Ота арқылы босану.
Мәжбүрлік әлде жеке таңдау ма?

Автор: Алия Машекенова
5966 0 Беременность и роды
Жеке тәжірибеммен бөлісу

Соңғы кезде операция жолымен бала туу жиілеп кетті. Кеңес үкіметі кезінде кесар тілігі арқылы босану өте сирек кездесетін. Бүгінде перзентханаға баратын әрбір үшінші әйел табиғи жолмен емес, операция арқылы босануда. Бұған менің өз көзім жетті. Осыдан алты ай бұрын Алматыдағы перзентханалардың бірінде мен де осындай операция жасатып, ана атандым.

Үлкен ұлымды осыдан тоғыз жыл бұрын табиғи жолмен туғанмын. Әйел адамның маңдайына жазылған қиын кезеңді өткеріп, бұның қаншалықты ауыр әрі қауіпті болатынына көзім жетті. Осындайда жаныңда білікті маманның болғаны аса маңызды. Бірақ, айтпағым ол емес. Бұл мақаламда, табиғи және операция арқылы босанып көрген ана, әйел ретінде болашақ аналармен өз тәжірибеммен бөліскім келеді. Операциямен туған оңай деп санайтын қыз-келіншектердің пікірін жоққа шығаруға тырысып көремін. 

Ұлы сөзде ұят жоқ. Табиғи жолмен босанудан артық ештеңе жоқ екен. 8-9 сағат бойы толғақ қысса да, шыдамдылық танытып, босанғаннан кейін, ана өз-өзіне тез келеді. Әрі кетсе, 2-3 күнде. Әрине, босану кезінде оқыс оқиғалар болып қалмаса. Одан арғысы, үйдегі жеке күтімге байланысты. Өз басым,  табиғи жолмен босанғаннан кейін, апа-әжелердің айтқанын орындап, жылы киініп, күтініп жүрдім.

Екінші және үшінші ұлдарымды медициналық себептермен операция арқылы тудым. Әрине, бастапқыда екі ойлы болып, қорыққаным да бар. Бірақ, тәжірибелі дәрігердің айтқанын тыңдаған дұрыс болар-ау деп шештім де, операцияға бел будым. Осындайда, айта кететіні, толғақтың ауыртпалығынан қорқып, ешқандай себепсіз, негізсіз өз еркімен арыз жазып, операцияға сұранған әйелдерді көріп, таң қалғаным рас. Өйткені, операция кезінде болашақ ананың өмірі қыл үстінде тұрады. Бала тудыратын акушер дәрігердің қаншалықты білікті екенін алдын-ала біліп алған дұрыс, әрі операциядан кейін, бірден тұра алмай, жан сақтау бөлімінде бірнеше сағат, тіпті бір күндей жатуға тура келеді. 

Оңалту бөліміндегі мейірбикелер туралы әңгіме бөлек. Ішінде шынымен де өз ісіне берілген, қол ұшын созуға даяр адамдар және керісінше, таңдаған жұмысына немқұрайлы қарап, дөрекі сөйлейтіндер де бар. Бұндайда, әрбір ана өз құқын біліп, қорғауы тиіс. Әсіресе, мына нәрселер есіңізде болсын:

  • дәрігер маманның кеңесі қажет болса, қысылмай шақырыңыз
  • егер өзіңізді қолайсыз сезінсеңіз, дереу хабарлаңыз.
  • оңалту бөлімдерінінің арнайы керуеттермен, медициналық құралдармен жабдықталғанын алдын ала тексеріп алыңыз.
  • егер наркоз дәрінің күші тарап, аяқ-қолыңызды сезе бастасаңыз, орныңыздан тұрып, керуетті жағалай жүріп көріңіз. Неғұрлым тезірек тұрып, қимылдай бастасаңыз, соғұрлым бойыңызды жылдам жинайсыз.  

Ана болу бақыты теңдесі жоқ керемет құбылыс. Дегенмен, операция салдары, одан кейін сауығу шараларының қаншалықты ауыр болатынын, әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Наркоз дәрісінің күші тарағаннан кейін, тіліктің орны айтып жеткізе алмайтындай ауырады. Қанша дегенмен, операция. Аяқ-қолыңды қимылдата алмай, дәрменсіз жатасың. Баланы қасыңа алып келгенмен, оған лайықты күтім көрсете алмайтын халге де келесің. Өз басым бір апта бойы ауруды басатын екпе қабылдап жүрдім. Әйтпесе, сәбиіңді көтермек түгіл, жүріп-тұруға да мүмкіндік жоқ. Егер, медициналық себептермен ота жасату арқылы босансаңыз, келесі кеңестерді ескеріңіз:

  1. Арнайы бандаж белбеуін тағып, оқыс қимылдауға болмайтынын естен шығармаңыз.
  2. Үйде ешқайда қашпайтын, бітпейтін тірлікті емес, баланы және өз денсаулығыңызды ойлаңыз.
  3. Ота жасалған жерге арнайы ем қажет екенін ұмытпаңыз.
  4. Шамамен екі айдай ауыр нәрсе көтеруге болмайды.
  5. Шәйнек қойғанда суды кесемен не ожаумен құйыңыз.
  6. Сәбиге дені сау, жүзі мен көңілі жадыраңқы ана қажет екенін естен шығармаңыз.

Мақала біржақты болып көрінуі мүмкін. Әрине, бұл менің жеке басымнан өткен оқиға, жеке пікірім. Дегенмен, әрбір әйел адам табиғи жолмен ана болу бақытына лайық. Тек ана мен бала өміріне қауіп төріп тұрғанда ғана операцияға келісім беруге болады.   

Стоит почитать

Загрузка...
Комментарии 0
Чтобы оставлять комментарии, вам нужно зарегистрироваться или войти. Написать комментарий