Қалың мал.... немесе қыз кәдесі қазір қанша?

#Семья

Қалың мал– қазақ халқының бұрыннан келе жатқан салты. Байырғыда қалың мал көлемі ірі қарамен белгіленген болса, уақыт өте бұл дәстүр қаржылай сипатқа ие болды. Күні бүгінге жеткен ежелгі дәстүрдің қазіргі ерекшеліктері қандай? Заманға сай бұл салт қалай өзгерді екен?

Қалың мал.... немесе қыз кәдесі қазір қанша?

Құда түсу рәсімі келісілген соң күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Оның мөлшері құдалардың әлеуметтік жағдайы, дәрежесі мен дәулетіне байланысты. Әдетте қалың малдың қанша болатындығы екі жақпен ортақтаса отырып, шешіледі. Бұрынғы заманда қалың малдың көлемі төрт түлік малмен есептелсе, қазірде қалың малға белгілі бір қаржылай сома беріледі.

Ол сома әртүрлі болуы мүмкін. Құдалардың келісімі мен жағдайына байланысты. Қалың мал көлемі облыстар мен аймақтарға байланысты да ерекшелінетіні де белгілі. Осы зерттеуді бастағандықтан, тұрмыс құрған құрбыларымның арасында шағын сауалнама жүргізуге тура келді. Олардың құда түсу рәсіміне қандай көлемдегі қалың мал әкелгендігі туралы да сұрауға мәжбүр болдым.... Мәселен, оңтүстік аймақта қалың мал – 200 мың теңгеден басталады екен. Ауқатты, дәулетті отбасы қыз алса, одан да көп беріп жатады.

Шымкенттен қыз алатын адамдардың құлағына алтын сырға – болашақ келініңіздің ата-анасы қыздарының жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеп жатқанын да алға тартуы мүмкін. Соған байланысты да, қалың мал ақысы да өсе түседі. Кейбір құдалар қандай бұйым, қанша қаржы алып келу керектігін де өздері алдын ала айтып жатады. Өзімнің екі құрбымның өмірінен алынған жәйтпен бөлісе кетейін. Бір Шымкенттік құрбымның ата-анасы болашақ құдасына қызымның ақысы 5 мың АҚШ доллары деп айтқан екен. Ал, басқа бір құрбымның анасы «сырға салу» рәсімінде тек қалыңдыққа ғана емес, оның анасы мен әпкелеріне де алтыннан жасалған зергерлік бұйым тақсын деген талап қойыпты. 

                      

Ал, Алматы мен Алматы облысында, солтүстік, батыс аймақтарда қалың малдың нақты құны деген шарт жоқ. Батыста «қоржын әкелу» деген де дәстүр болмаған. Соңғы кезде ғана пайда болыпты. Құдалар бір-бірінің шама-шарқына қарап, ортақ бір келісімге келеді. Кейбір ата-аналар тіпті қалың малдың керегі жоқ деп айтады екен. Ондай кезде ежелгі дәстүрден аттап кеткен болмас деп, 1 мың доллардай тапсырып жатады. Мақала жазу кезінде анықталған тағы бір жәйт – Астанада 10-15 мың доллардай қалың мал бергендер де болыпты.Той кезінде жас жұбайларға тарту етілетін пәтер мен көлікті қоспағанда.

                     

Осыны оқи отырып, кейбір оқырманда девальвацияға байланысты қалың мал да өсетін шығар деген сауал туындауы мүмкін. Біздің айтарымыз – әбден мүмкін...Дегенмен, қалың мал деген ежелгі дәстүрі бар қазақта "теңін тапса тегін бер" деген сөз бар. "Қалыңсыз қыз болсада, кәдесіз қыз болмайды" деген де сөз бар. Сондықтан да, бірінші кезекте қалың мал, алтын сырға, пәтер, қымбат көлік деген «жалған құндылықтарды» ойлағаннан, ұлыңыз немесе қызыңыздың болашағын, екі жастың махаббаты туралы ойланған жөн шығар. 

#каз #калым #казахские обычаи #қалың мал #қыз кәдесі #ақша қаншалықты маңызды #той #құдалар #қазақ дәстүрі

Загрузка...