Ата-әженің немерені бауырына басып, әке-шешесінен бөлектеуі дұрыс па?

Автор: Жанар Мырзабаева
409 0 Семья
Қазақтың салты бойынша тұңғыш немере ата-әженің жеке меншігі ғой. Алайда, біздің қоғамда меншіктесе де, бауырына басатын қариялар аз. Бұл пікірді 85% қолдаса да, 15% жас ата-ана "үлкендерін" үлкендердің тәрбиесіне береді екен. Бірі – амалсыздан, ал өзгесі – еш қарсылық білдірмейді. Шынайы кейіпкерлер өз оқиғасын бізге баяндап берді.

Марал Аманғали

Тұңғышын ата-енесіне берген жас ана

Алматының қызымын. Шымкенттің жігітіне ғашық болып тұрмысқа шықтым. Жас айырмашылығымыз 12 жыл. 19 жасымда алғаш ана атандым. Жолдасым ата-енемнің екі қыздан кейін көрген жалғыз ұлы. Қыздар ұзатылмаған. Сондықтан, Қамбар батыр - бұл әулет үшін алғашқы әрі тәтті немере.

Жүкті кезімде ата-енем: "Аман-есен туған соң баламызды өзімізге бересіңдер", - деп жиі айтатын. Мен оны әзіл деп қабылдадым. Бірақ,үлкендердің бұл сөзі шындық болып шықты. Тоғыз ай көтеріп, толғатып дүниеге әкелген тұңғышымызды ата-әжесі қырық күннен соң бауырына басты. Қырқынан шыққанша менің жанымда ұйықтаған тәтті балам енді ата-әжесінің қасында ұйықтайтын болды. Түнде екі рет Қамбарды енем емізуге әкеледі. Қарны тойған құлыным ұйықтаған соң қайта алып кетеді.

Мен үшін бұл өте ауыр соққы болды. Кейде түнде омырауым сүтке толып, сырқырап ауырып шығатын. Ондай кезде үлкендерді оятуға ұялып, жылап отырып сүтті сауып тастайтынмын. Баламның иісін сағынған кезде көйлегін құшақтап ұйықтадым.

Бір оқиға есіме түсіп отыр. Түнде емізуге енем әкелді де, өзі бөлмесіне кетіп қалды. Мен баламды еміреніп емізіп болған соң құшақтап ұйықтап қалыппын. Ертесіне атам да, енем де ашуланып жүр. Түскі шайдың үстінде: "Балаларыңды ұрлап кетпейміз. Бізден қызғанып құшақтап ұйықтайтындай не көрінді?! Түнімен әкелеріңнің қан қызуы көтеріліп, мен де дөңбекшіп ұйықтай алмадым", - деп енем қатты-қатты айтып, жылап қалды.

Оны көрген жолдасым бөлмеге келген соң қатаң ескерту жасады. Содан кейін баламды бауырыма құшақтап ұйықтаған емеспін. Тіпті, үлкендердің көзінше мүлдем еркелетпейміз, "балам" деп айтпаймыз. Кейде бөлмемізде оңаша қалсақ күйеуім екеуміз мауқымыз қанғанша иіскейміз. Алайда, қазір Қамбардың жасы төртте. Бізді жатырқайды. Иіскеп, сүйе қалсақ мұрны тыжырайып, қабағы түйіліп кетеді. Ата-әжесінен бір елі қалмайды. Өте ерке. Бізді мүлдем тыңдамайды. Тек ата-апасының айтқаны заң. Ұрыса қалсақ атасының бөлмесіне жүгіреді. Сосын ол кісілердің қабағында кірбің пайда болып, өкпелерін айтып, біраз ұрысады.

Қызым дүниеге келгенге дейін қатты қиналдым. Көп жыладым. Өз баласын еркелете алмайтын  бейшара ана сезіндім. Екі жылдан соң өмірге Айла есімді балапанымыз келді. Емін-еркін еркелетіп, сүйе аламыз. Бірақ, кейде үлкендер: "Бауырына баспады деп көзімізше еркелетпеңдер. Бұл да біздің қызымыз. Өздеріңе бала керек болса туып алыңдар", - деп айтып қалады. Қазір бастапқы кездегідей қызғанып, жылап, мұңға салынбайды. Себебі, ата-әжесі мен бере алмайтын тәрбиені беріп жүр. Күнде ертегісін айтады. Бар тәттісін немересіне береді. Дұрыс-бұрысты еркелетіп үйретеді.

Алтынбек Шаяхметов

27 жаста, ата-әженің баласы

Мен ата-әженің бауырында өскен баламын. Ешқашан ешкім бетіме қарсы келмеген. Әке-шешемді мүлдем мойындағым келмейтін. Тіпті, бала кезімде: "Сені біз тудық", - десе жылап ата-әжеме баратынмын. Әкемді – Ермек, шешемді – Күлтай, атамды – асқартау, әжемді – ақ апам деп атадым. Шешем үшін "батыр бала" болдым. Байқаусызда атымды айтып қойса әжем оңдырмай ұрысатын. Еркін өстім. Ойымды ашық айтып үйрендім. Күллі әулет үшін менің айтқаным заң болды. Үлкенге де, кішіге де айтқан сөзім өтетін. Егер біреу сөзімді тыңдамаса, асқартауым мен ақ апам бәрін  қуырып алатын.

22 жасыма дейін ешқандай қиындық та, уайым да болмады. 2013 жылы жазда атам, 2014 жылдың күзінде ақ апам өмірден озды. Бұл мен үшін орны тоймас қайғы болды. Өзімді жетім қалғандай сезіндім. Өмір бос әрі мағынасыз көрінді. Ешкімге керек еместей сезіндім. Біреу маған ұнамайтын пікір айтса: "Жетім болғасын осылай басынып жүрсіңдер", - деп ашуға берілетін болдым. Туған әке-шешем қанша қолдау көрсетсе де қабылдағым келмеді.

25 жасымда үйленгім келді. Іштей шешім қабылдасам да, кімге бірінші айтарымды білмедім. Қуанышты жаңалығымды бөлісетін ең жақын жандардың жанымда болмағанына қапаландым. Сол кезде қалыңдығым: "Кім сені туса, соған бірінші айт", - деп кеңес берді. Бірақ, жеңеше ретінде санаған шешеме сыр айтуға намыстандым. Жасқандым. Себебі 25 жасыма дейін мені туған әке-шешем аса жақсы көрмейді. Басқа бауырларымды артық санайды деген ойда болдым.

Қалыңдығымның кеңесімен Күлтайды тосыннан базардан кездестіргендей болдық. Қасымда Ару болатын. Осылайша екеуін таныстырып, өзім дәретханаға кеттім. Бұл аралықты екі бикеш сәтті пайдаланып, өзара тіл табысып үлгерді. Тойға деген ата-анамның дайындығы, қуанышы, бақыты бізді өзара жақындастырды. Іштегі күдік пен күмәнді жоюға көмектесті. Менің де жанашырларымның бар екенін сезінуге күш берді.

Ата-анамды"папа, мама" деп айтуға әлі үйрене алмай жүрмін. Қолымнан келгенше есімдерін атамауға, "сіз" деп құрмет көрсетуге тырысамын. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген нақыл рас екен. Дүниеге Әлисұлтан келген соң ата-анамның қадірін еселеп түсіне бастадым.

Ата-әженің баласы болудың ешқандай кемшілігі жоқ. Тек баланың психологиясына әсер етеді. Өйткені, бала кімнен туғанын, кімге қарыздар екенін білмей дәл-сал болып қалады. Әсіресе, ата-әжесі өмірден өткен кезде баланың психикасына үлкен соққы болады. Сондықтан, өзім балаларымды ата-әженің бауырына салып беруге қарсымын. Алайда, тәрбиесіне араласып, ақыл-кеңестерін айтуына еш қарсылық білдірмеймін. Керісінше, үлкендерді тыңдау керектігін жиі қайталап отырамын.

Анар Тоқтағанқызы

жүкті ана, ат-әженің тәрбиесін қолдайды

Қазір жүктіліктің сегізінші айында жүрмін. Өз басым ата-әженің тәрбиесіне қарсы емеспін. Бірақ, әке-шешесін танып, тыңдап өсуі керек деп ойлаймын. Өзім ата-енеммен бірге тұрамын. Сондықтан, "бауырына басып алады, меншіктеп алады" деген қорқыныш жоқ. Бір шаңырақтың астында тұрған соң бала да, тәрбие де, тәлім де ортақ болады деп ойлаймын.

Менің үлкен ағам ата-әженің баласы. Ағам дүниеге келген кезде ата-анам ауылда тұрған екен. Кейін қалаға көшкен кезде екі жыл Айдар ауылда ата-әженің қолында өсті. Екі жылдан соң Алматыға алып келіп, бір шаңырақта тұрдық. "Ол – қарттың баласы" деп үйдегілер жиі айтады. Ал, бұзақылық жасап немесе тыңдамаса анам да, әкем де сабасына түсіріп алатын. Менің де түскен әулетімдегі тәртіп пен тәрбие сондай болады деп ойлаймын.

Муза Алтынбекова

екі баланың анасы, ата-әженің тәрбиесіне қарсы

Мен үзілді-кесілді қарсымын. Жолдасыма бұл туралы ашық айттым. Себебі, үлкен кісілер баланы тым шектен тыс еркелетіп жібереді. Бұл бала тәрбиесінде орны толмас қателік болып саналады. Ата-әженің балалары "қой" дегенді білмейді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет дегенді түсінбейді. Әке-шешесін тыңдамайды, сөз қайтарады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Әр нәрсенің өз шегі мен орны болу керек.

Одан бөлек үлкендер қазіргі технологияны білмейді. Қарапайым бастауыш сыныптың сабақтарын түсінбейді. Ал, баланың болашағы үшін мектепте дұрыс оқу, заманауи технологиялар мен ғылымдарды меңгеру өте маңызды. Баласына әр ата-ана жақсылық тілейді. Біреу ұрысып, ал біреу ұрып болса да үйретеді. Бірақ, мұндай талапты қариялар қоя алмайды. Олар немерелерінің сөзін сөйлеп шығады. Сол себепті, әркім өз баласын өзі тәрбиелеу керек.

Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий