Бақытыма анам кедергі

Автор: aisha007
1665 6 Семья
Бөлмеде жата бермей, дәрігердің «көбірек жүр, көңіліңді көтер. Бәрі жақсы болады» деген сөзінен кейін ойымды сергітейін деген ниетпен аурухана дәлізін жағалап жүрмін...

 Мені ерте есейткен өмірге налымын. Үйдің тұңғышы ретінде жастайымнан отбасы жауапкершілігін мойныма алғандай болдым. Үйдегі апам, анам, бауырларымды жеткізсем дедім. Сол кезден-ақ кішкентай жүрегіммен тағдыр ауыртпалығын сезініп өстім. Бала болып, көбелек қумай, балалықтың бал дәмін көрмей тез-ақ бой жеттім... Қазақтың батыр қызымен ырымдап қойылған Мәншүк атты есімім маған күш беретіндей өмір сүруге. «Мен де батыр қызбын, бәрін де жеңемін...» деп өз-өзімді қайрап қоямын. Кімге кінә артарымды да білмеймін. Небәрі ширек ғасыр өмірім сүрсем де, қиналып, жылаған сәттерім көп болды. Дәліздің терезесінен өткен өмірімнің кадрлары бейне көріністей өтіп жатқандай....

Анам маған үнемі «мына бауырларыңды оқыт, ал сен менің қасымда жүре бер» деп үнемі айтып отыратын. Анам болған соң, қарсы шықпай артымнан ерген інілерімді жеткізуді басты мақсат еттім. Бірақ, мектеп бітіріп, қасымдағы сыныптастарым қалаға оқуға кетіп жатқанын көріп, менің де әр қыздың армандайтынындай беделді оқу орындарының студенті болғым  келді. Белгілі бір мамандық иесі атануға өз бетімше шешім қабылдадым. Алайда, бұл анама ұнамады. Үзілді-кесілді қарсы боп, айтқанынан  қайтпады. Ұнатпағаны сонша, қалаға оқуға мені жалғыз өзімді жіберді. Бауырларымды жеткізу үшін де адамға білім керек емес пе?! Қазір дипломы жоқ адам еден де жуа алмайды. Мен анамды, анам мені түсінбеген күйінше мен оқуға кетіп қалдым. Алланың бұйырғанымен ақысыз бөлімге түстім. Шәкіртақымды айдан-айға жеткізіп, үздік оқуымның арқасында колледжді жақсы аяқтадым. Десе де, оқуды аяқтаған соң, анам ауылға мұғалім бол деп бұрынғы «әніне» салды. Әрине, түсінем, анам қызының қасында болғанын қалаған шығар...

Ал, мен сүйіктіме «мені күте тұр, отбасымның қасында біраз болайын» деп әрең көндірдім. Содан бір жылдай аурушаң апамның қасында болып, ауылда болдым. Күйбең тіршілік бітер емес, шіркін! Ел қатарлы мен де өсіп-жетілгім келді. Оқуымды жалғастырғым келді. Ауылда біліміңді жетілдіре алмайсың, сол қалыпта қалатынымды сездім. Несін жасырайын, алдымен Мирасыма деген сағыныштан арылар емеспін. Оны шет-жағасынан анам да хабардар болатын. Алайда анам «сенің жасауыңды жасайтын жағдайым жоқ, кетем десең жолың әне» деп есікті нұсқаған кездерде де түнімен жылап алатынмын.  Бірінен-бірі аумайтын күндерден жалыққан мен жаздың шіліңгір шілдесінде сүйіктіме «мені алып қаш» деп өзім айттым. Мирастың мені сүйетінін тағы да көз жеткізгендей болдым мен сол кезде. 1-2 күнде ауыл шулап, «Мәншүкті алып қашып кетіпті» деген әңгіме гу ете түсті. Анам менімен бір ай сөйлеспеді, телефон шалсам, қоңырауларыма жауап бермеді. Өзім жаңадан келін атанып, көңілім алабұртып жүрген маған анамның сырт айналғаны жүрегімді тілімдеп кескендей әсер етті. Мирасқа ақырын жылап алатынмын... Той жасауға қайын жұртымның шамасы келсе де, анамның дайын емес екенін ұят та болса айтып жеткіздім. Анам төрт ай дегенде жасауымды жинақтап бітірді. Біз де той жасадық. Барған келін құрсақ көтермесе айналаң жаман қарайтыны білесіздер. Менде тойда ішім көрініп қалмасын деген  ниет болды. Түсіністікпен қараған жаңа отбасыма шексіз ризамын қазір. Тек анамды әлі түсіне алмай әлекпін. Тыныштық берер емес. Ақшалай көмек сұрайды менен. Менде қайдан ақша болсын?! Тоғызыншы сынып бітірген інімді қалаға колледжге оқыт, үйіңе жатқыз деп те шу шығарды. Мұның ұят екенін көзі қарақты оқырман түсініп отырған шығар. Бірақ, тек анам түсінетін емес.

...Жақында анам «апаң хал үстінде» деп, мені шақыртып алды. «Мәнішім-ау, сен кеткелі мен де жиі ауыратынды шығардым. Қазір, міне, жұмысқа жарамай, жатып қалдым» деп апам жылап алды. Өзімді кінәлідей сезіндім. «Әкеңнен ерте айырылып, еркелікті білмей өстің-ау» деді де, қолымды қысып жібермей ұстап жатты. Зейнетақысынан тығып, бір бөлшегін менің қалтама салатын апам. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, апамның менің нәрестемді көрсе екен деп Алладан тіледім сол кезде. Үйдегі енемнен ұялып бара жатсам да, Мирасқа апамның жанында болайын деп түсіндірдім. Жуындыру керек, өзі отырып-тұрудан қалған соң, тосу да – үлкен шаруа болды. Апамды көтеріп, жетектеп таза ауаға шығарамын. Сол шаңырақтан шыққан соң, басқа да тіршіліктерге араласып жүріп, құрсағымдағы шаранамды ұмытып кеткенмін. Ауыр жұмыстар әсер етті ме, бір күні ішім қатты ауырып, түсік тастадым. Қатты жыладым. Мирасқа, енеме не бетімді айтамын деп. Бірақ, анама, апама да ешнәрсені сездірместен, сол күні таксимен ауырып тұрғанымды да, өміріме қауіп төніп тұрғанын білсем де, қалаға келіп, үйден жедел жәрдемді шақырдым. Ауруханада жатырымды тазалап, екі айлық шарананы алып тастады. Мен үшін одан асқан қасірет жоқ! Мейлі ол әлі екі айлық шарана, бала болып қалыптаса қоймаса да, менің құрсағымдағы кішкентай әлдиім ғой. Жүрегімнің бір бөлшегі ғой. Қыз бала болған соң, болашақты да ойлап үлгересің. Бұрын үлкендерден «біріншісі құрсақты түсік тастаса, көпке дейін көтере алмай жүреді» дегенді көп еститінмін. Алаңдататыны да сол. Анамды тыңдамай оқуға кеткенімнің кері әсері ме екен деп сумақай сұрақтар да маза берер емес. Кімді кінәлаймын?! Ішім күйіп барады. Осындай сәтте анамды іздедім, анамның жылы сөздерін аңсадым. Бірақ... Осы сәтте де менің жаныма медеу болған адамдар тек – Мирас пен енем ғана. Ендігі өміріме Алла қолдап, әкемнің аруағы жебеп жүрсе, бәрі жақсы болатынына сенімін. Өйткені, мен енді жылағым келмейді....

Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 6
AraiS

ауырып қалған кім болды, кішкене түсінбей қалдым? Анаңыз ба, әлде анаңыздың анасы ма? Өз анаңыз өмірде бар ма қазір?

aisha007

AraiS иә, апасы да өз анасы да сырқаттанып қалған. Анасы аман есен

AraiS

Жүктілікке келетін болсақ, уайымға салынбаңыз. Аллаһ Тағалла қаласа, болады әлі. Жарыңыз бен енеңіз сізден теріс айналған жоқ қой, соған шүікр деңіз. Ал анаңыз, менің ойымша, осы өмірге өкпелі. Әкеңізден айырылған соң, ол өмірге деген қызығушылығын жоғалтқан сияқты, сол себепті де бар жауапкершілікті сізге артып отыр. Өмірдің қиыншылықтарын көтеретін де, көтермейтін де адам бар. Міне, анаңыз соның екіншісіне жататын сияқты. Бауырларыңызбен сөйлесіп көріңіз, жағдайды түсіндіріп, анаңызға олар да көбірек көңіл бөліп, әрдайым қасынан табыла білсін, сонда ол ұлдарына да сенімін артатын болады деп ойлаймын. Бұл енді менің жеке ойым....

AraiS

Сіздің кейіпкеріңіз осы жазғанды оқиды ма? Өз атымнан оны колдагым келеді. Анаңызбен, бауырларыңызбен ашық түрде сөйлесіңіз. Мүмкін сонда жеңілдерсіз?

aisha007

әрине, сіздердің комментарийлеріңізді оқып отырады.

nasty_girl

Девушка вы не знаете как вам повезло с мужем и енешкой! она у вас золотая! я не говорю чтоб вы забыли про своих родственников но и думайте о себе!

Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий