Ерте ана болудың ерекшеліктері

#Беременность и роды

Ана болу, әрине, үлкен бақыт. Алайда, ол бақыт 35 жаста бір бөлек болса, 16 жаста мүлдем басқаша қабылданады. Қазақтар он үште отау иесі атаған қыздар осындай бақытқа дайын ба? Ерте ана болудың қандай артықшылықтары бар? Қандай қиыншылықтары бар? Ол туралы Comode сайтына 20 жасқа дейін ана болған әйелдер баяндап берді.

Ерте ана болудың ерекшеліктері

Әдетте, ерте ана болу деп, 20 жасқа дейін жүкті болып, бала босанғанды айтады. Дәрігерлердің осылайша ерте-кеш деп бөлетіні де жайдан жай емес. Әйел адамның ағзасы әрбір жаста жүктілікті әр түрлі қабылдайды. Әр жастың өз ерекшеліктері, жағымды және жағымсыз жақтары болады. Бүгін біз жоғарыда айтып кеткен ерте ана болудың ерекшеліктерін қарастырамыз.

Ерте ана болудың жағымды жақтары:

  1. Дәрігерлердің айтуы бойынша әйел адамның ағзасы жүктілікке 17 жастан бастап дайын. Оған дейін бала көтеру ағзаға қауіпті болуы мүмкін. Ал шамамен 17 жастан бастап ағзаның гормоналды фоны бірқалыпты, жыныс мүшелері толығымен дамыған болғандықтан, жүктілік жеңіл өтеді. 
  2. Жас ананың күші көп болғандықтан, бала бағу қиынға соқпайды. Жас ағзаның шаршағаны бірнеше минут ішінде басылады. Ал 30-дан асқан аналар оларға қарағанда тез шаршап, күш жинауға көп уақыт жұмсайды.
  3. Жас ана көп нәрседен бейхабар болғандықтан себепсіз алаңдай бермейді. Оқып-тоқыған келіншектер баланың әрбір түшкірін аңдып, жүйке жүйесіне тыным бермей отырады.
  4. Мансап қуатын әйелдер, әдетте, карьера жасауды 20 жастан кейін бастайды. Ерте ана болған әйелдің баласы ол кезде 2-3 жаста болады. Яғни, ол балаға алаңдамай, жұмыстан сұрана бермейді.
  5. Ана мен баланың жас айырмашылығы неғұрлым аз болса, бала анасын соғұрлым жақын, сырласа алатын құрбысы ретінде қабылдайды.

Ерте ана болудың жағымсыз жақтары:

  1. Ерте ана болған ана жасөспірімдік өмірмен тез қоштасады. Құрбыларымен қыдыру мен серуендеуді азайтып, уақыттың барлығын балаға жұмсау керек.
  2. Тұлға ретінде толығымен қалыптаспаған жас анаға қосымша жауапкершілік жүктеледі. Жауапкершілікті мойнына алу кей жағдайда 40-тан асқан еркектердің де қолынан келмейді. Ал жас ана оны 20 жасқа дейін мойындай алу керек.
  3. Көп жағдайда 20 жасқа дейін әйелдің материалдық базасы қалыптаспаған болады. Бұл тұрғыда, бала босану қосымша қиындық туғызады. 
  4. Өмірлік тәжирибесі аз болғандықтан, жас ана баласына дұрыс күтім жасамай, дұрыс тәрбие бермеуі мүмкін.
  5. Көп жағдайда 20 жасқа дейінгі әйелдер психологиялық тұрғыдан ана болуға дайын емес.

Раушан, 27 жас (бірінші баласын 17 жасында босанды): "Әрине, мен ешқашан 17 жасымда ана боламын деп ойламадым. Өмірге деген үлкен жоспарлар бар еді. Ауылдан келіп, Алматының жоғарғы оқу орындарының біріне түстім. Көрші топтың бір жігітін бірден ұнаттым. Арамызда телехикаяларда ғана болатын махаббат жалыны лап етті! Төсектен бір шыққанымды байқамай қалдым. Бірнеше күннен кейін жүкті болып қалғанымды түсіндім. Басында сенбеген едім. Құрбыларым әршақан "ең алғаш жыныстық қатынаста жүкті болмайсың" дегенді айтатын. Оларға сенген мен ақымақпын. Оқудың озаты болып жүрген маған акедемдік жыл алуға тура келді. Ұстаздар да, достарым да сын көзбен қарады. Ата-анам....ол жағын есіме түсіргім келмеді. Баланың әкесі, әйтеуір, жақсы адам болып шықты. Әлі де мың алғыс айтамын оған! Мені тастап кеткен жоқ. Екеуіміз үйлендік. Ол оқуын жалғастырды. Мен бала босанғаннан кейін анам ауылдан келіп, көмектесті. Оқу бітіргенге дейін қатты қиналдық. Қазір оның барлығы артта. 3 баламыз бар. Күйеуіміз екеуіміз жұмыс жасап, өз баспанамызға қол жеткізсек те, сол күндерді еске алғымыз келмейді. Қыздарға айтатыным: ерте жыныстық қатынасқа түсуден аулақ болыңыздар. Төсек ляззаты кетеді, ал бала қалады. Сіздің жоспарламай бала босануыңыз басқа адамдарға әсер етпейді деп ойламаңыз. Әке-шешеңіз, туысқандарыңыз, барлығына да әсер етеді. Эгоист болудың қажеті жоқ."

Әлия, 30 жас (бірінші баласын 18 жасында босанды): "19 жасымда сүйікті жігітім бар болған. Жыныстық қатынасқа түскелі жарты жыл болғана еді. Жүктілік жоспарланбаған болды. Бірақ, мен жігітіме сенімді едім. Жүкті болғанның өзінде тастап кетпейтінін білдім. Солай болып шықты. Үйлендік. Үй болдық. Бірақ, екі жылдан кейін ажырасып кеттік. Өкінемін бе? Жоқ. Ұлым бар. Әкесімен араласпайды. Бірақ, кей кезде "жүкті болған соң үйлене салған ғой, пәк болып, қыз күйінде күйеуге тигенде ондай оқиға болмас еді" деген ой мазалайды."

Лаура, 23 жас (бірінші баласын 17 жасында босанды): "Алғаш баламды 17 жасымда таптым. Қазір оның бәрі күлкілі ғой. Ал ол кезді асылып өлемін деген ойлар болды. Көңіл жарастырып жүрген Абзал есімді жігітім болды. Менің есімімді өзгертіп, оның есімін өзгертпеңдер. Білсін, оқысын, ұялсын. "Бала жасап, тастап кетті" деп жазыңыз. Анам түсіністікпен қарап, бала бағуды өз мойнына алды. Мен оқуды тастап, жұмыс істедім. Қазір тұрмысқа шыққанмын. Жақын арада екінші баламды босанамын. Ерте ана болудың қиыншылығы көп. Ең бастысы, моральдық дайындық керек деп ойлаймын."

Еркежан, 27 жас (бірінші баланы 19 жасында босанды): "Мен ерте тұрмыс құрдым - 18 жасымда. Жүкті болғаннан күйеуге шықтым деп ойлап қалмаңыз. Болашақ жарымның әке-шешесі менің әке-шешемнің достар еді. Бір де бір-бірімізді бала кезден білетінбіз, ұнататынбыз. Бәрібір үйленетін болғандықтан, көп созбай мектеп бірітісімен үйленейік деп шештік. Той керемет өтті. Одан кейін 2 ай өтіп, мен жүкті болдым. Еш қиыншылық болған жоқ. Енем бала қарауға көмектесті. Сосын бала күтушісін жалдадық. Мен оқуға түстім. Қазір 3 баламыз бар. Шынымды айтсам, бірінен соң бірін босанып, қалай өсіп қалғандарын байқамаппын. Ерте ана болу дұрыс деп ойлаймын."

#АНА БОЛУ #жүктілік #жас ана #ерте ана болу #қызық оқиғалар #жүктілік белгілері

Загрузка...