып, алып-ұшып өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Менің өз ойым әр ене өз келінін қызындай қабылдап, жақсы көруі керек. Біз келіндер барған әулеттің ұрпағын көбейтуге, ошағын тұтатуға, береке әкелуге бардық. Негізі бұл-ең үлкен байлық. Сол үшін әр отбасы келінді жақсы қабылдау керек.

2. Кикілжің болмады. Болмай-ақ қойсын деп тілеймін.

Жансая, 38 жаста

1. Үйленгенімізге 3 жыл болған кезде күйеуімнің көңілдесі бар екенін білдім. Қатты ауыр соқты. Ол кезде үлкен ұлым 1,5 жаста, ал екінші бөпеме жүкті болатынмын. Бұл оқиғаны ата-анама емес, тек ата-енеме айтып, кеңес сұрадым. Отбасымды сақтап қалуға, күйеуімді кері қайтаруға тырыстым. Және, міне, биыл ол оқиғаның өтіп кеткеніне 12 жылдай уақыт болды. Қанша өкпелесем де, жабулы қазанды қайта ашқан емеспін. Сондықтан, енем мені ұлының абыройын төкпегенім үшін, отбасын сақтап қалғаным үшін, ең бастысы, ұлының сатқындығын кешіргенім үшін шексіз жақсы көру керек деп ойлаймын.

2. 18 жыл бір шаңырақтың астында тұрып, ұрыс-керіс болмады десем өтірік болады. Әрине, болған. Күйеуімнің опасыздығын білген кезде мен де өзімнің мінезімді көрсетіп, кейде ата-енемнің сынына ауыр жауап қайтаратын едім. Қазір сол балалығым үшін ұяламын. Әлі де бірге тұрамыз. Қазір енемнің айтпағын көзінен, атамның сөзін алғашқы әріптерінен түсінемін. Олар да менің қас-қабағыма қарап, көңіл –күйімді түсінеді. Расында, келін жаңа әулетке, оның заңдарына тек 5 жылдан соң үйренеді. Одан кейін өзара ыммен түсінетін болады. Ешқандай айқай-шу болмайды. Ең бастысы, сол бес жылдың ішінде келін «маскасын» шешіп, жек көрінішті болып кетпесе болғаны.

#келін #ене #ене мен келін #мені енем не үшін жақсы көреді #жақсы келін #қатал ене

Загрузка...